Отандық ғылыми журналдарды «Scopus» тізіміне енгізуге не кедергі?
Scopus, Web of science тізіміне (шетелдік басылымдар рейтінгі) бас-аяғы 15-тен астам қазақстандық журналдар кіреді. Оның ішінде гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар және тағы да басқа сала (тарих, археология, т.б.) бойынша 2-3 журнал ғана бар. Ал 10-нан астам журналдар нақты ғылымдар саласы бойынша енген: дәлірек айтсақ – матетатика, математикалық моделдеу, ақпараттық технологиялар, биология, физика және астрономия, компьютерлік ғылымдар және т.б. Айта кетейік, әлемдік рейтинг тізімінде 6 ай сайын база жаңарып, ғылыми журналдар ауысып отыруы мүмкін.
Хакім Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп қазақ қоғамына ой тастады. Осыдан артық айтар аксиома жоқ шығар. Ғылымның тамырына қан жүгірту – заман талабы.
ХХІ ғасыр түрлі сын-қатерден өтпелі кезең сияқты. Бір бүйірден жаһандану заманы қысып барады. Екінші тұстан геосаясат салқыны да алаңдатады. Адамзат кезінде аспанға ұшып, айды бағындырып, лезде әлемді кезуді қалады. Бұл арманға ізденістің арқасында жетті. Аристотель ғылымның шамын жақты. Әл-Фараби әлемнің екінші ұстазы атанды. Ибн Сина медицина атасы атанды. Әбу Райхан әл-Бируни жердің геоцентрлік жүйесін ойлап тапты. Ньютон тартылыс заңын айналымға енгізді. Ал Альберт Эйнштейн физиканың негізгі теориясын жасады. Кейбір «ақылды бастар» білгірлігі асып, адамзатқа қауіпті нәрсе жасағанын да білеміз. Солардың бірі – динамит. Оны Альфред Нобель жасаған дейтін тұжырым бар. Тағы бірі – «Калашников автоматын» ойлап тапты. Сондай-ақ, адамзаттың тажалы – сутегі мен атом бомбалары күні бүгінге дейін күллі жаһанға қауіп төндіріп келеді. Бұл да адамзат үшін шектен шыққан зауалдың көрінісі болса керек-ті.
Жалпы, ғылымға көңіл бөлудің түрлі жолы, сан қыры бар. Әйтсе де, дамытатын сала бар да, дамытпайтыны тағы бар. Бүгінде өміріміздің барлық саласына дендеп бара жатқан осындай дүдәмал күдік туғызар құбылыс – жасанды интеллектке байланысты қауіпті ойлар да қарапайым пендені алаңдатпай қоймас. Күндердің күнінде сол жасанды интеллектіңіз «ғайыптан тайып», адамзаттың өзіне қарсы шығып, әлгі 5-6 державалардағы атом бомбасының тетігін басып жіберсе, жарты әлемнің күлі көкке ұшады емес пе?! Мұны ойлап жатқандар бар ма?
Дегенмен, білім қуған, ілім іздеген ел озады. Әлемнің дамыған державаларының даму қарқынына зер салсаңыз, әуелі ғылымға көңіл бөлген. Статистика бойынша дамыған мемлекеттер ЖІӨ едәуір бөлігін ғылымға жұмсайды (шамамен алғанда: АҚШ – 7-8%, Жапония – 5-6%, Еуропа елдері – 5%, Қытай – 4% және т.б.) екен. Бұл аталған дамыған және дамушы елдер ғылымды басты орынға қояды. Олар ғылымды ұлттық экономикаларының басты драйвері санайды.
Тақырыпқа орай
Рахман АЛШАНОВ, ҚР ЖОО қауымдастығының президенті:
Гуманитарияны Scopus-тан босатқан жөн
Бізге жаңа білім, ғылым жүйесі керек. Мәселе – ғылым нәтижесінде. Бүгінде үш сатылы бакалавр, магистр, PhD дәреже қорғау жүйесі бар. Талай мәрте қорғаудың ішінде араласып жүрдік. Кейбірі әрең-әрең ғылыми атағын қорғайды. Ғылым өзгеріп жатыр. Мәселен, ақпараттық технология ай сайын өзгеріске түсуде. Мақала жазып, монография жазамын деп жүргенде талап ескіріп қалуы мүмкін.
Ескі білімнен гөрі жаңа инновация керек. Ресей бұрынғы ғылыми қорғау жүйесінде амалсыздан қалып отыр. Солтүстіктегі көршінің жағдайы белгілі.
PhD дәреже алу үшін журналистика, әдебиет пен тарих және т.б. мамандықтардан Scopus талабын сұрап қажет емес, оны ешкім оқымайды. Шетелге мақала жариялаймын деп, әдебиетші, тарихшы, этнограф сияқты ғалымдардың шашы ағаратын болды. Гуманитарияның жүгін жеңілдету керек. Ал техникалық салаға қажет болар. Біз жақсы мақала жазып, тетігін жетік үйрене алмай жүрген болармыз. Дегенмен, сапалы мақала қай жерде болсын басылып шығып жатыр ғой. Нақты ғылымдар мен гуманитарияға талап екі түрлі болса дейміз. Ғылым өркендесе, ел дамиды.
