Қауқарың қалай, құрлық әскері?

Қауқарың қалай, құрлық әскері? Сурет: автор

Бауыржан Момышұлының «Тобыр – армия емес, армия да – тобыр емес» деген терең тағылымды сөзі бар. Расында да, мықты армия – тәртіп пен білімге, кәсіби даярлық пен бірлікке негізделеді. Біздің армияның әлеуеті қандай? Қазақстан Қарулы күштерінің ең ірі әрі көпсалалы бөлігі – құрлық әскерлері. Қауіпсіздіктің берік қалқаны саналатын бұл әскер түрі ел аумағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда құрлық әскерлері заман талабына сай жаңарып, жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Еліміздің қауіпсіздік саясатының басым бағыты – кәсіби әскери кадрлар даярлау және жауынгерлік қабілеті жоғары офицерлерді қалыптастыру. Осы мақсатта Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында жыл сайын оқу-жаттығулар, далалық жағдайда тактикалық марштар мен командирлік машықты дамытуға арналған арнайы жаттығулар ұйымдастырылып тұрады. Солардың ең бірегейі әрі маңызы, болашақ офицерлердің шеберлігі сыналатын –  100 шақырымдық марш. Осы жолы құрлық әскерлерінің дайындық барысын өз көзімізбен көру үшін «Әли» полигонына арнайы барып, далалық шеруге куә болдық. Біз де жауынгерлік ұрыс көлігіне мініп, жаяу әскердің қатарында жүрдік. Олардың әр қадамы мен әскери өмірдің шынайы тынысын бірге сезіндік.

Кәсіби дайындық сыналды

Алматы маңындағы «Әли» оқу орталығының аумағында өткен маршқа 6 мамандық бойынша 120-дан астам курсант қатысты. Олар алдымен нұсқаушылардан тапсырма алып, бағыттарын нақтылап алды. Содан кейін түрлі кедергілерден тұратын 100 шақырымдық далалық шеру басталды. Жаттығу барысында курсанттар 20-дан астам әскери техниканы меңгеріп, оның ішінде танктер, жаяу әскердің жауынгерлік көліктері (БМП) және бронетранспортерлерді (БТР) басқарудағы шеберлігін көрсетті. Әр курсант механик-жүргізуші мен экипаж командирі рөлінде тәжірибе жинап, күрделі жағдайда маневрлеу мен өзара іс-қимыл жасаудағы дағдыларын шыңдады. 

Бронетехникадағы 100 шақырымдық марш – жәй ғана жаттығу емес, курсанттардың төрт жыл бойы алған білімінің қорытындысы іспетті. Дәл осы сынақ олардың кәсіби даярлығының ең жоғары бағасы саналады.

Марштың басты мақсаты – тактикалық, арнайы және техникалық дайындық элементтерін тәжірибе жүзінде пысықтау, болашақ офицерлердің кәсіби шеберлігін арттыру және бөлімшелерді қозғалыс кезінде басқару машығын жетілдіру. Теорияда алған білімін тәжірибеде сынап көретін сынақ алаңында әр курсант командирдің рөліне енеді.  Сын сағатында жедел шешім қабылдап, тактикалық ойлау қабілетін айқындайды. 100 шақырымдық жолдағы түрлі кедергілерден өтіп, маршты сәтті ұйымдастыру және байланыс пен басқаруды үздіксіз қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.

Әскердің қуаты – тәжірибеде

Мұндай тәжірибелік оқу-жаттығулар болашақ офицерлердің жауынгерлік рухын, табандылығын және төзімділігін шыңдайды. Дала жағдайында өтуі курсанттарға нағыз жауынгерлік ортаға бейімделуге мүмкіндік береді. Оқу барысында олар атыс, тактикалық және әдістемелік машықтарын жетілдіріп, ұрысты ұйымдастыру мен жүргізудегі қабілеттерін арттырды. Жаттығу сәтті аяқталған соң 100 шақырымдық маршты еңсерген курсанттарға 3-санаттағы механик-жүргізуші куәлігі табысталады.

Курсанттар әскери техниканы меңгеріп қана қоймай, төтенше жағдайда нақты әрі дұрыс шешім қабылдау бойынша да тәжірибе жинақтады. Институт оқытушылары курсанттардың қарулас достарымен жұдырықтай жұмылып әрекет етуіне де ерекше мән берді.  Бұл оқу-жаттығу – болашақ офицерлердің төрт жылдық еңбегінің қорытындысы, олардың өмірлік жолындағы маңызды белес.

«Ең бастысы – тонның ішкі бауындай бірге болу»

–          Бүгін біз үшін тарихи күн болды, – дейді 4-курс курсанты Дінмұхамед Талғатұлы,  – Мен танк бөлімшелерін басқару бөлімінде оқимын, яғни танкішімін. Бұл маршта біз төрт жыл бойы алған теориялық білімімізді тәжірибе жүзінде сынадық. Дайындығымыз жоғары деңгейде өтті. Өйткені, марш – тек физикалық төзімді емес, тактикалық ойлау мен техникаға деген жауапкершілікті талап ететін маңызды сынақ. Марш кезінде бізге түрлі тапсырмалар берілді. Мәселен, техникамен маневр жасау, кедергілерден өту, қарсы жақтан болатын шартты шабуылдарға тойтарыс беру сияқты жаттығулар. Әрқайсымыз өзімізге бекітілген әскери техниканы басқарып, тапсырмаларды уақытында орындауға тырыстық. Танк командирі болу ұрыс кезінде айла-тәсілді ғана емес, сын сағатта жедел қимылдауды талап етеді. Дегенмен, жауынгерлер үшін ең бастысы – тонның ішкі бауындай бірге болу», – дейді деді курсант.  

