ffin.kz

Қазақ сахнасының анасы

Қазақ сахнасының анасы kazpravda.kz

Аты аңызға айналған актриса Сәбира Майқанованың туғанына – 110 жыл



ӨМІР МЕКТЕБІ


Жетімдік, қатал тағдыр ерте есейтті. «Өмір деген көк мұхиттың толқыны» маңдайынан сипамай, жағаға сан лақтырды. Еті тірі екен, сонау Сыр бойынан жақын жұрағаттарға ілесіп, Алматыға жетіп, Сауда техникумына оқуға түсті. Қарны тойып тамақ ішпеген балаға сатушы болу қол жетпестей арман еді ол кезде. Пәтер жалдап, біреудің қорасында тұрып, өлместің күйін кешті.


Осынау азапты күндерді, сатушы боламын деген арманын артқа қалдырып, Алаштың айбынды актрисасына айналған Сәбира Майқанова оңашада ой кешкенде тағдырынан түйген тағылыммен терең тыныстап отыратын еді. Адал болу, ешкімге қиянат жасамау – жетімдіктің оған тартқан сыйы осы. Солай болды да. Жарықтық «Артық ақша ұстауға қорқамын. Балаларыма да осыны өмір бойына айтып жүремін. Адал еңбегіңмен тапқан ақшаны Құдай бойыңа құт қылсын деп отырамын» деуші еді.



Ән салатыны бар еді. Құрбылары ортасында «Қараторғайды» айтатын. Айтқанда жәй әуесқойлық емес, жан-тәнімен беріліп, төңірегін ұйытып тастайтын. Содан бұл бір күні театр барады ғой. Қайдан барсын, қолынан жетелеп, апарған да қожайынның пысық қыздары. Сөйтіп, оның өмірінде күрт бетбұрыс жасалды. Тұлымы желбіреген өрімдей шағында театр табалдырығын аттады. «Жанындай жақсы көрген» сатушылық сандалып қалды. Алғашқы аяқ алысынан-ақ алысқа шабатын шын жүйрік екендігін танытты. Ол кезде театр үшін оқу бітіру, жолдама деген міндет емес. Театрды көтеретін ел ішінен келген осындай тума таланттар еді.



 


ҰЛЫЛАР ҰЛАҒАТЫ


Біз бүгінде неге өткенге жиі оралып, жиі қалам тербейміз. Өйткені, біз сүйекке сіңген көп асыл қасиеттерімізді жоғалтып алған халықпыз. Енді соны жиып алу, бүгінге оралту жолындамыз. Кешегі ұлттың көркемдік дүниесі оның біртуарларымен биік, ұлыларымен ұлағатты еді. Бір ақиқат бар. Тұтас бір халықтың рухани дамуында қазақ театры өзінің парызын, борышын адал атқарып келеді. Сол қасиетті қара шаңырақтың жібек бауын ұстап, уығын шаншып, оның ұлттың ұлылық ұясына айналуына өлшеусіз үлес қосқанның бірі де бірегейі Сәбира Майқанова еді. Сөйлеп кетсе таңдайы жарық шешен, тебіренсе терең, тұңғиық тұлғамен көзі тірісінде бірнеше рет сұхбаттас болдық. Әр әңгімесінде ол бейнебір образға еніп кетіп, өзін сахнада тұрғандай сезінуші еді. Апаймен кездесуге талай мәрте оқталып, жолымыз түйіспей қайтқан күндер де болған. Сондай бір сәті түскен күні басталған мына бір әңгіме оның өнер-өмір жолына ден қойдырған еді.



