Ата Заңның жаңартылған нұсқасы күшіне енуі Қазақстанның саяси және қоғамдық дамуындағы маңызды кезеңнің басталғанын білдіреді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Долкунтай Әлиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Конституциялық өзгерістер мемлекеттік институттарды нығайтуға, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ, реформалар жаңа қоғамдық-саяси тетіктерді енгізу арқылы саяси жүйені жаңғыртуға жол ашады.
«Бұл — саяси жаңғырудың маңызды кезеңі. Жаңарту үдерісі — мемлекеттің табиғи дамуы. Ол азаматтардың, әсіресе жастардың елдің шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді», — деді ол.
Долкунтай Әлиевтің айтуынша, жаңа кезеңде жастардың рөлі айрықша маңызды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жас, білімді әрі ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтарды қоғамдық және мемлекеттік басқару ісіне тарту көзделіп отыр.
Сонымен бірге ол аға буынның тәжірибесі мен жастардың энергиясын ұштастырудың маңызын атап өтті. «Бұл жерде үлкендерді ығыстыру емес, керісінше, тәжірибе мен жаңа көзқарасты біріктіру туралы сөз болып отыр», — деді ол.
Ол сондай-ақ Құрылтай институтының маңызын ерекше атап өтіп, бұл алаңда ел мүддесін жоғары қоятын, заңға бағынатын және стратегиялық ойлай алатын азаматтар топтасатынын жеткізді. Мұндай тетік арқылы елдің даму бағыттары айқындалып, жаңа бастамалар жүзеге асырылмақ.
Сөз соңында ол жүргізіліп жатқан реформалар қоғам бірлігін нығайтып, Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.