Қоғаммен сөйлесудің тілі қарапайым әрі түсінікті болуы керек, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кез келген сайлау науқаны туралы сөз болғанда, назар көбіне қай партияның басым екеніне немесе кімнің үгіті сәттірек жүріп жатқанына ауады. Алайда, саясаттану тұрғысынан бұдан да маңыздырақ мәселе бар. Ол саяси бәсекенің қоғамға қандай мүмкіндік беріп отырғаны. Бәсеке болған жерде саяси күштер сайлаушының сұранысына көбірек көңіл бөледі. Өз бағдарламасын түсіндіруге, қоғамдық мәселелерге қатысты ұстанымын айқындауға, қарсы тараптан ерекшелігін көрсетуге тырысады. Бұл өз кезегінде саяси күн тәртібінің мазмұнын байытады.
Құрылтай сайлауы алдындағы науқаннан осы үрдісті байқауға болады. Партиялар үшін қазір тек өздерін таныстыру емес, қоғамға қандай шешім ұсынатынын көрсету маңызды болып отырғандай. Сайлаушы да біртіндеп «кім жақсы сөйлейді?» дегеннен гөрі «кімнің ұсынысы мен үшін маңызды?» деген сұраққа назар аударуға мүмкіндік алады.
Бұл жерде ақпараттық кеңістіктің рөлі ерекше. Қазіргі сайлаушы бір ғана ақпарат көзімен шектелмейді. Теледидардағы дебатты көреді, интернеттегі материалды оқиды, әлеуметтік желідегі пікірлерді қарайды. Бір саяси мәлімдеменің өзі бірнеше ортада талқылануы мүмкін. Саяси коммуникацияның осындай көпарналы болуы партияларды да өзгеруге мәжбүрлейді. Қоғаммен сөйлесудің тілі қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Ұзақ декларациялардан гөрі нақты мәселе мен шешімге сұраныс артады.
Бұл үдерістің тағы бір жағымды тұсы бар. Ол саяси партиялардың қоғаммен байланысын сайлау науқанының шеңберінен шығаруға мүмкіндік береді. Егер партиялар сайлаушы көтерген мәселелерді науқан аяқталғаннан кейін де назарда ұстаса, қазіргі бәсекенің нәтижесі институционалдық тұрғыдан маңызды болмақ.
Дегенмен, саяси партиялар бір-бірін жоққа шығаруға емес, өз ұсынысының тиімділігін дәлелдеуге ұмтылса, мұндай бәсеке қоғамға пайдалы. Егер пікірталас жеке сыннан гөрі бағдарламалар мен идеяларды салыстыруға негізделсе саяси мәдениетті байытады. Ал сайлаушы осы процестің белсенді қатысушысына айналса, сайлау науқанының қоғамдық мәні одан әрі күшейеді.
Құрылтай сайлауы алдындағы алғашқы дебаттар осы бағыттағы үдерістің басталғанын көрсетіп отыр. Алдағы уақытта пікірталастардың мазмұны тереңдеп, партиялардың нақты ұсыныстары көбірек салыстырылған сайын саяси бәсекенің сапасы да арта түсуі мүмкін. Бұдан партиялар, қоғам мен мемлекет ұтады.
Пердехан ШӘМШИЕВ,
сарапшы.