Сейілбек СӘКЕН, фольклортанушы:
Ғалымдар – әлеуметтік жағынан қамсыздандырылуы тиіс
1990 жылы ҰҒА жұмысқа орналастым. Әдебиет, фольклористика саласында істедім. Ол кезде 140 мың рубль алатынмын. Сондай-ақ, академиктер, ғалымдар да арнайы мемлекеттік емханада емделіп, шипажайда демалатын. Тоқырау жылдарынан өттік, алайда ғылым бұл сынақтан басы бүтін өте алмады.
Қазіргі талап бойынша 35 процентильден асатын шетелдік журналда мақаласы жоқ ғалым гранттық жобаға үміткер бола алмайды екен. Сонда мүйізі қарағайдай ғалым бүкіл ғұмырын ғылымға арнайды, бірақ түрлі талап қойып оны жаратпау әбестік. Біз 30 жылдан артық фольклортанушы болып келдік. Дәлірек, 100 томдық «Бабалар сөзі», «Дала фольклорының антологиясы» сияқты жинақтарға, «Қазақ фольклорының қастерлі әлемі», Алтын орда дәуірі туралы және т.б. ғылыми монографияларға қатысып келеміз. Осының бәрі – нәтижелі еңбектің нәтижесі. Керек десеңіз, қолжазба қорында тағы да 100 томға татитын «Халық ақындары» деген атаумен жинақ шығаруға болатын дүние бар. Біз 5–10 жыл көлемінде осыған арнайы грант бөлмесек, әр жерге көшіп қонғанда, қолжазба құриды. Дер кезінде істейтін іс көп.
Бір кездері университетте дәріс оқыдым. Өмірлік тәжірибеден байқағаным, қолжазба оқитын, қазақтың рухани мұрасын зерттейтін кәдуілгі ғалым дайындау қажет. Ол үшін ғылыми қызметкерлердің жағдайы жасалса дейміз. Базалық жалақы ғалымның алға ілгерілеуіне септігін тигізеді. Қазақ ғылымы өркендеп, өсе берсін десек, ғалымдар 3 жылдық жоба аяқталған соң қайда, қалай қадам басарын ойланып отырмаса екен...
Алмас ОРАЛБЕК, PhD докторанты:
Ғылыми қорғауға жеңілдік жасалса дейміз
Біз ғылым саласында 15-16 жылдан бері қызмет атқарып келеміз. Қолжазбаны оқып, төтеден кирилл әрпіне көптеген әдеби, фольклорлық қолжазбаларды көшіріп, талдап, ғылыми еңбек етіп шығарып келеміз. Осы салаға бейімделіп қалдық. Бірнеше жыл бұрын ғылыми дәреже қорғау үшін PhD докторантураға түскенбіз. Енді қорғайтын уақыт келіп тұр. Диссертация, отандық журналдардағы мақалалар әзірленді. Алайда, шетелдік журналға мақала шығару қиын болып тұр. Өйткені, біздің жыршы-жырау, ақын, өлеңші, шежіреге байланысты жазған мақала өтімді емес. Сырт елге елең еткізер дүние керек шығар. Біз техникалық салада оқымағандықтан, Scopus талабын гуманитариядан талап етпесе екен. Әдебиеттану, мәдениеттану, фольклористика, тарих, этнография саласын Scopus алып тастаса, жөн болар еді. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтың дәріптелуіне үлкен жол ашады. Нақты ғылым саласын коммерциялауға болатын болар. Бірақ гуманитария ұлттық идеологияға қызмет қылатынын ұмытпайық.
Көптеген адамдар «қашан ғылым докторы атанасың» деп сұрайды. Бәлкім, шетелге мақала жариялау тәртібі болмаса, баяғыда ғылым дәрежесін алар едік. Егер ғалымның жағдайы жақсарса, отбасы әлеуметтік қамсыздандырылса, кредит, ипотека деген мәселе шешілсе, қазақ ғалымдары ұлттық құндылық пен ұлттық руханияттың баюына зор септігін тигізері анық.
· P.S. Бүгінгі жаһандық ғылымның бастауында ІТ саласын, смартфондар мен заманауи көліктер түрлерін, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды өркендеткен Шығыс Азия мен Батыс елдері тұр. Олар ғылымдағы тың жаңалықтарымен әлемді аузына қаратып отыр. Дәп сондай дәрежеге жету үшін, өркениетті елдер қатарына қосылу үшін қазақ ғылымына серпіліс қажет. Ал ғылымға көңіл бөлінген күні көптеген түйткілдер өздігінен шешілері ақиқат.
.