AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Білім және ғылым / Театртанушы Бағыбек Құндақбайұлына – 100 жыл

Театртанушы Бағыбек Құндақбайұлына – 100 жыл

Білім және ғылым Бүгін 22:25 139
Театртанушы Бағыбек Құндақбайұлына – 100 жыл
Әдебиет және өнер институты

Бүгін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен Достық үйінің мәжіліс залында өнертану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағыбек Құндақбайұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Бағыбек Құндақбайұлының ғылыми мұрасы және әлемдік өнертанудың жаңа парадигмалары» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференция модераторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов ғалымның зерттеулерін қазіргі өнертанудың теориялық және әдіснамалық ізденістері аясында зерделеудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық өнерді зерттеудегі дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, жаңа ғылыми бағыттарды талқылау және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту қажеттігіне тоқталды.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау сөздері оқылды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек пен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев та мерейтой иесінің мұрасы мен конференцияның маңызына қатысты құттықтау лебіздерін білдірді. Арман Жүдебаев келесі айда өзі басқарып отырған академияда Бағыбек Құндақбайұлының 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасатынын хабарлады.

Пленарлық мәжілісте ғалымның ғылыми-шығармашылық мұрасы, ұлттық театр сыны мен театртану ғылымының қалыптасуы және бүгінгі даму үдерістері кеңінен талқыланды. Бағыбек Құндақбайұлының шәкірті, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов ұстазы туралы естеліктерімен бөлісті. Ол Бағыбек Құндақбайұлының парасаттылығын, ғылымға адалдығын, шыншылдығы мен талапшылдығын айрықша атап, шәкірт тәрбиелеудегі өнегесі мен кәсіби ұстанымының кейінгі буынға ықпалы туралы ой қозғады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, белгілі театр режиссері Әубәкір Рахимов театртанушы Бағыбек Құндақбайұлымен иық тіресе еңбек еткен жылдарынан сыр шертіп, бірге өткерген өнегелі де өнімді кезеңдерін еске алды.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы Бақыт Нұрпейіс «Бағыбек Құндақбайұлы және ұлттық театр сынының даму белестері» тақырыбында баяндама жасады. Академия профессорлары, өнертану ғылымдарының кандидаттары Аман Құлбаев «Сын өнерін ғылымға айналдырған дарабоз» және Сәния Кабдиева «Бағыбек Құндақбайұлы - патриарх казахского театроведения» атты баяндамаларында ғалымның ұлттық театр сыны мен театртану ғылымына қосқан үлесін саралады. Меруерт Жақсылықова «Театрлық ой: дәстүр, дағдарыс және заманауи кеңістік» тақырыбында театр өнеріндегі дәстүр мен қазіргі үдерістердің арақатынасын қарастырды.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Светлана Викторовна Ананьева «Модификации современных жанров драматургии (в контексте научного наследия Багибека Кундакбаева)» атты баяндамасында ғалымның зерттеулерін қазіргі драматургиядағы жанрлық өзгерістермен сабақтастыра зерделеді.

Халықаралық ғылыми пікір алмасуға шетелдік зерттеушілер де қатысты. Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының «Өнертану және мәдениеттану» кафедрасының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы Туляходжаева Мұхаббат Турабовна «Многообразие творческой палитры театрального деятеля Кундакбаева Багибека Кундакбаевича» тақырыбында баяндама ұсынды. Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігінің өкілі Турдубекова Элеонора Маратқызы «Багыбек Кундакбаев и формирование методологии казахстанского театроведения» атты баяндамасында ғалымның театртанушылық зерттеулерінің маңызын қарастырды.

Конференция материалдары цифрлық форматтағы жинақ түрінде жарық көретіні хабарланды. Басылымға Бағыбек Құндақбайұлының ғылыми мұрасы, ұлттық театртанудың қалыптасуы мен даму бағыттарына арналған зерттеулермен қатар, музыкатану саласындағы еңбектер де енгізіледі. Атап айтқанда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкерлері, өнертану ғылымдарының кандидаттары Аманкелді Мұқанның, Анар Еркебайдың, Айнұр Қазтуғанованың, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Зухра Исламбаеваның, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ақлима Омарованың, сондай-ақ Институттың жас ғылыми қызметкерлері Мәншүк Тәшімова мен Гаухар Мұкашеваның және т.б. баяндамалары жинаққа ұсынылады.

Конференция аясында «Ғалым. Сыншы. Ұстаз» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтіп, басылым оқырманға жол тартты.

Жиынның маңызды оқиғаларының бірі – ғалымның қызы Гүлжамиля Бағыбекқызының әкесінің қолжазбаларын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мұрағатына табыстауы болды. Бұл қадам ғалымның жеке мұрасын сақтап, болашақ зерттеулерге негіз болатын дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу жолындағы маңызды бастама саналады.

 

Конференция Бағыбек Құндақбайұлының ғылыми мұрасының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайтынын, оның зерттеушілік ұстанымы мен ұстаздық өнегесінің кейінгі буын үшін маңызын айқындады. Ғылыми баяндамалар, естеліктер, жаңа басылымдардың таныстырылымы мен қолжазбалардың Институт мұрағатына тапсырылуы ғалым еңбектерін жүйелі түрде зерделеуге тың серпін береді. Халықаралық басқосу ұлттық өнертану ғылымындағы ғылыми сабақтастықты нығайтып, отандық зерттеулерді кеңірек ғылыми кеңістікке танытуға жол ашты.

ҚАЗТУҒАНОВА Айнұр Жасағанбергенқызы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Телеграм арнаға жазылыңыз
#ғалым #мерей той #театр
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде сөз сөйледі

Бүгін 19:01

Бала тұлғасы және педагог кәсібилігіне арналған халықаралық жиын өтті

Бүгін 18:29

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа тарихи меже алдындағы ортақ міндет – Достастықтың халықаралық беделді ұйым ретіндегі әлеуетін күшейтіп, жаңа геосаяси жағдайға бейімдеу»

Бүгін 18:12

Алматыда дәрігерлер инсульт алған науқастарды, тіпті терең қарттық шағында да аман алып қалуда

Бүгін 18:03

Алматы қаласында Белсенді ұзақ өмір орталықтары арасында қалалық үстел теннисі турнирі өтті

Бүгін 17:58
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);