Қазіргі кезде қаржы жинаудың түрлі тәсілдері бар. Біреулер ақшасын банкте сақтаса, енді біреулер инвестиция арқылы көбейтуді көздейді. Ал ислам дінін ұстанатын азаматтар үшін пайыз мәселесі де ұмытпау керек. Сондықтан, қаржыны жинаудың әрі қауіпсіз, әрі тиімді жолдарын түсіну әр адам үшін маңызды.
Кейінгі жылдары Қазақстанда қаржы нарығының дамуы азаматтарға жинақтарын әртүрлі құралдар арқылы басқаруға мүмкіндік берді. Дегенмен қаржы жинаудың ең тиімді тәсілі – адамның мақсаттарына, тәуекелге дайындық деңгейіне және қаржылық сауаттылығына тікелей байланысты.
Aqshamnews.kz тілшісі Қазақстан азаматтары арасында кең тараған негізгі қаржы жинау тәсілдерін қарастырып көрді.
Банктік депозит: қауіпсіз әрі түсінікті құрал
Қазақстандықтар арасында ең көп тараған жинақ тәсілдерінің бірі - банктік депозит. Көпшілік үшін бұл қаражатты сақтаудың қарапайым әрі салыстырмалы түрде қауіпсіз жолы болып саналады.
Қаржы мамандары депозиттің басты артықшылықтарының бірі – қаражаттың сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілуі екенін айтады. Қазақстанда жеке тұлғалардың салымдары депозиттерге кепілдік беру жүйесі арқылы сақтандырылған. Яғни банк лицензиясынан айырылған жағдайда мемлекет белгіленген лимит көлемінде салымшылардың ақшасын қайтарады.
Қазіргі ережелер бойынша өтемақы көлемі мынадай:
20 млн теңгеге дейін – теңгемен жинақ депозиттері
10 млн теңгеге дейін – теңгемен басқа депозиттер
5 млн теңгеге дейін – шетел валютасындағы депозиттер
Егер салымшының бір банкте бірнеше шоты болса, олардың сомасы қосылады. Бірақ жалпы өтемақы мөлшері 20 млн теңгеден аспайды.
Депозиттің артықшылықтары
пайыздық мөлшерлеме алдын ала белгілі;
қаражатты басқару оңай (көбіне онлайн);
валютаны таңдауға мүмкіндік бар;
тәуекелі салыстырмалы түрде төмен.
Депозиттің шектеулері
Дегенмен бұл құралдың кемшіліктері де бар. Мысалы, кей жағдайда депозит кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болуы мүмкін. Сонымен қатар мерзімінен бұрын ақша шешіп алсаңыз, есептелген пайыздар азаюы немесе мүлде төленбеуі ықтимал.
Сарапшылардың пікірінше, депозит көбіне қысқа және орта мерзімді мақсаттарға тиімді келеді. Мәселен:
бір жылдағы демалысқа ақша жинау;
тұрмыстық техника сатып алу;
ипотека бойынша бастапқы жарна;
балалардың оқу ақысы.
Сонымен қатар, депозитті қаржылық “қауіпсіздік жастықшасы” ретінде қарастыруға болады. Қаржы мамандары кем дегенде 3-6 айлық шығын көлемінде резерв қалыптастыруды ұсынады.
Қолма-қол ақша сақтау: сенімділік бар, бірақ табыс жоқ
Экономикалық тұрақсыздық кезеңінде кейбір адамдар қаражатын қолма-қол сақтауды жөн көреді. Мұндай жағдайда ақша үйдегі сейфте немесе банктің арнайы ұяшығында сақталады.
Бұл тәсіл психологиялық тұрғыдан сенімді болғанымен, экономикалық жағынан тиімді деп айту қиын.
Артықшылықтары
ақша әрқашан қолжетімді;
банктік тәуекел жоқ;
бақылау толық иесінің қолында.
Кемшіліктері
ақша табыс әкелмейді;
инфляция салдарынан құнсызданады;
ұрлық немесе төтенше жағдай қаупі бар;
Сондықтан сарапшылар қолма-қол ақшаны тек қысқа мерзімді резерв ретінде ғана қарастыруға кеңес береді.
Инвестиция: табыс жоғары, бірақ тәуекел де бар
Кейінгі жылдары Қазақстанда инвестицияға қызығушылық айтарлықтай артты. Елде миллиондаған инвестициялық шоттың ашылуы халықтың қаржы құралдарына деген қызығушылығы өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Инвестициялаудың негізгі бағыттарына мыналар жатады:
мемлекеттік және корпоративтік облигациялар;
қазақстандық және шетелдік компаниялардың акциялары;
инвестициялық қорлар;
биржалық ETF қорлары;
цифрлық активтер.
