Айнабұлақ-3 шағынауданының тұрғындары Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттарға дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне белсенді түрде келуде, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Айнабұлақ-3 шағынауданы, 166а мекенжайындағы №110 жалпы білім беретін мектепте орналасқан №332 және №334 сайлау учаскелерінде дауыс беру көтеріңкі көңіл күйде, мерекелік атмосферада өтіп жатыр.
Сайлау учаскелері ашылған алғашқы сағаттан бастап шағынаудан тұрғындары азаматтық ұстаным білдіру үшін отбасыларымен бірге келуде. Патриоттық әуендер ерекше көңіл күй сыйласа, «Менің таңдауым» тақырыптық фотоаймағы қала тұрғындарының дауыс беру күні естелік суретке түсетін орнына айналды.
Сондай-ақ келушілер үшін ұлттық әшекей бұйымдарын жасау бойынша шебердің дәрісі және «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шағынаудан тұрғындары сайлауға қатысудың маңыздылығын атап өтіп, қала тұрғындарын таңдауды соңғы сәтке қалдырмай, уақыт тауып, сайлау учаскелеріне келуге және Алматының болашағы үшін дауыс беруге шақырады.