Еліміздің туристік әрі мәдени орталықтарының бірі – Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері арасында өткен республикалық спартакиада өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл додада алматылықтардың мерейі үстем болды. Алматы құрамасы лайықты өнер көрсетіп қана қоймай, қатарынан төртінші рет елдегі ең үздік команда екенін дәлелдеді.
Ауқымды спорттық шара 2026 жылғы 1–6 маусым аралығында өтті. Спартакиаданы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен Түркістан облысының білім басқармасы ұйымдастырды.
Жарыстың басты мақсаты – білім беру саласы қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және өңірлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Нәтижелерге қарағанда, алматылықтар бұл міндеттерге үлкен жауапкершілікпен қарағаны анық.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің барлық 18 өңірінен келген өкілдер қатысты. Қатысушылар арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ, бес асық сияқты ұлттық спорт түрлерінде, сондай-ақ волейбол, баскетбол, футбол және үстел теннисі бойынша сынға түсті. Барлық жарыс түрлерінде Алматы құрамасы жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен шынайы командалық рухтың үлгісін көрсетті.
«Біздің әрбір қатысушымыз бар күш-жігерін жұмсады. Біз бұл жарысқа жай ғана қатысу үшін емес, өзгелерге үлгі көрсету үшін келдік. Спортқа деген сүйіспеншілік адамдарды біріктіріп, жеңіске жетелейтінін дәлелдеуді мақсат еттік», – деді Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Асхат Жанбосынов.
Барлық жарыстардың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Алматы құрамасы 17 өңірден келген қарсыластарын артта қалдырып, бірінші орынға ие болды.
Бұл – тарихи жетістік. Алматы командасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы республикалық спартакиаданың төрт дүркін чемпионы атанды. Осылайша Алматы тағы да спорт пен білім саласындағы көшбасшы өңір екенін айқын көрсетті. Бұл жеңіс – жүйелі дайындықтың, қажырлы еңбектің және ортақ мақсатқа деген сенімнің жемісі.