Қазақстанда Pfizer вакцинасы егілетін адамдардың тізімі кеңейтілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Pfizer вакцинасына тоқталсақ, бастапқы кезеңде бұл екпелер 12 жастан бастап балаларға және жүкті әйелдерге арналады. Кейін осы вакцинамен қамтылатындар тізімін кеңейтуіміз мүмкін», - деді А. Цой Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Pfizer компаниясының вакцинасы 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге рұқсат етілген жалғыз екпе болып тұр.
«Осыған байланысты министрлік Pfizer компаниясымен 2021 жылдың соңына дейін 4 млн доза вакцинаны жеткізу бойынша шартқа қол қойды», - деді министр.