Полиция күні: жұрт амандығы үшін жан қиған тәртіп сақшылары

  • 15:20, 25 маусым 2025
Полиция күні: жұрт амандығы үшін жан қиған тәртіп сақшылары Коллаж: aqshamnews.kz

23 маусым - Қазақстан полициясы күні. Атаулы датаға орай Аqshamnews.kz тілшісі ел қауіпсіздігі үшін өмірін құрбан етіп, ерлікпен көз жұмған батыр тәртіп сақшыларын еске түсірді. 

Балаларды ажалдан арашалап қалған сержант Қайрат Жұмабеков

2008 жылдың 20 мамырында Қарағанды облысында болған жол апатында сержант Қайрат Жұмабеков өз өмірін 130 оқушы үшін құрбан еткен еді. Алматы – Екатеринбург тас жолында оқушылар отырған автобусты қызметтік көлікпен ертіп келе жатқан ол, қарсы бағыттағы КАМАЗ көлігіне өз көлігін тосып, соққыны өзіне алған. Ол апаттың ауырлығынан оқиға орнында қаза тапты.

Бұл ерлік ел есінде мәңгі қалды. 2024 жылы осы ұмытылмаған ерлікке арналып "Қайраттың қайта жанған жұлдызы" атты қысқаметражды фильм түсірілді. 

Ауыл тыныштығын күзеткен капитан Какабаевтың ерлігі

2008 жылдың 30 шілдесінде Павлодар облысы, Песчаное ауылында полиция капитаны Фарид Какабаев қызметтік уақыттан тыс кезде, жеке көлігін жөндеп жатып, ауылдағы дүкенге бұзақылардың қауіп төндіргенін естиді. Оқиға орнына жеткен полицей тәртіп бұзушының қашып кеткенін байқап, артынан қуады. Қылмыскер мектеп шатырына қашып шығып, ағаш сатымен артынан келе жатқан полицейдің үстіне бетон плитаны лақтырып жіберген. Ауыр жарақат алған Фарид ауруханаға жетпей көз жұмды. Оның орны толмас ерлігі мен кәсіби адалдығы әріптестерінің жадында.

Фарид Какабаев Жаңасібір облысында туған. Әскерден кейін Качир автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып істеп, кейін ішкі істер органдарына қызметке тұрады. Шымкенттегі ІІМ арнайы мектебін, кейін КИПМО-ны бітіріп, тергеуші, кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын инспектор болды. Әріптестері оны "сабырлы, жылдам шешім қабылдай алатын, үнемі ізденісте жүретін кәсіби маман еді" деп еске алып, ерлігін кейінгі буынға үнемі әңгімелеп отырады. 

Антына адал сержант Ақымғалиевтің оқиғасы

2019 жылдың 21 наурызында Атырауда болған оқиға жұртты дүр сілкіндірген еді.  Сол күні "102" нөміріне кешкі сағат онға таяу белгісіз әйелдің көпірден секірмек болғаны туралы хабарлама келіп түседі. Атыраудағы полиция лейтенанты Рүстембек Сундутов пен полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев оқиға орнына бірден ұмтылған-тын. Бірер минуттың ішінде өзенге жедел жеткен тәртіп сақшылары әйелдің көпірден секіріп, суға батып бара жатқанын көреді. Дәл осы кезде Шалқар суға секіріп, оны жағаға шығармақ болған. Оның артынша Рүстембек те суға түседі. Шалқар бойжеткенді қызметтесіне тапсырып үлгеріп, өзі ағын сумен кете барған. Осылайша, жас сержант өзге үшін өз өмірін құрбан етті.

Президент Жарлығымен Рүстембек Сундутов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталса, Шалқар Ақымғалиевқа өмірден өткеннен кейін ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені берілді.

Шалқардың ерлігі Ерке Есмаханның "1001 күн" әніне арқау болған еді. 

Қаңтар оқиғасында полиция бөлімін қорғап қалған қаһармандар

2022 жылдың 5 қаңтарында атыс қаруымен, гранаталармен және отты қоспасы бар бөтелкелермен қаруланған бір топ адам Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция бөліміне шабуыл жасаған. Қаскүнемдер ғимаратты басып алып, кезекші бөлімнің қару-жарақ бөлмесіндегі қару-жарақты иемденуді көздеген. Шабуылға тойтарыс беру кезінде аға сержант Аллен Асылханов пен полиция жүргізушісі Ринат Камбетов қаза тапқан еді. 

Олар бөлімшені аман алып қалып, әріптестерінің өмірін сақтап қалды. 9 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен екеуі де ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

Жасөспірім қызды педофилден құтқарған сержант Ахатов

2024 жылы наурыз айында Семей қаласында 13 жастағы қыз "102" нөміріне қоңырау шалып, өзін белгісіз ер адамның аңдып жүргенін хабарлаған. Хабар түскен сәтте оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері аттанады. Келген тәртіп сақшылары күдіктіні тоқтатпақ болғанда, ол қарсылық көрсетіп, полиция сержанты Асхат Ахатовқа үш рет пышақ салып жарақаттайды. Қызды қорғап, қауіпті әрекеттің алдын алған Асхаттың батырлығы мен кәсіби әрекеті жасөспірімнің өмірін аман сақтап қалды. Өкінішке қарай, Асхат Ахатов сол жылдың қараша айында жол апатынан қаза тапты. 

Бұл – полиция қызметкерлерінің бейбіт күндегі майданы. Олардың әрқайсысы – қауіпке қарсы тұрған қалқан. Ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына бас иеміз. Полиция күні – тек кәсіби мереке ғана емес, ел қорғап жан қиған азаматтарды еске алатын күн.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:39

17:50

17:36

17:32

17:22

17:14

17:07

17:02

17:00

16:55

16:30

16:17

16:16

16:10

15:51

15:20

15:07

14:55

14:31

14:18

13:44

13:25

13:17

13:10

13:03