Алматыда журналистердің арасында үстел теннисінен жарыс өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы «ADD» үстел теннисі орталығында журналистер мен блогерлер үстел теннисінен бақ сынасты. Спорттық іс-шараны Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі қала әкімдігінің қолдауымен өткізді.
Спорт аренасында осы жолы еліміз бен қаланың белді БАҚ өкілдері, тележүргізушілер, тілшілер, спорт шолушылары, фотографтар мен блогерлер бас қосты. Әдетте осындай оқиғаның бел ортасында жүретін медиа мамандарының өзі бұл жолы жарыстың бас кейіпкеріне айналып шыға келді.
Әр ойын қызықты да, тартысты өтті. Қатысушылардың айтуынша, үстел теннисінде бүкіл ойынның тағдыры бір-ақ сәтте өзгеріп кетуі мүмкін екен.
«Басты ерекшелігі — ойын сәт сайын өзгеруі мүмкін. Сайыста шеберлік қана емес, адамның сабыры мен төзімділігі де сынға түседі. Мұнда күші мығым адам емес, рухы күшті адам жеңіске жетеді», — дейді 31 арнадағы «Информбюро» бағдарламасының продюсері Асқарбек Қазанғап.
«Қатысып жатқандардың кейбірімен былтырғы турнирде кездескенмін. Дайындықтары жоғары екен, сондықтан бүгін барынша жинақы болу керек», — дейді былтырғы турнирдің жеңімпазы, Bizmedia.kz өкілі Айнұр Байтұма.
Қатысушылар жылдамдығын, реакциясын, тактикалық ойлау қабілеті мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, жарыс барынша тартысқа толы болды. Жанкүйерлер әріптестеріне қолдау көрсетіп, бұл жолғы бәсекелі жарыс медиа қауымдастық өкілдерін ұйыстыра түсіп, өте қызықты болып өтті.
Жүлде қоры да жарыстың көрігін қыздырып жіберді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық табыс етті:
— 1 орын — 500 000 теңге;
— 2 орын — 400 000 теңге;
— 3 орын — 300 000 теңге;
— 4 орын — 200 000 теңге;
— 5–7 орындар — 100 000 теңгеден.
Жарыстың тартысты өтуіне бәске қомақты ақшалай сыйлық тігілгені де себеп болды.
Ұйымдастырушылар қонақтарға арнап ойын-сауық бағдарламасы мен фуршет те ұйымдастырды. Бұл іс-шара сөйтіп жай ғана турнир болудан қалып, спорт пен медиа қауымдастықтың үлкен мерекесіне айналды.
«Өткен турнир спорттың түрлі мамандық иесін біріктіре алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Журналистер мен блогерлер жеңіске жеткенімізді хабарлап қана қоймай, өздері де сол жеңіс үшін жанын салып күресе алатынын көрсетті», — дейді іс-шараны ұйымдастырушы, Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі Балсұлу Әлекенова.
Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі орын алғандар:
VII орын – Кирилл Харламов, "МИР" телеарнасы
VI орын – Естай Босжан, "Алатау ақпарат"
V орын – Рауан Мұтайыр, "Курсив" басылымы
IV орын – Саят Шапағатов, "Хабар" телеарнасы
III орын – Ержан Жүнісов, "Информбюро" 31 арнасы
II орын – Алмас Магпоз, "Курсив" басылымы
I орын – Қайрат Зиябеков, "Хабар" телеарнасы
Құттықтаймыз!
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі