2023-2025 жылдар аралығында 588 мектеп салу жоспарланып отыр.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында Президенттің тапсырмаларын дереу орындауды қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz сілтеме жасап.
Соның бірі құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды жетілдіру бойынша. Министр құрылыс жұмыстарын орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстары бар мердігерлерді іріктеу мақсатында меншікті құрылыс техникасының болуы туралы міндетті талап белгілеуді ұсынды.
«Ол үшін мамандандырылған техниканың бірыңғай базасын құру жоспарлануда. Бұл олардың бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар құрылыс жұмыстарын орындау үшін өзінің базалық техникасы жоқ мердігерлерді іріктеуден өткізбейді», - деді министр.
Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алуда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуында құрылыс жұмыстарын қосалқы мердігерлікке заңсыз беруді шектеу мақсатында келесі жағдайларда Сатып алу туралы шартты бұзу мүмкіндігі қарастырылады:
- қосалқы мердігерлерге жұмыстардың шекті көлемінен асқан кезде;
- тапсырыс берушімен келісілмеген қосалқы мердігерлерді тарту кезінде.
Сонымен қатар ол «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін 2023 - 2025 жылдар аралығында 588 толық жинақты мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. Құрылыс объектілерінің құнын есептеу жаңа техникалық тапсырмаға және 1 оқушы орнына шығыстарға сәйкес анықталыпты.
Сондай-ақ ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша айтып өтті.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға алдын ала қажеттілік 215 млрд теңгеге жуық соманы құрайды. Бұл ретте, осы іс-шараларды іске асыруға арналған шығыстар көлемі жалпы сипаттағы трансферттерді және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде қосымша пысықталады»,-деді Ерұлан Жамаубаев.
Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының салық және бюджет саясатын жетілдіру жөніндегі тапсырмасы Ұлттық экономика министрлігімен және Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп іске асырылатынын жеткізді.