Канада мен Ұлыбританияда бұл дәстүр «Крис Киндл», Бразилияда – «Құпия дос», Испанияда – «Көрінбейтін дос», ал Еуропаның кейбір елдерінде «Полианна» деп аталады, ал бізге жақсы таныс атауы – Құпия Санта.
Соңғы жылдары осы ойын Қазақстанда да кеңінен тарала бастады. Құпия түрде жаңа жылдық сыйлық алмасу дәстүрін үлкен отбасылар, достар, әріптестер арасында жиі ұйымдастырады. Ойынның басты екі ережесі бар:
сыйлықтың бағасы алдын ала келісілуі керек және сыйлық берушінің кім екені құпия сақталуы тиіс. Ал қалғаны қиялдың еркінде.
Құпия Сантаның көптеген қызықты нұсқалары бар, тіпті әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды біріктіретін халықаралық акциялар да ұйымдастырылады. Қазір қазақстандықтарға жақсы таныс Тредс желісінде де осы ойынның қатысушылары көп. Желіде бір-біріне жазылған жұрт мереке қарсаңында карталарының нөмірін жазып қалдырады да біреуі сол шотқа ақша аударады.
Бұл ойын қалай пайда болды, оған ХХ ғасырдың басындағы балалар жазушысы жазған романының қандай қатысы бар және «Құпия Санта-ұры» деген не екенін толығырақ баяндаймыз.
Алғашқы Санта кім болған?
Бұл мерекелік флэшмобтың шығу тегі туралы бірнеше болжам бар. Соның бірінде құпия түрде сыйлық тарату дәстүрі ХХ ғасырдың соңында АҚШ-та пайда болған делінген. Ал алғашқы Құпия Санта ретінде Миссури штатынан шыққан миллионер Ларри Стюарттың аты аталады. Ол 25 жылдан астам уақыт бойы Рождество қарсаңында мұқтаж жандарға жасырын түрде ақша таратқан. Сол үшін халық оны «Санта» деп атап кеткен. Ларри Стюарт өзінің кім екенін өмірінің соңында, ауыр дертке шалдыққанын білгенде ғана жария еткен. Ол адамдарды осы игі істі жалғастыруға үндеп, соның нәтижесінде Құпия Санта идеясы бүкіл әлемге тараған.
Кездейсоқ Құпия Санта
Мұның ерекшелігі – барлығы толық құпия сақталады. Яғни, кімнің сыйлық беретінін де, кімнен алатынын да ешкім білмейді. Ол үшін екі жиынтық карточка дайындалады. Әр карточка нөмірленіп, екі бөлек топқа бөлінеді. Қатысушылар екі карточкадан алады: біреуі – өзі сыйлық беретін нөмір, екіншісі – өзі алатын нөмір. Белгіленген күні барлық сыйлықтар нөмірленіп, бір жерге қойылады. Әр адам өзіне тиесілі сыйлықты тауып алады.
«Конспирологиялық Санта»
Бұл нұсқа әсіресе бір-бірін жақсы танымайтын үлкен ұжымдарға өте қолайлы. Мұнда қатысушылар әзілге толы «құпия одақтар» құрады. Бір топ жасырын түрде белгілі бір адамға сыйлық дайындайды, кейін бұл тізбек басқа қатысушыларға қарай жалғасады.
Мұндай ойынды онлайн форматта жабық чаттар арқылы ұйымдастыру ыңғайлы. Процесс барысында адамдар көп сөйлесіп, әзілдесіп, ортақ идеялар ұсынып, бір-бірін жақынырақ тани түседі.
Құпия Санта – бұл жай ғана сыйлық алмасу емес, жылы эмоция, күтпеген қуанышпен адамдарды жақындастыратын ерекше дәстүр. Жаңа жыл қарсаңында бұл ойынды түрлендіріп ойнау мерекені бұрынғыдан да есте қаларлық етеді.
Жаһандану жария болғалы қазақ елі де әлемде болып жатқан үдерістерден тыс қалған емес. «Әр елдің салты басқа» дегендей, әлемнің ұсынғанын бас изеп қабылдай берудің де кейде кері әсері болып жатады. Мереке қарсаңында ҚМДБ «Құпия Санта» ойынына қатысты пікір білдірді:
Діни басқарманың мәліметінше, бұл ұғым ислам дінінде де, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде де кездеспейді. ҚМДБ өкілдері өзге мәдениетке тән түсініктерді қабылдап, насихаттағаннан гөрі, адам мен адамды жақындастыратын ұлттық дәстүрлер мен ислам құндылықтарын дәріптеу маңызды екенін атап өтті.
«Біздің дінімізде де, салт-дәстүрімізде де «Құпия Санта» деген түсінік жоқ. Ұлттық құндылықтар мен ислам қағидаларын алға шығару әлдеқайда орынды», делінген Діни басқарманың жауабында.
Сонымен қатар ҚМДБ өкілдері мұндай ойындар мереке кезінде ішімдік ішу, ер мен әйелдің еркін араласуы немесе шариғатта тыйым салынған өзге де әрекеттермен қатар жүрсе, бұл құпталмайтынын ескертті.