Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдеге ие болды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ташкентте информатикадан 38-ші Халықаралық олимпиаданың (IOI2026) жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алып, 92 елден келген 375 оқушы арасында командалық есепте 10-орынға ие болды. Ал жиналған ұпай саны бойынша Қазақстан құрамасы әлемде 7-орын көрсетті.
Максим Цой – Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы - алтын медаль жеңіп алып, әлемдік жеке есепте 5-орын иеленді.
Үш күміс медальді Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып түлегі Алдияр Сейтбай, Қызылорда облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының түлегі Мансур Мамадахунов және Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS түлегі Асқар Әкежан жеңіп алды.
Қазақстан құрамасының жетекшілері – бірнеше дүркін республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары Темірлан Сатылханов және Айбар Қуанышбай.