Медет Серік Heart Signal жобасында махаббатын іздеуде
Бүгінде Қытайдың жетекші IT компанияларының бірінде консультант болып жұмыс істейтін Медет Серік 2024 жылы Қытайдың ең танымал романтикалық реалити-шоуы – Heart Signal-ға қатысушы атанды. 11 жылдан бері Шэньчжэньде тұратын Медет жоғары технологиялар саласында табысты мансап құрып, Fortune 500 компанияларының басшыларымен жұмыс істеу стратегияларын әзірлеумен айналысады. Оның басты міндеті – ірі корпорациялардың цифрлық трансформациясына шешімдер табу және оларды тиімділігін жоғары деңгейде түсіндіру.
Жолдың басы – кездейсоқ шақырту
Медет бұл жоба туралы бұрыннан білетін, бірақ фанаты болмаған. Шоудың танымалдылығы оның назарын тек тілді жетілдіру үшін кейде эпизодтарын көруге итермелеген. Алайда барлығы күтпеген жерден басталды: Медет Қытайдың Little Red Book әлеуметтік желісіне тіркеліп, бірнеше жазба жариялағаннан кейін, Heart Signal-дың ұйымдастырушылары оған хабарласып, шоуға қатысуға шақырады. Бастапқыда Медет бұл ұсынысты елемей, алаяқтық деп ойлаған. Бірақ қайталап келген шақырту оны сендіріп, кездесуге апарды.
— Ұйымдастырушылармен алғаш кездескен кезде, түсірілім тобының жұмысын көріп, ұсыныстың шынайы екенін түсіндім. Олар менен сұхбат алу үшін екі сағат бойы түрлі сұрақ қойды: өмірбаяннан бастап, махаббат пен арманға дейін. Бірнеше іріктеу кезеңінен өткеннен кейін, менің кастингтен өтіп, жобаға қатысушы болғанымды хабарлады, — дейді Медет.
Heart Signal-дағы алғашқы қазақ
Heart Signal жобасы – алты жігіт пен алты қыз бір ай бойы бірге тұрып, махаббаттарын табуға тырысатын реалити-шоу. 2024 жылы Медет бұл жобаға қатысқан алғашқы шетелдік болды. Оның айтуынша, жобаға қатысу оңай болмаған, өйткені мәдени және тілдік айырмашылықтар оның алдында үлкен кедергі болып көрінген.
— Маған басқа қатысушылармен салыстырғанда өзімді екі есе көбірек дәлелдеуге тура келді. Олар менің қазақ екенімді, мәдениетімді және құндылықтарымды түсінуге қызығушылық танытты. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік болды, — деп еске алады ол.
"Мен сені жақсы көремін" – Қытайда хитке айналды
Медеттің жобаға қатысуы тек оның жеке өмірі үшін ғана емес, қазақ мәдениетін танымал ету үшін де пайдалы болды. Бір эпизодта ол қазақ тілінде "Мен сені сүйемін" фразасының тура аудармасы жоқ екенін, оның орнына "Мен сені жақсы көремін" тіркесі бар екенін айтқан. Себебі, ұлттық менталитетке сай келмейтінін түсіндірген. Бұл сөз Қытайда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде "Мен сені жақсы көремін" танымал хэштегке айналды. Қытайлық танымал әншілердің бірі тіпті бұл тіркесті сахнада айтты.
Қазақстан мәдениетінің елшісі
Медет жобада Қазақстан туралы да әңгімелеп, Алматының таулары мен Шымбұлақтың ерекшеліктері туралы айтып берді. Осыдан кейін кейбір қытайлық жанкүйерлер Алматыға барып, сол тауларды өз көздерімен көріп қайтқан.
— Жоба барысында мен елім туралы айтуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Мен үшін бұл тек жеке тәжірибе емес, Қазақстанды әлемге танытудың да тамаша тәсілі болды, — дейді Медет.
Жеке өмір құпиясы
Жобадағы жұбы туралы сұраққа Медет жауап беруден бас тартты. Себебі, шоу әлі күнге дейін танымал болып, жаңа көрермендер жинап жатқандықтан, бұл құпияны сақтау маңызды екенін айтты. Бірақ бір нәрсе анық: Медет Серік Қытайдың ең танымал реалити-шоуларының бірінде өзіндік ерекше орны бар тұлғаға айналды.