Оқу-жаттығуға 15000-нан аса әскери қызметші қатысты
Қазақстанның Қарулы Күштерінде жауынгерлік жаттығуға барынша жақындатылған жағдайда бөлімшелердің далалық машығы мен үйлесімділігін жетілдіру мақсатында батальондық (дивизиялық) тактикалық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Барлық әскери бөлімдер мен құрамаларды толық жауынгерлік даярлыққа келтіре отырып, батальондық (дивизиялық) тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Аталған оқу-жаттығудың басты мақсаты – жеке құрамды үйлесімді іс-қимыл жасауға машықтау, білімді іс жүзінде бекіту, дағдылар мен ептілікті нығайту. Жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған жаттығу барысында командирлер бөлімшелерді шебер басқаруды жетілдірді.
Бөлімдер мен құрамалардың жеке құрамы дабыл бойынша көтеріліп, бөлімшелерді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру шаралары іске асырылды. Тұрақты орналасу пунктінің әскери қызметшілері оқу-жаттығу полигондарына жауынгерлік техникамен марш жасап, онда атыс және арнайы тактикалық тапсырмаларды орындады.
– Оқу-жаттығуда командирлердің дербес шешім қабылдауын қажет ететін іс-қимыл, бөлімшелер мен әскери бөлімдерді басқару бойынша кенеттен туындайтын міндеттерді орындауды талап ететін күрделі, стандартты емес жағдай жасалды, – деп атап өтті Бас штаб Жауынгерлік даярлық департаменті бастығының орынбасары, полковник Владимир Кан.
Жауынгерлік атыс жаттығулары кезінде ұтымды тактикалық іс-қимылға, қару-жарақты ұрыста шебер және тиімді қолдануға және бөлімшелердің атысын басқаруға, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға баса назар аударылды. Оқу-жаттығу полигондарында күндіз де, түнде де құрлықтағы және әуедегі нысандарға қарудың барлық түрінен атыс жүргізуді көздейтін жағдай жасалды.
Жалпы, бұл оқу-жаттығуға 15000-нан аса әскери қызметші қатысып, 3000-ның үстінде қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.