Сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті бағалайды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанның зейнетақы жүйесі Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде ұзақ мерзімді орнықтылық көрсеткіші бойынша сегізінші орынға ие болды. Еліміз 74,4 балл жинады.
Бұл зейнетақы жүйесінің қаржыландыру көздерін, зейнетақы жинақтарын және демографиялық өзгерістерді ескере отырып, болашақта зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету мүмкіндігін көрсетеді.
Жалпы рейтингте Қазақстан әлемнің 55 елінің зейнетақы жүйесі арасында 29-орынға тұрақтады. Елдің қорытынды көрсеткіші 64,8 балды құрап, С+ деп бағаланды.
Зерттеу әртүрлі елдердің зейнетақы жүйелерін салыстыруға, олардың басым тұстары мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті бағалайды. Олар үш негізгі бағытты қамтиды: зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің орнықтылығы, сондай-ақ оны реттеу мен басқару сапасы.
Қорытынды балл осы үш бағыт бойынша алынған нәтижелер негізінде қалыптастырылады. Сондықтан жекелеген көрсеткіш бойынша жоғары баға зейнетақымен қамсыздандырудың басқа бағыттарын одан әрі жетілдіру қажеттігін жоққа шығармайды.
Қазақстан үздік ондыққа енген орнықтылық көрсеткіші зейнетақы бағдарламаларымен қамтылған жұмыскерлердің үлесін, зейнетақы активтерінің көлемін, халықтың қартаю қарқынын және басқа да факторларды ескереді.
Бұл көрсеткіш зейнеткерлер саны мен зейнетақы төлемдерін алу ұзақтығы өзгерген жағдайда жүйенің болашақ міндеттемелерді орындауға қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік береді.