Алматыда әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша ұсталған көлік құралдарын эвакуациялау және мамандандырылған айыппұл тұрақтарының қызметін реттеудің жаңа тәсілдері қарастырылуда, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ұсынылып отырған шаралар рәсімдердің ашықтығын арттыруға, мамандандырылған тұрақтардың жұмысын бірыңғай жүйеге келтіруге және көлік құралдарын эвакуациялау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Өзгерістердің негізгі мақсаттарының бірі – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру. Осы мақсатта ұсталған көлік құралдарын эвакуациялау мен сақтау бойынша бірыңғай тәртіп енгізу, сондай-ақ аталған қызметтерге экономикалық тұрғыдан негізделген тарифтер белгілеу ұсынылады.
Қазіргі уақытта көлік құралын эвакуациялау тарифін 6 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде белгілеу мәселесі қарастырылуда. Айыппұл тұрақтарында сақтау құны көлік құралының санатына қарай айқындалады: мотоциклдер мен екі доңғалақты көліктер үшін 1 АЕК-тен бастап, салмағы 12 тоннадан асатын ірі габаритті көлік құралдары үшін алғашқы тәулікке 4,5 АЕК-ке дейін белгілеу ұсынылады. Бұл ретте көлік құралы мамандандырылған тұраққа қойылған күн үшін төлем алынбайды.
Сондай-ақ эвакуация қызметі үшін төлемнен босатылатын жағдайлар да қарастырылған. Атап айтқанда, төтенше жағдайлар кезінде немесе көлік құралы айыппұл тұрағына жеткізілмей басқа орынға ғана жылжытылған жағдайда эвакуация үшін ақы алынбайды.
Күтіліп отырған өзгерістер жол қозғалысы ережелерінің тоқтау және тұраққа қою талаптарын бұзу жағдайларын азайтуға, жүргізушілер тәртібін арттыруға, көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз етуге, эвакуациялау және сақтау қызметтерін көрсетудің бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға, сондай-ақ жүйені азаматтар үшін анағұрлым түсінікті әрі қолайлы етуге мүмкіндік береді.