Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қарағандыда 74 жастағы жергілікті тұрғынның үйінен ноутбук пен әшекей бұйымдар ұрланды. Бейтаныс ер адам үйге терезе арқылы кіріп, аталған заттарды ұрлап кеткен.
Ұрланған ноутбукта зейнеткер үшін ерекше құнды отбасылық фотосуреттер мен бейнежазбалар сақталған. Сондықтан техниканың жоғалуы материалдық шығынмен қатар, қалпына келтіру мүмкін емес цифрлық мұрағаттан айырылуға әкелді. Келтірілген материалдық шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.
Киров полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің орналасқан жерін анықтап, оны ұстады. Ер адам қылмысқа қатысы бар екенін мойындады.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.