Қыздың "жоқ" дегені - "жоқ!" Мамандар сталкингке қарсы нақты қадамдарды атады

  • 16:01, 27 қаңтар 2026
Қыздың "жоқ" дегені - "жоқ!" Мамандар сталкингке қарсы нақты қадамдарды атады сурет: ЖИ

Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі қоғамды дүр сілкіндірді. Оқиғадан соң көпшіліктің көкейінде "адамды күн сайын аңду, тоқтаусыз мазалау, "жоқ" дегенді елемеу - жай ғана "қызғаныш" па, әлде өмірге қауіп төндіретін қылмыс па?" деген сауал туды. Aqshamnews.kz тілшісі өзекті тақырып айналасындағы түрлі сұрақтарға жауап іздеп, заңгер мен психологтың сталкингтің алғашқы белгілері, қауіпсіздік жоспары және құқықтық қорғану тетіктері туралы пікірін тыңдады.

Арман Шәріпов 

заңгер, құқық қорғаушы

Сталкинг - "махаббат" емес, заңсыз қудалау фактісі

Көп адам сталкингті (аңду, соңынан қалмай мазалау) "жай ғана қызғаныш", "қатты жақсы көру, уайымдау" деп қабылдайды. Бірақ заңгер Арман Шәріповтың айтуынша, мәселенің өзегі - заңсыз қудалау. Мұнда міндетті түрде ұрып-соғу немесе күш қолдану болмауы мүмкін. Дегенмен адамның тұрақты түрде ізіне түсуі, байланысқа мәжбүрлеуі, күтпеген жерден пайда болуы, тыныштығын бұзуы - жәбірленушінің қауіпсіздігі мен еркіндігіне қол сұғатын әрекеттер.

"Егер өзіңізді жәбірленуші ретінде сезінсеңіз, ең басты қадам - құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласу. Жақын маңдағы полиция бөліміне, учаскелік инспекторға немесе полиция басқармасына барып арыз жазу қажет. Арыздың нақты формасы жоқ, алайда мән-жайды толық әрі нақты көрсету маңызды: қудалау қашан басталды, қалай көрініс тапты, күнделікті өмірге қалай әсер етті деген сынды сауалдардың жауабын толық қамту қажет", - дейді ол. 

Нұрайдың жағдайындай полиция әрекетсіз отырса, қайтпек керек?

Сталкингке қатысты дауда көп жағдайда шешуші мәселе - дәлелдің сапасы. Заңгер арызға қоса тіркеуге болатын нақты дәлелдер пакетін атап өтті:

  • мессенджерлердегі хат алмасулар (скриншот, чат тарихы);

  • қоңыраулар тарихы (күні, уақыты, нөмірі);

  • аудио/видео хабарламалар;

  • бейнебақылау камераларының жазбалары (үй маңы, подъезд, кеңсе, қоғамдық орындар);

  • куәгерлердің түсініктемесі (көрші, әріптес, дос, туыс - кез келген куә).

"Осындай дәлелдер болып тұрып, полиция арыздан кейін тиісті шара қолданбаса, жәбірленуші полиция басшылығына, министрлікке немесе прокуратураға шағым түсіруге құқылы. Шағымда арызды қабылдамау, тіркемеу, тексеруді созу, әрекетсіздік сияқты жайттарды нақты көрсету қажет", - деп қосты заңгер. 

Ұлмекен Сәндібекқызы 

психолог, гешталь-терпаевт

Қызыл жалаушалар: сталкерді қалай ерте байқаймыз?

Психолог Ұлмекен Сәндібекқызы сталкингтің қауіпті тұсы - оның көбіне "жылы" кейіптен басталатынын айтады. Алғашқы кезеңде адам өте қамқор, романтик, "мінсіз" болып көрінуі мүмкін: жылы сөз, әсерлі әңгіме, өзін өзгелермен салыстырып, "мен қандай тамашамын" деп үздіксіз дәлелдеуі ықтимал.

Бірақ сталкердің бойынан ерте байқалатын нақты "қызыл жалаушалар" бар:

  • шектен тыс бақылау: қайдасың, кімменсің, неге онлайн емессің, "тексеру";

  • қажетсіз жиі байланыс, бірнеше мессенджерден қатар жазу;

  • "жоқ" дегенді елемеу, "уайымдаймын" деп өзін ақтау;

  • күтпеген жерден пайда болу, жеке ақпаратты рұқсатсыз жинау;

  • "сен мендіксің" деген иелік сезімі, агрессияға жақындау.

