Көктем - табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, сезімдер «бүршік» жаратын ерекше кезең. Қыстың қыспағынан босаған тіршілікпен бірге жүректер де жылып, үміт пен іңкәрлік оянады. Осындай сәтте Наурыз мейрамы тек жаңару мен молшылықтың ғана емес, жастардың көңілі тоғысатын, сезім білдіретін айрықша мезетке айналған. Думанды кештер, алтыбақан басындағы әуен, ауылдың алты ауызы – бәрі де жүрекке жылу сыйлап, нәзік сезімдердің ұшқынын тұтатады.
Қазақы ортада бұл сезім ашық айтылмай, әдеппен, ишарамен жеткізілген. Соның жарқын көрінісі - бір-бірімен сабақтас қос дәстүр: селтеткізер мен ұйқыашар. Бүгінде ұмытыла бастаған бұл дәстүр жайлы Aqshamnews.kz тілшісі еске салады.
Селтеткізер - үнсіз сезімнің әсем белгісі
Селтеткізер - жігіттің қызға деген ықыласын білдіретін ерекше сый. Бұл күні бозбалалар ұнатқан аруына айна, тарақ, иіссу, әшекей бұйымдар тарту еткен. Әр сыйлықтың астарында мән бар: айна - тазалық пен шынайылықтың, тарақ - ұқыптылықтың, ал әшекей - сұлулықтың белгісі.
Ең бастысы, бұл сыйлықтар материалдық құндылықтан гөрі, жүректегі сезімді жеткізудің құралы болған. Яғни селтеткізер – сөзбен айтылмаған сыр, жігіттің батылы мен ниетінің көрінісі.
Ұйқыашар - ілтипатқа берілген жауап
Ал ұйқыашар - қыздардың жігітке деген ықыласын білдіретін жауап дәстүр. Қыз-келіншектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп, уыз қосылған дәмді тағам әзірлеп, ұсынады. Бұл - жай ғана ас емес, көңілдің белгісі, ризашылықтың нышаны.
Жігіт ұйқыашардан дәм татса, бұл екі жастың арасындағы үндестіктің басталғанын аңғартады. Осылайша, ұйқыашар - сезімді оятып қана қоймай, оны жалғастыруға жол ашатын дәстүр.
Дәстүр мен таным: көктемгі үйлесім
Бұл екі ғұрыптың түп-тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы табиғат пен адам өмірін егіз ұғым деп қарастырған. Көктемде жер бусанып, тіршілік атаулы жаңарса, адам жүрегінде де жаңа сезімдер пайда болады.
Кей деректерде Наурыз аспан құбылыстарымен де байланыстырылып, мифологиялық сипатта түсіндіріледі. Мәселен, Үркер жұлдызының көрінісі Өгізхан мен Күн сұлудың қосылуымен сабақтастырылған. Аңыз бойынша, аспаннан түскен нұрдан пайда болған Күн сұлуға үйленген Өгізханнан Күн, Ай, Жұлдыз тарайды. Бұл көркем ойды шығыс шайыры Низами да «Жеті ару» («Жеті қат көк») еңбегінде жырға қосып, Наурызды үйлесім мен махаббаттың белгісі ретінде бейнелеген.
Демек, селтеткізер мен ұйқыашар – тек жастар ойыны емес, табиғат пен адам болмысының үндестігінен туған терең мәнді дәстүр.
Бүгінгі көзқарас: ұмыт қалған құндылық па?
Қазіргі заманда қарым-қатынас формасы өзгергенімен, шынайы сезім мен ілтипаттың мәні өзгерген жоқ. Керісінше, осындай ұлттық дәстүрлердің құны арта түсті. Себебі олар жастарды әдепке, сабыр мен сыйластыққа тәрбиелейді.
Бүгінгі «сыйлық» ұғымы көбіне материалдық дүниемен өлшенсе, селтеткізер мен ұйқыашар оның ар жағында тұрған ниет пен ықыластың маңызды екенін еске салады.
Селтеткізер мен ұйқыашар – бір-бірін толықтыратын, махаббат пен сыйластықтың қос қанаты іспетті. Бірі – сезімді білдірсе, екіншісі - сол сезімге жауап. Бұл - сыңардың жұпқа ұласуы, жүректің жүрекпен табысуы.
Осындай әдемі дәстүрлерді жаңғырту - тек өткенді еске алу емес, бүгінгі қоғамға жылылық пен шынайылық сыйлау. Өйткені көктем келген сайын табиғат қана емес, адам жүрегі де қайта гүлдейді.