"Құдайы қонақпыз": Кездейсоқ тойға барып қонақ болу үрдісі қайдан шыққан?

  • 10:15, 20 қазан 2025
"Құдайы қонақпыз": Кездейсоқ тойға барып қонақ болу үрдісі қайдан шыққан? сурет: gemini

Желіде бейтаныс жандардың тойына кіріп мейман болу тренді тарады. Блогерлер немесе қарапайым желі қолданушылары да бұл дәстүрден қапы қалып жатқан жоқ. Мұндай жағдайда заң бойынша шағым түсіруге бола ма? Бұл қайдан шыққан "батпан құйрық"? Аqshamnews.kz тілшісі зерттеп көрді. 

"Құдайы қонақтар" қайдан қаптады? 

Мұндай үрдіс TikTok желісінде трендке айналды. Блогерлер бастаған "кездейсоқ тойға кіру" идеясын желі қолданушылары да қайталап жүр. Тренд жүйесі бойынша адамдар сәнденіп киініп, кез келген тойханаға кіріп, танымайтын кісілердің қонағы болады. Жай ғана кіріп шыға салмай, дастарханнан дәм татып, би де билеп, асабаның ойындарына да қатысатындары да тағы бар. Әсіресе жазда той маусымы қызған шақта бөтен тойға кіретін "құдайы қонақтар" қатары көбейді. Олардың бұл әрекеттерін TikTok-тан іздесеңіз, қаптап шыға келеді. 

Танымал тілшінің тойындағы "танымайтын қонақтар" 

Трендтің тұсауына журналист Ақбөпе Тәңірберген де түсті. Жақында шаңырақ көтерген "Еуразия" бірінші арнасының тілшісі әлеуметтік желіде тойына танымайтын қыздар келіп, қонақ болып кеткенін бөліскен еді. Біз бұл туралы толығырақ сұрап білдік. 

Тілшінің тойына барған кездейсоқ қонақтар жүздері желіде "жылт" еткен соң, Ақбөпеден видеоны өшіруін сұрап, жағдайды түсіндірген. Олар кешірім сұрап, тойға трендтің соңынан қуып келгенін айтқан. 

"Басында жай кіріп шығамыз, кішкен билеп, тамақ ішіп қайтамыз деп ойлағанбыз. Бірақ, сіздердің тойларыңыз өте қызық болып, соңына дейін отырдық. Кешірім сұраймыз! Айыбымызды қалай жуып шаямыз?", - деп жазған екі қыз. 

Ал журналист оларға мұндай әрекеттің дұрыс еместігін ескертіп, жағдайды жылы жапқан. Жағдайды желіде бөліскен соң, оған "біздің де тойда осындай жағдай болған", "ас бергенімізде де бейтаныс адамдар келіп, сарқыт та салып алып кеткен" деген хаттар келген. 

Шақырылмаған қонақтар Димаш Құдайбергеннің қарындасының тойына да барған

Тамыз айында Шымкентте Димаштың қарындасы Раушан Құдайбергеннің ұзату тойы өтті. Блогер Арай Сұлтанның жазуынша, бұл тойда да "құдайы қонақтар" қонақ болған. 

"Мені ұятқа қалдырды. Мейрамхананың мекенжайын белгілеп едім, тосын жағдайға ұласып кетті. Адамдар жабайылығын көрсетті. Жеті қыз қалыңдықтың құрбысы болып, тойға келіпті. Олар той жасап жатқандардың туысқаны да, танысы да емес. Барын киіп, сәнденіп келіпті. Бұл – өте ұят жағдай. Шақырылмаған жерге келу ұят емес пе?! Той иелері адам басына ақша төлейтінін ескеріңіздер”, – деп жазды блогер.

Ал Threads қолданушылары мекенжайды жариялаған блогердің өзін кінәлады.

“Арайдың өзі де бірден мейрамхананы көрсетті”, “Ол қыздар Димаштың көзіне түсуге барған шығар”, “Блогер ғана емес, тойға келгендердің бәрі салып отырды”, “Раушанның ұзату тойы күшті өтті”, “Салма деп ескертіп тұрғанда, неге салады екен”, “Шақырылмаған қонақ, сыпырылмаған жерге отырады” деген осы”, – деп жазды көпшілік. 

сурет: instagram.com/raushan_kudaibergen

Заң не дейді?

Заңгер Арман Шәріпов мұндай жағдайда шығын келтірген адамдардың жеке басын анықтап полиция шақырып, шағым түсіруге болатынын айтты: 

"Бұл жерде той иелеріне шығын келтіріп отыр. Себебі той иелері өзінің әр қонағына бронь жасап, ақшасын төлеп қояды. Бөтен біреу келіп, сол броньдалған орынның тамағын жейді. Бұл әрине құқықбұзушықылық. Мәселен, бұл кез келген тамақтанатын орынға барып, ақшасын төлемей кетіп қалу дегенге ұқсас жағдай ғой. Менің тәжірибемде мұндай жағдай болған. "Алаяқтық" бапы бойынша іс сотқа дейін жетіп, бірақ екі тарап мәміліге келіп, тарқасқан болатын. Ал тойға шақырылымаған қонақтың келіп отырғанын көрген той иелері 102 шақырып, арызданып, "алаяқтық" немесе "ұрлық" баптары бойынша іс қозғауын талап етуіне болады", - дейді маман. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:47

12:23

12:22

12:09

11:51

11:39

11:24

11:01

10:48

10:26

10:15

09:58

09:44

09:33

09:19

08:59

17:10

16:33

16:15

15:10

14:15

12:10

11:30

10:25

10:18