– Театрға алғаш келген кезім, – деп бастап еді-ау, апай. – Бір күні театр ұлы Мұқаңды қарсы алатын болды. Мұхаңды Наркомпрос алып келді. Үлкен махаббатпен қарсы алдық. Қалекең, Құрекең сөйледі. Ол кісінің түрмеден шыққан беті екен. Театрға «завлит» болып орналасты. Міне, осыдан кейін театрда бұрынғыдан да қызықты өмір басталды. Мұхаңның «Тас түлек» деген пьесасында байдың қызын, «Абайында» Ұлжанды, «Қобыландыда» Көкланды, «Алма бағында» Рая деген қызды ойнадым. Осы рөлге жазушының аса разы болғаны бар. Ол кісінің ерекшелігі көп еді. Театрдың қай жұмысына да ұсақ-түйек деп қарамай, өз жөнімен, ретімен көп араласатын. Тіпті, рөлге дейін өзі үлестіретін. Әйтеуір алдымыздан бір кеңістік ашылып сала берді. Әр қойылымға Сәкен, Бейімбет, Ілияс ағалар жұбы ажырамай келетін. Сол жайсаңдардың бәрінің үйінен дәм таттым. «Айналайын Сәбира талантты, жақсы өсіп келеді» деген сөздерін естіп, қанаттандым. Осының бәрі мектеп, тағылым емес пе?! Мұхаң өзі репетицияға қатысып отыратын. «Ол олай емес, былай ғой» деп, қалай сөйлеу керек екеніне дейін ескертетін. Құдай-ау, сонда қай салада болса да осынша білімді, ақылды қалай игерген деп таңданатынбыз. Қаллеки, Құрекең, Елағаң, Серағаң, Күләш, Қанабектер еш елдің оқуын бітірмесе де, ойы озық туған қандай дара дарындар еді. Ондайларды түсіңде көресің қазір. Майлиннің «Майланындағы» Алтынай алғашқы рөлім болды. Сонда Серке ағай өзі вагонның ішінде репетиция жасап, өзі алып шықты. Не деген жанқиярлық, құштарлық десеңші! Ұлттық өнер үшін ол кезде осылай бел шешпей, аттан түспей, қолайлы жер, жағдай таңдап жатпай-ақ еңбек ететін. Серағаң өнерде өте қатты, талапшыл адам еді. Міне, біз соларды тыңдай білдік, олар бізді тыңдата білді.



Адамды шыңдайтын, қанаттандыратын – ортасы. Ол үшін сол ортаның тоңғаныңда жылытатын шуағы, нұры болуға қажет. Сәбира апай да өзін сондай ортадан түлеп ұшқанына аса бақытты санайтын жандардың бірі еді. Ол үшін кешегі қасиетті қара шалдар үлгі, бір-бір мектеп, университет болды. Солардың – «самородок» сары алтындардың мектебін, тәлімін көрген Сәбиралардың да осал болуға хақысы жоқ еді.


 


ШЫҢҒЫС ШАПАҒАТЫ


Сәбира Майқанова сомдаған алуан түрлі образдар бір төбе де, Толғанайының өзі бір төбе. Толғанай – актриса өнерпаздығының биік шыңы. Кезінде әкемтеатрдың тұрақты көрерменіне айналғандардың оны ұмытуы мүмкін емес. Тіпті, сол күндерде «Ана-Жер-Ананың» әр қойылымы аншлагпен өтетін, сыртта билет іздеп сабылған жұрт. Сәбира апай ойнаған күні театр сыртында жасырын «жедел жәрдем» тұратын деген іспетті аңызға бергісіз гөй-гөйлер де кезіп жүретін. Осы бір аңызға айналған кейіпкер туралы актриса шерткен ғажайып әңгімелер еске түссе, әлі күнге сол әсердің құшағынан ажырай алмайсың. Апайдың өзі де әңгімені майын тамызып, дауылпаз дауысы гүрілдеп, сондай әсерлі айтатын еді ғой. Сондай сұрапыл әңгіменің бір қайырымы мынау:



