Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың ортопед мамандары 60 жастағы әйелге аса күрделі ота жасады. Қимыл-тірек жүйесіндегі дерт салдарынан ауыр кеселге душар болған науқастың үзілген буыны дұрыс бітпей, асық жілік шыбығы жансызданып, сал бола бастаған деген диагноз қойылған болатын, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.
Ота Германияның Гессен және Марбург университеттік клиникасының профессоры Рейнер Шнеттлердің қатысуымен өткен шеберлік класы барысында жасалды. №7 аурухананың травматология және ортопедия бөлімшелерінде алғаш рет ревизиондық протездер орнатылды. Жаңа технологияны әлемде тәжірибеге профессор Шнеттлер әріптестерімен бірге қолданысқа енгізген.
Тізе буынын ревизиялық эндопротездеу – бұл эндопротез бөліктерін ауыстыруға арналған ота. Операция кезінде протездің тұрақсыз, зақымдалған немесе өзгеріске ұшыраған бөліктері алып тасталып, орнына жаңасы орнатылады. Эндопротез тізе буынының зақымдану деңгейіне, буындардың жағдайына және басқа факторларға қарай таңдалады.
Сәтті жасалған ота нәтижесінде науқас қалыпты өмірге оралып, ауырсынудан арылып, өз бетінше жүріп-тұратын болды. Бұрын мұндай пациенттер мүгедектік арбасына таңылатын болса, қазіргі заманауи импланттардың озық технологиялары арқасында оларды аяққа тұрғызуға мүмкіндік туып отыр.
«Тізе пішіні бұзылып, 4-дәрежелі артрозбен ауыратын науқас бір жыл бұрын өзі тұратын өңірде тізе буынына ота жасатқан. Аяққа эндопротез орнатылған, бірақ 3-4 айдан кейін ауыр жарақат алып, жамбас сүйегі сынып, тізенің қапталындағы буын үзілген. Салдарынан протез орнынан қозғалып кетіп, қатты ауырсыну сезімі пайда болды. Науқас бірнеше емдеу мекемесінің табалдырығын тоздырып, ақырында жетінші аурухананы таңдады. Пациентке жаңа заманауи эндопротез орнату туралы ұсыныс жасадық. Бұл жерде сүйек құрылымының жетіспеушілігі, буын аппаратының зақымдануы сияқты ауыр диагноздар бар. Мұндай жағдайда кәдімгі протездер жарамсыз», – дейді аурухананың ортохирургия бөлімшесі меңгерушісі Арнат Байзақов.
«Клиника өте күрделі жағдай. Қайта жасалған операция біріншіге қарағанда әлдеқайда күрделі саналады. Бірақ біз әріптестермен бірлесе отырып, ойдағы нәтижеге қол жеткіздік. Инновациялық DX жүйесін қолдана отырып, пациенттің сол жақ тізе буынын алмастырдық. Ота 1,5 сағатқа созылды, науқас көп қан жоғалтқан жоқ (шамамен 200-250 мл). Пациент Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Бізге портал арқылы жатқызылды, жоғары технологиялы көмек МӘМС қаражаты есебінен көрсетілді», – деп атап өтті Арнат Байзақов.
Дәрігердің айтуынша, науқас қазір белсенді қимыл-қозғалыс пен ерте реабилитацияға дайындалып жатыр. Оңалту шаралары бөлімше ішінде өтеді.
Тәжірибелі дәрігерлердің біліктілігінің, инновациялық технологиялар мен ауруханадағы қондырғылардың арқасында ота сәтті өтіп, науқас қалыпты өмірге қайта мүмкіндік алды.