112 жүк өлшеу станциясын орнату жоспарланып отыр.
Қазақстанда көлік құралдарының салмағы және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станциялар орнатылады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Бұл қадам үздіксіз жүк тасымалы әсерінен жол төсемінің мерзімінен бұрын бұзылуы сияқты мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Осы мақсатта 2025 жылдың соңына дейін 112 жүк өлшеу станциясын орнату жоспарланып отыр.
«Автоматтандырылған станциялар адамның қатысуынсыз «Сергек» жүйесінің қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ұсынылып отырған шаралар еліміздегі көлік жолдарының ұзақ мерзімде сақталуын қамтамасыз етіп, көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға ықпалын тигізбек», – деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев.
Айта кетерлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Парламенті Мәжілісі депутаттарының қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Аталған құжат Қазақстан Республикасының 4 кодексі мен 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасы жолдарда көліктік бақылауды автоматтандыру, теміржол және су көліктерінде орын алған оқыс оқиғалар мен авариялық жағдайларды тергеу тәртібін жетілдіруді қарастырады.
Сонымен қатар заң жобасына халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарының қоғамдық көлікте жүруіне жеңілдік беретін нормалар да енгізілген. Ал бірқатар түзету теміржол және су көліктеріндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталып отыр.
«Бүгінде теміржол көлігіндегі апаттар мен аварияларды тергеу амалдарын көлік саласындағы уәкілетті орган, ал оқиғалар мен оқыс жайттарды - тасымалдау процесіне қатысушылардың өздері жүргізеді. Азаматтардың өмірі мен денсаулығының құндылығын ескере отырып, заң жобасы шеңберінде жолаушылар пойыздарының жолдан шығуын немесе соқтығысуын тудырған оқиғаларды тексеру уәкілетті органның құзіретіне беру ұсынылады»,– деді ведомство басшысы.
Халық қалаулыларының қарауына ұсынылған заң жобасы азаматтық авиация саласында да бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норма бар.
Бұдан өзге заң жобасында халықаралық стандарттарға сәйкес кезекті аудиттен сәтті өтуге дайындалуға бағытталған бірқатар маңызды түзетулер қарастырылған.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.