талкинг - махаббат емес, бақылау мен билік. Қудалау күшейген сайын жәбірленушінің ойлауына әсер етіп, "мен өзім кінәлімін бе?" деген когнитивті бұрмалануды да тудыруы мүмкін", - дейді маман.

Қауіпсіздік жоспары және манипуляцияға жауап беру тактикасы

Сталкинг жағдайында "өзімді қалай ұстаймын?" деген сұрақ тек құқықтық емес, психологиялық та мәселе. Психолог қауіпсіздік жоспары үрейді азайтып, бақылау сезімін қайтаратынын айтады. Ол үшін:

  • үрейді реттеу: қорқынышты «қорғаныш реакциясы» деп атау, баяу тыныс алу техникасы, А/В жоспары (қажет болса балама маршрут/әрекет);

  • қауіпсіз орта және қауіпсіз 3 адам: сенетін адамдарды алдын ала белгілеу;

  • код сөз/құпия белгі: жақындармен «шұғыл көмек керек» деген белгі болатын сөз келісу;

  • қозғалыс қауіпсіздігі: маршрут пен уақытты өзгерту, жарық әрі адам көп жер, жалғыз жүрмеу;

  • цифрлық қауіпсіздік: аккаунттарды жабу, геолокацияны өшіру, құпиясөз ауыстыру, дәлелдерді сақтау;

  • үй/жұмыс әдеттері: келу-кету уақытын алмастыру, күзет/консьерж, көршілерді хабардар ету.

Манипуляцияға келсек, психолог өте практикалық ережені айтады: екіұшты сөйлем - сталкер үшін "мүмкіндік". Сондықтан қысқа, нақты шекара қою маңызды. Мысалы:

  • "Сенсіз өмір сүре алмаймын" десе → "Бұл сенің сезімің. Мен ол үшін жауапты емеспін" деп жауап беру;

  • "Өзің кінәлісің" → "Кінәлау қабылданбайды. Әңгіме аяқталды" деу;

  • "Айырылсақ, өз-өзімді өлтіремін" деген жағдайда → "Мен мұндай жауапкершілікті алмаймын. Бұл үшін мамандар бар" (содан кейін байланысқа шықпау, бұғаттап тастау т.б.)

Негізгі қағида: жауап бермеу, қажет жерде бұғаттау, әрекеттердің бәрін тіркеу. Тіпті ашумен жауап қайтару да сталкер үшін "назар білдіру" болып, мінез-құлқын күшейтуі мүмкін.

Нұрай Серікбай оқиғасы: қандай сабақ алуымыз керек?

Шымкентте сталкинг құрбаны болған Нұрай Серікбайдың ісі қоғамға көп шындықты айқындады: сталкингті ұсақ нәрсе деп қарау - қауіпті. Психолог та, заңгер де ортақ бір ойды орамдап ешқашан құрбан кінәлі емес екенін айтады. Киім киіс, мінез-құлық, «"неге оған жауап бердің/бермедің?" деген сияқты сұрақтар мәселені шешпейді, керісінше жәбірленушінің жағдайын қиындата түседі. 

"Құрбандарға жақындардың қолдауы, тыңдау және сену, қорқыныш пен қобалжуын бөлісу өте маңызды. Қауіпсіздікке көмек көрсету үшін маршрутты, байланыс режимін бірге өзгерту, қажет болса бірге жүру. Дәлел жинауға скриншоттар, хабарламалар, күнделік жүргізуге қолдау білдіру. Мамандарға жол көрсету - психолог, полиция, кризистік орталықтары. Егер құрбанға дер кезінде сенім білдіріп, тыңдап көмек бермесеңіз қолдау таппай суицидке болмаса, сталкердің ығына жығылуға жол ашылады. Өмір бойы үрей-қорқынышпен өмір сүруге мәжбүр болады", - дейді психолог Ұлмекен Сәндібекқызы. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:42

17:26

17:14

17:03

16:55

16:41

16:29

16:16

16:01

15:56

15:43

15:32

15:21

15:11

15:03

14:58

14:54

14:28

14:13

14:01

12:31

12:13

11:55

11:39

11:28