«Алматы – біздің ортақ үйіміз». Алматылықтарды сүйікті қаламызды таза да жайлы етуге шақыратын науқан осылай аталады. Республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына орай қалада көктемгі тазалық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Игі іске қала тазалығына жауапты мамандар, тазалаушы жұмыскерлер, сондай-ақ қала тазалығына немқұрайлы қарамайтын еріктілер де қатысуда.
Бүгін тазалау жұмыстары Абай даңғылы мен Наурызбай көшесінен бастап Тимирязев көшесіне дейінгі аралықты қамтыды.
Акция 1 айға жоспарланған, сәуір айында да жалғасын таппақ. Науқанның басты мақсаты – көрікті таза қаланы бұдан да ұқыпты ұстау.
Бұл жөнінде Бостандық ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Оразымбетов мәлімдеді.
– Біз 1 наурыздан бастап 375 көшенің тазалау жұмыстарына кешенді түрде кірістік. Айта кетерлігі, көше, арық бойын ғана тазалап қоймай, тұрғын үйлердің арасына дейін тазалап жүрміз. Аталмыш жұмыстарға 12-13 техника, 40–45 жұмыскер тартылған. Алда Instagram, Facebook парақшаларымызда жұртшылықты ерікті түрде өз қаламызды тазартуға сенбілікке шақыратын боламыз. Мұндай игі істер өз жалғасын табады, – деді ол.
Сонымен қатар, «Алматы тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны жұмыскерлері де өздерінің күнделікті жұмыс барысы туралы айтып берді.
– Алматы қаласының тазалығына өз үлесімізді қосып жүрміз. Бұл біздің қалыптасқан шаруамыз. Өзімізге белгіленген көше бойы мен арықтар сағасын қоқыстан тазартамыз. Осылайша күннің ыстық-суығына қарамай еңбек атқарылады, – деді тазалықшы Венера Бейсенова.