Инвестицияның артықшылықтары
депозиттермен салыстырғанда жоғары кіріс әкелуі мүмкін
инфляциядан озу ықтималдығы бар
ұзақ мерзімді капитал қалыптастыруға мүмкіндік береді
тәуекелдерді әртараптандыруға болады
Тәуекелдері
нарықтағы бағалардың құбылмалылығы;
қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігі;
дұрыс стратегия болмаған жағдайда шығынға ұшырау қаупі.
Сарапшылардың айтуынша, инвестиция кемінде 3 жыл немесе одан да ұзақ мерзімге жоспарланған жағдайда тиімді нәтиже береді.
Қаржы жинаудың тиімді жолы – әртараптандыру
Қаржы мамандары бір ғана құралға сүйеніп қалмауға кеңес береді. Ең тиімді тәсіл – қаражатты бірнеше бағытқа бөлу.
Мысалы:
3–6 айлық шығын көлемі – өтімді түрде (депозит немесе ағымдағы шот);
қаражаттың бір бөлігі – консервативті құралдарда (облигациялар);
ұзақ мерзімді жинақ – табысы жоғары инвестициялық құралдарда;
Бұл тәсіл тәуекелдерді азайтып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Ислам тұрғысынан депозит мәселесі
Қаржы жинау мәселесінде ислам дінін ұстанатын азаматтар үшін пайыз тақырыбы маңызды. Ислам шариғатында пайыз арқылы табыс табу немесе пайызбен қарыз беру рұқсат етілмейді.
Діни ғалымдардың түсіндіруінше, пайызбен жұмыс істейтін банктердегі депозиттер негізінен қарыз беру және үстеме пайыз алу ретінде қарастырылады. Ал бұл исламда «риба» деп аталып, харам саналады.
Сонымен қатар ғалымдар ислам банктері жоқ аймақтарда мұсылмандарға пайызсыз ағымдағы шоттарды пайдалануға немесе банктің сейфтік сақтау қызметін қолдануға рұқсат беретінін айтады.
Халал инвестиция: қандай құралдарға рұқсат?
Ислам қаржы жүйесінде де инвестиция мүмкіндіктері бар. Бірақ олар белгілі бір шарттарға сай болуы керек.
Акциялар
Мұсылман инвестор компания акцияларын сатып ала алады. Алайда компанияның қызметі алкоголь өндірісі, темекі өнімдері, құмар ойындар, есірткі өндірісі, шошқа шаруашылығы, қару-жарақ өндірісі сияқты салалармен байланысты болмауы тиіс.
Сонымен қатар, компанияның пайыздық қарызы жалпы капиталдың 30%-ынан аспауы керек.
Исламдық қорлар
Кейбір елдерде тек шариғат талаптарына сай компаниялардан құралған арнайы инвестициялық қорлар бар. Мұндай қорлар компанияларды мұқият тексеріп, портфельді шариғат талаптарына сәйкес қалыптастырады.
Сукук
Ислам қаржы жүйесінде облигацияға ұқсас құрал сукук деп аталады. Бірақ оның басты айырмашылығы – инвестор пайыз алмайды. Оның орнына инвестор компания активінің үлесіне ие болып, жобадан түскен пайдадан үлес алады.
Мудараба: исламдағы серіктестік инвестиция
Ислам экономикасында тағы бір кең тараған құрал – мудараба. Бұл инвестор мен кәсіпкер арасындағы серіктестік келісім.
Бұл модельде:
инвестор капитал береді
кәсіпкер жобаны жүзеге асырады
Ал алынған пайда келісім бойынша екі тарап арасында бөлінеді. Егер жоба табысты болса, екі тарап та пайда көреді.
Қаржыны тиімді жинау – тек дұрыс құралды таңдаумен шектелмейді. Ең алдымен адам өзінің қаржылық мақсаттарын, тәуекелге дайындық деңгейін және жоспарлау мүмкіндігін анықтауы керек.
Сарапшылардың пікірінше, қаржылық тұрақтылықтың негізгі қағидалары мыналар:
қаржылық резерв қалыптастыру;
қаражатты әртүрлі құралдарға бөлу;
ұзақ мерзімді жоспар жасау;
қаржылық сауаттылықты арттыру.
Қай тәсілді таңдасаңыз да, ең маңыздысы – қаржыны жоспарлы түрде жинап, оны тиімді басқару. Сонда ғана жинақ тұрақты түрде өсіп, болашақта сенімді қаржылық қор қалыптастыруға мүмкіндік береді