– Қайсыбір жылы жаңа театрға көштік. (Қазіргі Абылай хан даңғылы бойындағы жастар театрын айтып отыр). Театр репертуарының аз ғана уақытқа жүдеп тұрған кезі. Қоятын пьесаның реті келер емес, – деп әңгімесін бастаған апай бірден «Ана-Жер-Ана» жайына кірісті. – Бір күні Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесін Мәскеу театрлары қояйын деп жатыр екен дегенді естідік. Содан ол повесті Қалтай лезде-ақ аударып тастады. Тамаша тәржіма. Пьесаны Әзірбайжан қолға алды. Толғанай Фарида екеумізге берілетін болды. Өнер ғой, қақпайлау да болмай қалған жоқ. Бірақ режиссер көнбей отырып алды. Ендігі сын маған түсті. Пьесаның өне бойында дамыл тауып отыратын кез жоқ. Кілең аһ ұру, күрсіну, жылау-сықтау, қимыл-қозғалысы, психологиялық иірімі мол, тартысты туынды. Толғанай – іші-сырты бірдей о сындай ауыр сезімдерден құралған, қырыққабат образ ғой. Менің бір әдетім рөлді түсінбейінше, образға әбден еніп, бойыма сіңірмейінше сөз жаттамаймын, кеш жаттаймын. Жаттамайын демейсің, әбден түсінген соң сөздің өзі де ағыл-тегіл келеді де тұрады ғой. Оның үстіне Шыңғыстың сөзі болса ше? Қалтай да жұтындырып аударды ғой. Бұл бір, одан әрісі жанкешті жұмыстың арқасында келді ғой. Құдайдың бір өзгеше сыйы ма қайдам, өзгелерге түнді ұйықтауға берсе, біздің өнер адамдарына ондай рахатты қимаған ғой. Біз түнді жұмысқа арнаушы едік. Балалардың бәрін жатқызғаннан кейін түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін отырып жұмыс істеймін. Содан кейін кішкене бой жазып, сегіз жарымға дейін мызғып алу дағдыға айналып кетті. Қиын сәттер көп болды. Оның үстіне Әзірбайжандай режиссердің қолына түсіп көр. Әзірбайжан тек талантты режиссер емес, қалай еңбек етудің де үлгісін көрсетті ғой бізге. Сонымен спектакль бір айда дайындалып бітті. Рөлді мейлінше игерген сияқтымыз. Әйтсе де, Жайнақтың бір қоштасуға ұқсас жері бар еді, сол құрғыр шықпай қойды. Бөлек-бөлек жасап та көрдім. Өзі бір параққа да жетпейді. Содан бір күні өзімді-өзім ұстай алсамшы. Құдай салмасын бір ашылдым, ағыл-тегіл кетті дейсің, өзімді-өзім білмеймін.



Толғанай Майқанованы ғана емес, ұлт театрын шырқау биікке көтерді. Бұл ретте «Жазылуында жетіспеушіліктер болған шығар. Қазір жазсам бұдан асырар ма едім. Бірақ менің ойымды Майқанова толықтырды» деген Шыңғыстың өз сөзінен артық айта алмаспыз.


Расында да, бұл образ оның бар шығармашылық өміріне шуағын шашып, қанат бітірді. Оны ойнаған күні үш сағаттан астам сахнада болып, тіпті есінен адасып, өзін-өзі ұмытқан күндері де болған. Талай түн ұйқысыздық дертіне де шарпылған. Бірде Қазанда гастрольде жүріп, бір күнде екі мәрте ойнауға тура келді. Сөйтіп, Мәмбетов пен Айтматовтың тандемінің арқасында Одақ көлемінде айтулы құбылысқа айналған, Майқанованың ешкімге ұқсамайтын мәңгілік мәнерімен үндесіп, мәңгілікке көрермен көз алдында Толғанай бейнесі қалып қойды. Ұлы актрисаның өмірінің соңына дейін сахнада көз жасын құрғатпаған, халқын зор рухани ләззатқа бөлеген, мәңгілік ана сағынышын әркімнің жүрегіне өшпестей жазып кеткен Толғанай еді бұл.


...Қазақ сахнасын кешегі Күләштардан бастасақ, өнер биігіне жеткен біртуар жандарға кенде емес. Олар – Хадиша, Бикен, Хабиба, Шолпан, Фарида, Зәмзәгүл болып кете берер еді. Сол кіл ойпаздардың ортасында ой кешкен жылдарын бақытқа балап өтті Сәбира апай. Сонау бүлдіршін күніндегі Алтынай мен 28 жасында ойнаған Ұлжаннан бастап, ұлы аналарымыз – Ақтоқты, Зейнеп, Көклан, Толғанай, Раялардың қайталанбас болмысын бедерлеп, өзі де сахнамыздың анасына айналды.


Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ


«Аlmaty-akshamy». №15-16, 23 ақпан, 2024 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32