Бұл – әскери қызметтің ең жауапты әрі күрделі бағыттарының бірі. Танк техникасы жоғары дәлдік пен шеберлікті талап етеді. Курсанттың айтуынша, танк – қуатты броньмен қорғалған, кез келген жер бедерінде еркін қозғала алатын сенімді техника.

 «Әли» полигонында өткен 100 шақырымдық марш кезінде курсанттардың қайсарлығына, темірдей төзімі мен рухына куә болдық. Шаң мен түтін астында, балшық пен тау-тастағы әсерлі сәттерде міндетін абыроймен орындауға деген жігері ерекше байқалды. Әскердегі әрбір сәт – қатаң тәртіптің мектебі екенін айқын сезіндік.  Сондықтан болашақ офицерлердің далалық машықтарын жетілдіру мен кәсіби дайындықтарын арттыру – мемлекеттің қорғаныс саясатының басты бағыттарының бірі болып қала бермек. Ал елдің тыныштығын бәрінен биік қоятын жауынгерлер үшін бастысы  –  антқа адалды

Жәнібек СҰЛТАНҰЛЫ, С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты бастығының оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі бірінші орынбасары, полковник:

Офицерлік жол осыдан басталады

Бүгінгі марш барысында курсанттар белгіленген бағыт бойынша 100 шақырымды артқа тастады. Маршқа төртінші курс курсанттарының алты әскери мамандығы қатысты. Олар: мотоатқыш бөлімшелерін басқару, танк бөлімшелерін басқару, барлау бөлімшелерін басқару, десанттық-шабуылдаушы бөлімшелерді басқару, тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы; техникалық қамтамасыз ету мамандықтары.  Маршты орындау кезіндегі барлық негізгі элементтер қарастырылды.  Миналы-жарылғыш бөгеттерден, қауіпті аймақтардан өтіп, диверсиялық-барлау топтарының әрекеттеріне және ұшқышсыз ұшу аппараттарының ықтималды шабуылдарына қарсы іс-қимыл жасауды тәжірибе жүзінде меңгереді.  Сондай-ақ, далалық жағдайда жанармай құю, азық-түлікпен қамту және бөлімшелердің марш кезіндегі өзге де ұйымдастыру шаралары тыс қалған жоқ.  Яғни әскери қызметшілердің марш жасау барысындағы барлық аспектісі толық қамтылды.

Жалпы, мұндай практикалық сабақтар институттың әр курсында өткізіледі. Бірақ 100 шақырымдық марш – тек төртінші курс курсанттарының оқу бағдарламасына енген тәжірибелік дайындық түрі. Басқа курстарда да түрлі практикалық жаттығулар бар: атыс дайындығы, жауынгерлік машиналардан оқ ату, тактикалық іс-қимылдар орындау және т.б. Соңғы жылдары курсанттар танкіден штаттық атыстарды да орындайды. Бұл тәжірибе екінші курстан бастап төртінші курсқа дейін жүйелі түрде жүргізіледі. Әрбір курсант оқу бағдарламасына сәйкес колонна құрамында 100 шақырымдық маршты өз күшімен еңсеруі тиіс. Ал әскери техникалардың өзі жүріп өте алатын қашықтық түріне қарай өзгереді.

 

 

Мейіржан БАҚТЫБЕКҰЛЫ, С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының Жүргізу кафедрасының аға оқытушысы, полковник:

Жауапкершілікті сезінуді үйренеді

Марш кезінде курсанттар Т-72 танктерін, БМП-2 жаяу әскер ұрыс машиналарын, БТР-60 сауытты транспортерлерін және басқа да әскери техникаларды басқарды. Сонымен қатар, тылдық және техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері де өз міндеттерін атқарып жатыр.

Құрлық әскеріндегі негізгі техника – жауынгерлік ұрыс машинасы. Техникаға жанармай құю, далалық жағдайда азық-түлікпен қамтамасыз ету, техника ақауларын жөндеу жұмыстары көрсетіледі. Бұл да курсанттардың тәжірибелік дайындықтарының маңызды бөлігі. Егер техника бұзылса, арнайы техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері оны жөндеп, қайта сапқа қосады.  Марш барысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен, колонна белгіленген бағыт бойынша қозғалысты бастайды. Әр төрт-бес сағат сайын «привал» – яғни демалыс пен техникалық тексеріс уақыты белгіленеді. Сол кезде курсанттар техниканың жағдайын тексеріп отырады.

Негізгі назар жаяу ұрыс бөлімшелеріне, мотатқыштарға, танкішілерге, десантшылар мен барлаушыларға аударылады. Десек те, мамандықтарды бөліп-жармаймыз, әрқайсысының өз орны бар.  Сондай-ақ, психологтар мен тәрбиешілердің де әскери оқу процесіндегі рөлі ерекше.

Біздің басты мақсатымыз – курсанттардың кәсіби және физикалық дайындығын арттыру, әскери взвод ішіндегі өзара үйлесімділікті қалыптастыру және кез келген жағдайда нақты шешім қабылдай білуге үйрету. Осындай оқу-жаттығулар курсанттарға тәжірибе жинақтап, болашақ офицер ретінде жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:01

14:56

14:27

13:47

12:40

12:17

12:12

12:09

12:07

12:03

12:00

11:54

11:44

11:10

10:46

10:40

10:33

10:26

10:04

09:52

09:37

09:15

08:44

08:30

17:35