Қазақстандықтар жасына байланысты зейнетақыны, мемлекеттік базалық зейнетақыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) төлемдерді бір өтініш арқылы рәсімдей алады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жаңа тәртіп бойынша, құжаттардан қате немесе сәйкессіздік табылса, өтініш берушілерге оларды түзетуге қосымша уақыт беріледі.
Атап айтқанда:
Жасына байланысты зейнетақыны рәсімдеу кезінде – 10 жұмыс күніне дейін;
Мемлекеттік базалық зейнетақыны рәсімдеу кезінде – 8 жұмыс күніне дейін.
Ал жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыны алу үшін тапсырылған құжаттардан кемшілік анықталса, оны түзету мерзімі өтініш беру тәсіліне байланысты болады. Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінгендерге 3 жұмыс күніне дейін, ал электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бергендерге 1 жұмыс күніне дейін уақыт беріледі.
Сонымен қатар өтінішті қабылдаудан бас тартуға бірнеше негіз бар. Олардың қатарында құжаттардың толық тапсырылмауы, жеке деректердегі сәйкессіздіктер және зейнетақы төлемдерін алуға заңды құқықтың болмауы бар.
Жаңа тәртіп зейнетақы мен тиісті төлемдерді рәсімдеу кезінде құжаттардағы қателерді түзету тәртібін нақтылауға бағытталған.