ffin.kz

Қазақы пайым. Алматыда өрік гүлдеді

Қазақы пайым. Алматыда өрік гүлдеді imall.com

Төңіректі түгел гүл көмкеріп, бұл көрініс табиғаттың жастық шағы – көктем келгенін аңғартып тұр.


Бүгін сәуірдің 7-сі. Ал Рамазан айының – 6-сы. Еліміздің мұсылман қауымы қасиетті Рамазан айының оразасын ұстап жатыр. Бүгін алтыншы мәрте ауыз бекітті. Бұл айда көкек алғаш шақырады. Сол себепті қазекең бұл айды Көкек деп атаған. Кейін түрлі саяси-табиғи көзқарастарға байланысты сәуір деп аталып, күнтізбеге енді.



Бұл - өз алдына кейінгі бір әңгіменің арқауы. Сәуірде түрлі амал да көп. Бұрынғылар бұл ай туралы «Диқанға құт болғанымен, малшыға сарыуайым» деген. «Сәуір айы – қазақтың тәуір айы» деген де тәмсіл бар. Ал марқасқа Мұқағали «Сәуір айы шопанға сарыуайым, малмен бірге бағады ауа райын» деп жырлады. «Наурыз – суымен, сәуір – нуымен, мамыр – гүлімен» деп те айтады. Халқымызда бұл амалға қатысты «Сәуір болмай, сайран болмас; Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса, күн күркірер, күн күркіресе, көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – Сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн», «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген мақал-мәтел, қанатты сөздер бар. Сонымен қатар, сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді оңтүстік өңірлерде «сәуір» деп атаса, солтүстік аймақтарда «Алтын күрек» дейді.



Қазір «Отамалы» амалы жүріп жатыр. Оны қазекең «ойылған қыс» деп атаған. Мұнан кейін «Сәуір» амалы келеді. Сәуірдің соңы мен мамырдың басында алапат нөсер болады. Бұл кезде бөкендер мен киіктер төлдейді. Араға аз уақыт салып дауыл тұрады. Бұл - киіктердің төлін өргізетін кез. Ол амалдар төңірегінде кезінде айтатын боламыз.



Қазақ күнтізбесі бойынша жыл әрқайсысы тоқсан күндік төрт маусымға бөлініп: көктем – «жылтоқсан» (жыл алмасатын маусым), жаз – «оттоқсан» немесе «жазтоқсан», күз – «күзтоқсан», қыс – «желтоқсан» деп аталған. Бұл әрбір тоқсан сәйкес түрде төрт табиғат дүлейінің (стихия) «патшалық» мерзімі саналады: «жылтоқсан» – су арнасы «жылға» сөзінің түбірінен, яғни Су маусымы; «оттоқсан» – өсімдіктің барынша өсіп отқа, қуатқа айналатын, малдың қуат жинап отығатын, адамның табиғаттағы барлық дәруменді сіңіріп күшейетін От маусымы; «күзтоқсанда» табиғат күзеліп, барлық өскен нәрсе Топыраққа айналады; «Желтоқсанда» өмірге Ауа қожалық етеді – жел, боран, қардың саф ауасы.



Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, сәуірдің 7-сі. Ай есебінше, айдың 6-шы жаңасы. Ал қазақша, наурыздың соңы, енді алты күннен кейін сәуір басталады. Осындай амалдары көп сәуір айында ауа райында айтарлықтай өзгерістер болуы ғажап емес.


Қазір өрік гүлдеп, жеміс және өзге ағаштар бүршік жарып тұр. Енді бірер аптада еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы шаһары сан алуан түрлі гүлге бөленеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32