AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Тұлға / Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған халықара...

Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Тұлға 30.04.2026, 12:34 107 yakiya
Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қаламгер, баспагер-редактор, ұлт санасының ұстынына айналған құнарлы шығармалардың авторы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

«Жұмаділов оқулары» аясында ұйымдастырылған келелі жиын «Баспа үдерісіндегі әдеби шығарма: тарихи романдардың рецепциясы мен интерпретациясы» тақырыбына арналды. Конференцияны Ұлттық университеттің журналистика факультеті, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырды.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, тарихшы Берекет Кәрібаев, жазушының ұлы, белгілі ғалым Арман Қабдешұлы, профессор Кәкен Қамзин, Айгүл Рамазан, әдебиеттанушы, сыншы Әмірхан Меңдеке, ақындар Темірғали Көпбаев, Мұрат Шаймаран, Алмас Ахметбекұлы және өзге да қаламгерлер мен ғалымдар қатысты. Сондай-ақ жиынға жазушының отбасы мүшелері, әріптестері мен шәкірттері, журналистика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар, докторанттар және жас зерттеушілер жиналды.

Конференцияда тарихи романдардың көркемдік табиғаты, ұлттық жадымен байланысы, әдеби шығарманың қабылдануы мен интерпретациясы мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны мен тарихи сананы қалыптастырудағы маңызды рөліне, кәсіпқой редакторлық қызметіне ерекше тоқталды.

Жиында Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса қаламгердің тұлғасын айшықтап, тағлымды естелік айтты. Оның айтуынша, Қабдеш Жұмаділов тек әдебиет әлемінде ғана емес, елдік мүдде жолында қайраткерлік қырынан да танылған тұлға.

«Қабдеш ағамыз қаламгер ғана емес, қайраткер есебінде де құрметке жетті. Ол ұлттың сөзін сөйлеп, тарихи әділет үшін күрескен қайсар азамат болды», – деді депутат.

Әдебиеттанушы, сыншы Әмірхан Меңдеке жазушы мұрасындағы ұлттық рух, қазақы дұниетаным мен азаматтық ұстанымға назар аударды. Ғалым-әдебиетшінің айтуына қарағанда, Қабдеш Жұмаділов кейіпкерлері арқылы қазақ халқының тағдыры, абыройы мен тарихи жады сияқты іргелі ұғымдарды терең ашқан. Сыншы әсіресе Айжарық бейнесі арқылы автордың елдік мүддені бәрінен биік қоятын берік позициясы көрінетінін ерекшелеп айтты.

Әмірхан Меңдеке қаламгер прозасындағы тілдік өрнек пен көркемдік қуатқа да айрықша мән берді. Оның пікірінше, Қабдеш Жұмаділов тарихи тақырыпты тек оқиға ретінде емес, ұлт тағдырымен, адам болмысымен және дәуір шындығымен сабақтастыра білген. Жазушы шығармаларындағы әрбір кейіпкер белгілі бір тарихи кезеңнің, қоғамдық ахуалдың көркем бейнесі ретінде көрінеді.

Сыншы мұндай туындылардың бүгінгі ұрпақ үшін тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор екенін бедерледі. Өйткені Қабдеш Жұмаділов шығармалары арқылы оқырман өткен тарихты терең түсініп, ұлттық сана, елдік мұрат және рухани сабақтастықтың мәнін ұғынады.

Жиында сөз алған ғалымдар мен қаламгерлер жазушы шығармаларының бүгінгі әдебиеттану ғылымында да, баспагер-редакторлық бағытытында да, жас ұрпақ тәрбиесі үшін де маңызы зор екенін айтты. Тарихи романдардағы дерек пен көркемдік шешім, авторлық ұстаным, ұлттық мінез және дәуір шындығы ғылыми тұрғыда сараланды.

Конференция екі негізгі бағыт бойынша өтті. Алғашқы секцияда ұлттық тарихи жады және әдеби шығарма рецепциясы мәселелері талқыланса, екінші секция Қабдеш Жұмаділовтің жазушы әрі редактор ретіндегі шығармашылық болмысын ашуға арналды.

Қатысушылар жазушы мұрасының бүгінгі буын үшін маңызы зор екенін ерекшелеп айтып, оны зерттеу мен насихаттау ісін жалғастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар қазіргі баспа үдерісінде тарихи шығармаларды жаңа көзқараспен таныту, оларды жас ұрпаққа жеткізудің тиімді жолдары талқыланды.

Қабдеш Жұмаділов – ХХ ғасырдағы қазақ прозасының ірі өкілдерінің бірі. Жазушы 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағындағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. Шәуешек гимназиясын тәмамдап, 1956 жылы Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Кейін тарихи қазақ көшінің бұйдасын тұтып, елді бастап, атамекенге оралып, ҚазМУ-дегі оқуын жалғастырған.

Қаламгер әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, Мемлекеттік баспа комитетінде жауапты қызметтер атқарды. 1981 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмысқа ден қойды.

Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады», «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние», «Қылкөпір» сынды шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Әсіресе «Соңғы көш» дилогиясы мен «Тағдыр» романы шекара сыртындағы қазақтардың тағдырын шынайы әрі көркем бейнелеген туындылар ретінде жоғары бағаланады.

«Соңғы көш» дилогиясына М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, ал «Тағдыр» романына Абай атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Жазушының еңбектері орыс, түрік және өзге де тілдерге аударылып, халықаралық деңгейде танылды.

Отызға жуық кітабы жарық көрген қаламгердің негізгі шығармалары он екі томдық жинаққа топтастырылған. Қабдеш Жұмаділов – «Қазақстанның халық жазушысы» атағының иегері, «Парасат» және ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған көрнекті тұлға.

Конференция соңында қатысушылар Қабдеш Жұмаділов мұрасы қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас ұлттың тарихи жадын жаңғыртқан рухани қазына екенін жеткізді. Жазушының шұрайлы тілі, шарболат рухқа шомылған шығармалары елдік сана, ұлттық намыс және тарихи әділет ұғымдарын ұрпақ санасына сіңіре бермек.

Дастан ҚАСТАЙ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#конференция
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Президент Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды

Бүгін 14:08

Алматыда Тоқаевтың төрағалығымен ЖИ дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті

Бүгін 14:06

7 және 9 мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады?

Бүгін 12:29

АҚШ-та жазушы Мұхтар Мағауиннің бейітінің басына құлпытас қойылды

Бүгін 12:19

Нұраділ Әлжан Тәжікстандағы Grand Slam турнирінде қола жеңді

Бүгін 11:59
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);