«ҚазСтандарт»: өлшемнің дәл болғаны - өмірдегі ең керек нәрсе

«ҚазСтандарт»: өлшемнің дәл болғаны - өмірдегі ең керек нәрсе Cурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

«ҚазСтандарт» РМК-ның Алматы мен облыс бойынша бөлімшесі Өңірлік коммуникациялар қызметінде былтырғы жұмысын қорытындылады, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.

 Бөлімше директоры Руслан Бекқожин өлшемдердің дәлдігі абстрактілі ғылым емес, саудада, медицинада, өнеркәсіп пен өңірдің әр тұрғынының күнделікті өміріндегі сенімнің негізі екенін атап өтті.

Адам базардан ет сатып аларда таразы дәл өлшейді деп ойлайды. Электр энергиясына төлем жасағанда есептегіштің адал есептегеніне сенеді. Көлігіне жанармай құйғанда дәл құйғанын қалайды. Емханада қан қысымын өлшегенде, құрылғы қателеспеуі керек, өйткені диагноз бен емдеу жағы соған тәуелді. Осыған метрологиялық қамтамасыз ету жүйесі жауап береді.

«Көпшілік біздің жұмыс таразы мен есептегіштерді тексерумен аспайды деп ойлайды. Алайда барлығы мемлекеттік эталондардан басталады. Олар бүкіл өлшеу жүйесінің абсолютті негізі. Егер эталон дәл болмаса, одан кейінгі барлық тізбек мәнін жоғалтады», – деді Руслан Бекқожин.

Бүгінде бөлімшеде 14 мемлекеттік эталон сақталып, қолдау көрсетіледі. Олардың қатарында цезий стандартына негізделген уақыт пен жиілік бірлігінің мемлекеттік екінші эталоны бар. Бұл – әлемдегі ең дәл құралдың бірі, ол уақытты миллиондаған жылда бір секундтан да аз қателікпен өлшейді. Ол байланыс жүйелерінің синхрондалуына, банктердің жұмысына, навигация мен цифрлық сервистерге тікелей әсер етеді.

«Сіз ұялы телефонды пайдаланғанда, банк картасымен төлем жасағанда немесе навигатор арқылы бағыт құрғанда, осы тізбекте біздің уақыт эталонымыз бар. Ол адамнан алыс орналасуы мүмкін, бірақ күн сайын миллиондаған операцияға ықпал етеді», – деп түсіндірді бөлімше директоры.

Сондай-ақ филиалда түзу сызықтылық пен жазықтықтан ауытқуларды өлшеуге арналған ұзындық бірлігінің мемлекеттік эталоны сақталады. Ол беттердің тегістігін микронның үлес бөліктеріне дейінгі дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай дәлдік машина жасау, оптика және жоғары дәлдікті жабдықтар өндірісінде қажет. Бұдан бөлек, 0,1-ден 200 миллиметрге дейінгі диапазонда ұзындық бірлігінің мемлекеттік екінші эталоны қолданылады, ол станоктарды баптауға арналған ұзындықтың шекті өлшемдерін калибрлеу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар температура, қысым эталондары және өзге де прецизионды жабдықтар бар.

2025 жылы бөлімше барлық 14 эталонның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, өлшемдердің бес түрі бойынша бес лабораторияаралық салыстыруға қатысты. Бұл жабдықтардың әлемдік деңгейге сәйкестігін растады.

Жылдың маңызды нәтижесінің бірі – халықаралық мойындау болды. Бөлімше CIPM MRA логотипімен 52 калибрлеу сертификатын берді. Бұл келісім әлемнің 100-ден астам елінде танылады. Оның ішінде ұзындық эталоны бойынша – 35, уақыт пен жиілік эталоны бойынша – 10, шағын диапазондағы ұзындық эталоны бойынша – 7 сертификат берілген.

«Егер кәсіпорын мұндай сертификатты Қазақстанда алса, ол шетелде де мойындалады. Германияда, Жапонияда немесе АҚШ-та қайта тексеруден өтудің қажеті жоқ. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдеу, экспортты нақты қолдау», – деп атап өтті Руслан Бекқожин.

Нарықтардағы таразылар мемлекеттік эталондардан калибрленген құралдар арқылы тексеріледі. Электр есептегіштер тұрғындардың коммуналдық қызметтер үшін артық төлем жасамауы үшін бақыланады. Қазақстандағы барлық жанармай тарату колонкалары міндетті түрде тексеруден өтеді, сондықтан оператордан сертификатты талап етуге құқылысыз. Құжаттар болмағанда немесе мерзімі өтіп кеткен жағдайда аумақтық техникалық реттеу мен метрология комитетінің департаментіне шағымдануға болады.

Өлшемдердің дәлдігі медицинада ерекше маңызға ие. Қан қысымын, температураны өлшейтін және талдау жүргізетін барлық құрылғылар мемлекеттік метрологиялық бақылаудан өтеді. Олардың дұрыс жұмыс істеуі диагноз қою мен емдеу тәсілін таңдауға тікелей әсер етеді. Экология саласында да метрологияның маңызы зор – шығарындыларды бақылау құралдары ауа сапасына әсер ететін нақты мәндерді көрсетуі тиіс.

2025 жылы бөлімше мамандары өңірдегі 50-ден астам кәсіпорынға барып, қызметтер бойынша таныстырылымдар өткізіп, заңнама талаптарын түсіндірді. 9 семинар мен 9 біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылып, 120-дан астам маман оқытылды. Сондай-ақ төрт аналитикалық және сынақ зертханасында өлшемдердің жай-күйі тексерілді.

2026 жылы бөлімше кәсіпорындарға түсіндірме жұмысын өткізу, стандарттау мәселесі бойынша дөңгелек үстел өткізу, кемінде 80 маманды оқытып, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейтіп, кемінде 30 студентті тәжірибеден өткізу сияқты біраз шаруаны жоспарлап отыр.

«Метрология көбіне көзге көріне бермейді, бірақ дәл өлшеген әр заттың артында солардың жұмысы тұр. Мемлекеттік эталондар – сенімнің іргетасы. Онсыз экономиканың дамуы да, қарапайым адамдардың мүддесін қорғау да мүмкін емес», – деп түйіндеді Руслан Бекқожин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:50

15:41

15:20

15:10

14:55

14:43

14:31

14:27

14:17

12:47

12:34

12:18

11:55

11:25

11:10

11:01

10:50

10:40

10:22

10:15

09:52

09:35

09:17

09:04

08:55