Бүгінде Алматыда Беларусь капиталы бар 417 кәсіпорын тіркелген, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен кездесті. Кездесуге Беларусьтің Алматыдағы Бас консулы Денис Мелешкин де қатысты.
Тараптар кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ Алматы мен Беларусь өңірлері арасындағы байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Дархан Сатыбалды Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен сенім негізінде жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Екіжақты байланысты нығайтуда мемлекет басшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко арасындағы сындарлы диалогтың маңызы зор. Халықаралық ұйымдар аясындағы тұрақты кездесулер мен екіжақты байланыстар үкіметаралық және өңіраралық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағыт-бағдар береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы шамамен 30%-ға өсіп, 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Алматының да сауда-экономикалық байланысы қарқынды дамып келеді. 2025 жылы қаланың Беларусьпен сыртқы сауда айналымы 480,6 млн АҚШ доллары болса, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 287,7 млн долларға жетті.
Бүгінде Алматыда Беларусь капиталы бар 417 кәсіпорын тіркелген. Олар өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік, қойма қызметі, ақпарат және байланыс салаларында жұмыс істейді.
Кездесуде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, суды тазарту және жеделсаты жабдықтарын жаңғырту салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Almaty Innovation & Financial Zone арнайы экономикалық аймағы базасында өндірісті жергіліктендіру және инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейтуге, сондай-ақ өзара тиімді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.