Қазақстан Президенті Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әйелдердің қоғамдағы рөлі мен ел дамуына қосып жатқан үлесі туралы айтып, бірқатар азаматшаларды мемлекеттік наградалармен марапаттады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі..
Мемлекет басшысы қазақ тарихында ер азаматтармен қатар елдің намысы мен рухын биік ұстаған қайсар қыздардың аз болмағанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, халқымыз «Қыздың қырық жаны бар» деп бекер айтпаған. Ұлт тарихында ерлігімен және парасатымен із қалдырған Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ананың есімдері халық жадында мәңгі сақталады. Олар елдік пен рухтың символына айналған тұлғалар.
Мемлекет басшысы қазіргі қазақ қыздары мен әйелдері де осы асыл жолды лайықты жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде әйелдер ел игілігі жолында түрлі салада табысты еңбек етіп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосуда.
Сонымен қатар нәзік жандылар жауапты әрі күрделі қызметтерде де еңбек етіп жүр. Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету ісінде олардың үлесі зор. Қазіргі таңда еліміздегі судьялардың жартысынан астамы – әйелдер. Ал төтенше жағдайлар, прокуратура, ішкі істер, қорғаныс және арнаулы қызмет салаларында 45 мыңнан астам әйел жұмыс істейді.
Президент халықаралық деңгейде де қазақстандық қыздардың жетістіктерін ерекше атап өтті. Жақында Дубай қаласында өткен арнайы жасақтардың SWAT Challenge халықаралық жарысында Қазақстанның «Томирис» құрамасы қыздар арасында үздік атанды. Олар жарыста жоғары шеберлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Мемлекет басшысы мұндай қасиеттер Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сынды батыр қыздардың ерлік дәстүрін жалғастырып келе жатқанын айтты.
Президент сондай-ақ ғылым, өнер, спорт, медицина, мемлекеттік қызмет және бизнес салаларында табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өтті.
Мәселен, Марфуға Әжіғалиева медицина саласында жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол 40 жыл бойы учаскелік терапевт болып еңбек етіп, дәрігерлер әулетінің негізін қалаған. Осы еңбегі үшін ол Қазақстанның ең жоғары наградаларының бірі – «Отан» орденімен марапатталды.
Ал Жетісу облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізгені үшін оған бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені табысталды.
Сондай-ақ шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева да ерекше марапатқа ие болды. Ол халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып, қазақ халқын зияткер ұлт ретінде танытып жүр. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Алайда Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ол бұл күні Астанаға келе алмады.
Мемлекет басшысы қазақ әйелдері әрдайым қайсарлықтың, еңбекқорлықтың және елге деген адалдықтың үлгісі болып қала беретінін атап өтті.