Бас прокуратурада облыстардың және оларға теңестірілген прокурорлардың қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн-қосылуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында прокуратура органдарының 2025 жылғы қадағалау қызметінің қорытындылары талқыланды, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Бас Прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне қайта құру туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады.
Ол Мемлекет басшысымен прокуратураның алдына қойған міндеттердің үлкен жауапкершілік жүктейтінін және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесінде нақты қадамдар қабылдай отырып, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейде жұмыс істеуді талап ететінін атап өтті.
Жаңа Комитеттің басты басымдығы инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болмақ. Бұл экономикалық өсімді нығайтуға және Қазақстанды сенімді әрі болжамды юрисдикция ретінде қабылдауға деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
«Комитет отандық және шетелдік, ірі және орта инвесторлар үшін — экономикамызды дамытуға қаржы, технология және тәжірибе салып отырған әрбір инвестор үшін жүйелі құқықтық қалқанға айналуы тиіс.
Мемлекеттің кепілдіктерімен қатар, инвесторлар да өздеріне алған міндеттемелерді — жобаларды іске асыру, жұмыс орындарын құру және экономиканың нақты секторына үлес қосу жөніндегі міндеттерді адал орындауға тиіс.
Экономика капиталды формалды түрде тартуды емес, оның нақты әрі тиімді қайтарымын талап етеді.Осы орайда прокуратураның рөлі — заңдылықты, ашықтықты және барлық тараптардың жауапкершілігін қамтамасыз ете отырып, теңгерімді сақтау. Осыған байланысты Қазақстанды бүгін де, болашақта да таңдағандардың сенімі тікелей қалыптасады», — деді Берік Асылов.
Бас Прокурор Берік Асылов есепті кезеңде прокуратура органдарының қызметі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ ауқымды цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғанын атап өтті. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағдары ретінде айқындаған «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру жөніндегі жүйелі саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура органдары жүйесінде құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық трансформация жалғасуда. Осы жұмыста Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің жаңартылған функционалы маңызды рөл атқаруда.
Комитет құрылымында қылмыстық қатерлерді болжау орталығы жұмысын бастады. Ол қағидаттық тұрғыдан жаңа — уақтылы алдын алу моделіне негізделіп, деректерді терең талдауға, қоғамдық қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатерлерді болжауға және қылмыстық тәуекелдер туындағанға дейін алдын алу шараларын әзірлеуге бағытталған. Атқарылған талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға сыртқы қылмыстық қауіп-қатерлерге қатысты оларды бейтараптандыру жөніндегі ұсыныстармен бірге 28 нысаналы материал жолданды.
Жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл дербес бағыт ретінде айқындалды. Бұл жұмыс Бас прокуратураның Ситуациялық орталығы арқылы тәулік бойы жүзеге асырылып, ақпараттық кеңістікті тұрақты бақылау қамтамасыз етіледі. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жалған мәліметтердің таралуын анықтауға және талдауға мүмкіндік беретін заманауи бағдарламалық өнімдер, сондай-ақ мұндай фактілерге жедел ден қою және жолын кесу алгоритмдері әзірленді. Бас Прокурор медиакеңістікті мониторингтеуді күшейту және ақпараттық қатерлерге жедел әрекет ету бойынша нақты бағдарлар белгіледі.
Бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың цифрлық әлеуетін жүйелі түрде арттыру қажеттігіне назар аударған болатын. Бұл — мемлекеттік платформалар мен деректер базаларын біріктіру, сондай-ақ азаматтарды цифрлық ортада жалған ақпарат пен фейктерден қорғау жөніндегі кешенді шараларды қабылдауды қамтиды.
Жүзеге асырылып жатқан барлық бастамалар заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» идеологемасына толық сәйкес келеді.
Бас Прокурор Берік Асылов 2025 жылдың 11 айында прокуратура органдары шамамен 200 мың азаматтың әлеуметтік құқықтарын қалпына келтіргенін атап өтті. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері мемлекетке келтірілген зиянның 1 триллион теңгеден астамы өтеліп, 215 млрд теңге бюджет шығындарына жол берілмеді.
Сот саласында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Қадағалау шеңберінде мыңға жуық адамға қатысты сот актілері заң талаптарына сәйкестендіріліп, 150 сотталғанның жағдайы жақсартылды, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша шамамен 3 мың сот актісі түзетілді.
Мемлекеттік айыптаушылардың алғашқы Халықаралық форумы өткізіліп, оның барысында прокурорлар ТМҰ-ға мүше және байқаушы елдердің әріптестерімен адам құқықтарын қорғау саласындағы ұсыныстар мен практикалық тәжірибемен алмасты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық жобаларға құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Прокурорлар тарапынан 2 мыңға жуық инвесторға қолдау көрсетілді.
Мәселен, Маңғыстау облысының прокуратурасы «Aktau Mall» ЖШС инвесторының (сауда-ойын-сауық орталығын салу) өтінішін қарау барысында Фронт-офис жұмысы шеңберінде инфрақұрылымды тартуға (кәріз жүйесі, жол) және нысанды пайдалануға беруге байланысты 3 проблемалық мәселені шешті. Қабылданған шаралар 20 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тарту арқылы 1 500 жұмыс орнын құруға бағытталған.
Астана қаласының прокуратурасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Orbis Heavy Machinery» ЖШС-мен KIA брендіндегі арнайы автокөліктерді шығару жөніндегі келісім жасасуына құқықтық сүйемелдеу ұйымдастырды. Жоба аясында инвестиция көлемі 5,5 млрд теңгені құрып, 150 жұмыс орны құрылатын болады.
«Almaty Museum of Arts» ҚҚ инвесторының өтініші бойынша Алматы қаласының прокуратурасы уәкілетті органның заңсыз әрекеттерінің жолын кесті. Аталған орган рұқсаттың болуына қарамастан абаттандыру жұмыстарын заңсыз тоқтатып, ағаш кесуге арналған құралдарды алып қойған (44 млрд теңге көлеміндегі заманауи өнер музейінің құрылысы).
Қадағалау және тергеу органдары қызметін үйлестіру шараларының нәтижесінде бизнеске қатысты басталған қылмыстық істер саны екі есеге азайды.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру арқылы бұл бағыттағы жұмыс жаңа деңгейге шығып, ол инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және экономикалық өсімді күшейтудің жүйелі құралына айналады, — деді Берік Асылов.
Адам құқықтарын қылмыстық процесс барысында, пенитенциарлық жүйеде сақтау және заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бас Прокурор Берік Асыловтың айтуынша, биыл 3 мыңнан астам адамның заңсыз түрде қылмыстық орбитаға тартылуының жолы кесілді. Азаптау фактілерінің саны бірнеше есе азайды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптауға жол берілген жоқ, суицидтер саны 27%-ға қысқарды, ал сотталғандардың еңбекпен қамтылуы 15%-ға артты.
Есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша белсенді жұмыс жалғастырылды. Қылмыстық есірткі кірістерін бұғаттау алгоритмін іске асыру басталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,6 млрд теңгені құрайтын 195 мыңнан астам «дропперлік» шот бұғатталды, сондай-ақ прокурорлардың бастамасымен тергеп-тексеру шеңберінде 9 млрд теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды.
Жалпы алғанда, соңғы екі жылда заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстарының нәтижесінде мемлекетке 1 трлн 300 млрд теңге көлемінде ақшалай қаражат пен мүлік қайтарылды. Осы қаражат есебінен еліміздің барлық өңірлерінде 434 әлеуметтік нысан салынды. Қазіргі таңда 150-ден астам нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде 99-ы – медициналық мекеме, 48-і – сумен жабдықтау объектісі, 2-еуі – спорт нысаны және 2-еуі – білім беру объектісі. Олигополия субъектілерімен жалпы сомасы 5,2 трлн теңгені құрайтын инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру жөнінде келісімдер жасалды.
Өз сөзінде Берік Асылов «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын прокурорлық қадағалаудың негізгі идеологиялық әрі практикалық бағдаршамы ретінде іске асыруға ерекше мән берді. Бұл тұжырымдама заң алдындағы баршаның теңдігін, жауапкершіліктің бұлтартпастығын және қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
«Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ел көлемінде жаппай әлеуметтік акциялар өткізілуде. Атап айтқанда, «Халық заңгері» акциясы (елдің 250 елді мекенінде 120 мыңнан астам азаматты қамтыды), «Ашық есік күні», «Құқықтық аптека» жобасы және өзге де бастамалар аясында ондаған мың азамат күрделі құқықтық мәселелер бойынша қолдау мен нақты жауаптар алуда. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілетуге арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оған Қазақстаннан және шетелден 300-ден астам қатысушы қатысты.
Есепті жылы прокуратура органдарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстық қатерлерді болжау саласында жасанды интеллект пен ведомствоаралық деректер интеграциясына негізделген заманауи аналитикалық және «ақылды» цифрлық құралдар енгізілді.
Құқық қорғау органдары академиясы да трансформация үдерісінде. Оқу процесіне ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық криминалистика және киберқылмыстарды тергеу бағыттары бойынша практикалық бағдарланған бағдарламалар енгізілді. «Кибер-офицер» біліктілікті арттыру бойынша тақырыптық курстарынан 400-ден астам құқық қорғау органдарының қызметкері өтті.
Прокуратура шетелдік әріптестермен сыртқы коммуникацияларды белсенді түрде дамытып келеді. Төрт келісім ратификацияланып, Сингапурмен (өзара құқықтық көмек туралы келісім) және Катармен (сотталғандарды беру туралы келісім, сондай-ақ өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандум) өзара ынтымақтастық жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Жалпы алғанда, 38 шет мемлекетпен 84 екіжақты келісім жасалған.
Алқа отырысын қорытындылай келе, Бас Прокурор алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді. Прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, қылмыстылықтың жүйелік тәуекелдерін төмендету бойынша құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіруге, сондай-ақ бизнес пен инвесторларды қорғауға шоғырланатын болады.