ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының мәжіліс залында «Қазіргі қоғамдық трансформация үдерісіндегі қазақ философиясы» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – түркі-қазақ философиялық дәстүрінің қазіргі қоғамдық трансформация жағдайындағы маңызын саралау, қазақ философиясының тарихи-мәдени сабақтастығы мен заманауи қоғамдағы орнына қатысты өзекті мәселелерді талқылау, қазіргі цифрлық əлем кеңістігіндегі қазақ философиясының рөлі мен маңызын пайымдау, сондай-ақ ұлттық философиялық ойдың бүгінгі даму бағыттарын айқындау болды.
Жиын ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Кәкімбекқызы Садвокасованың кіріспе сөзімен ашылды. Ол дөңгелек үстелдің маңыздылығына тоқталып, түркі-қазақ философиялық дәстүрінің бүгінгі қоғамдағы рөліне назар аударды.

Іс-шара «Түркі-қазақ философиялық дәстүрі: қазіргі қазақстандық қоғамның трансформациялану үдерісіндегі негізгі идеялар мен басымдықтары» (AP26199931) атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба жетекшісі, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Гаухар Гинаядовна Барлыбаева дөңгелек үстелге модераторлық жасап, ғылыми пікірталастың өту барысын үйлестірді.
Дөңгелек үстел жұмысына еліміздің жетекші ғылыми және жоғары білім беру ұйымдарының ғалымдары жиналды. Баяндамашылар мен қатысушылардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Тұрсын Хафизұлы Ғабитов, философия кафедрасының зерттеуші-профессоры, философия ғылымдарының докторы Гүлжиһан Жұмабайқызы Нұрышева, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Тұрысбекұлы Телебаев, сондай-ақ PhD Райымбек Бақытжанұлы Зейнуллин, PhD Жылдыз Токоновна Амребаева, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Асқар Лесхан Әмірханұлы, PhD докторант Фариза Қайратқызы Қызайбай және басқа да ғалымдар болды.
Сонымен қатар бұл жиынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары – философия ғылымдарының докторы, профессор Дәуренбек Өмірбекұлы Құсайынов, заң ғылымдарының докторы, профессор Зәуре Кәрімқызы Аюпова; Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Дәулетбек Садуақасұлы Раев; Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Қайрат Айтбекұлы Затов; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жеткергенұлы Абдиров; AlmaU «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми орталығының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Нұржан Еркенұлы Кулумжанов қатысты.
Мәдениет пен өнер саласының өкілдері де ғылыми пікірталасқа өз үлестерін қосты. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Музыкатану бөлімінің қызметкерлері – өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Ақлима Қайырденқызы Омарова мен өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Жасанбергенқызы Қазтуғанова дөңгелек үстелде баяндама жасады. Ал өнертану ғылымдарының магистрі Гаухар Әлиханқызы Мукашева және Қазақ ұлттық консерваториясының докторанты Жанна Камбарбековна Кдырниязова іс-шараға қатысушылар қатарында болды.

Жиын барысында ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғалымдары да өз зерттеулерін ұсынды. Олардың қатарында Әлем және қазақ философиясы орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Есентайұлы Нұрмұратов, бас ғылыми қызметкер, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Наталья Львовна Сейтахметова, бас ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Гаухар Гинаядовна Барлыбаева, бас ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Меңлібекұлы Сатершинов, Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Молдашевич Амребаев, Дінтану зерттеулері орталығының жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Алмасбек Дүйсенбекұлы Шағырбай және басқа да зерттеушілер бар.
Дөңгелек үстел барысында қазақ философиясының көрнекті өкілі, профессор М.С. Орынбековтің 80 жылдығына орай ғалымның философиялық мұрасына арналған бірқатар баяндамалар жасалып, шәкірттері мен ізбасарлары өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Дөңгелек үстел аясында белгілі қазақстандық ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Қадырұлы Сейтахметовтің «Нравственный смысл германского идеализма» атты монографиясының қазақ тіліндегі аудармасы – «Герман идеализмінің адамгершіліктік мәні» кітабының тұсауы кесіліп, ғылыми қауымдастыққа жол тартты.

Дөңгелек үстел барысында қазақ философиясының тарихи сабақтастығы, түркі-қазақ философиялық дәстүрінің қазіргі қоғамдағы орны, ұлттық дүниетанымның өзекті мәселелері мен оның заманауи трансформация үдерістеріндегі маңызы кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен зерттеушілердің пікір алмасуы қазақ философиялық ойының әртүрлі қырларын зерделеуге, дәстүр мен қазіргі заман сабақтастығын пайымдауға және осы бағыттағы ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін айқындауға мүмкіндік берді. Жиын қорытындысы қазақ философиясын пәнаралық тұрғыдан зерделеу, ұлттық философиялық мұраны жаңа ғылыми әдіснамалар негізінде зерттеу және оның қазіргі қоғамдық-мәдени үдерістердегі орнын бағамдау қажеттігін көрсетті.
Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор