Паркинсон, Counter-Strike, ТikTok: желіде жұлдызға айналған 86 жастағы Саду атаның қызыққа толы өмірі

  • 11:47, 08 қазан 2025
Паркинсон, Counter-Strike, ТikTok: желіде жұлдызға айналған 86 жастағы Саду атаның қызыққа толы өмірі Сұлу Бөлек

Алматыдан бірнеше шақырым жерде 86 жастағы Саду ата тұрады. Оны қарапайым ауыл қариясы десеңіз қателесесіз: ол - әлемдегі Counter-Strike ойнайтын ең қарт адам. Себебі ең танымал қарт киберспортшы Аббе Дракборгтың өзі бүгінде 82 жаста ғана. Үш жыл бұрын Саду атаға Паркинсон диагнозы қойылған. Бірақ ол мойымайды, керісінше, онымен күрестің жолын тапқан. Aqshamnews.kz тілшілері қарияның шаңырағына барып сұхбаттасып қайтты.

TikTok-та Саду атаны көпшілік жақсы таниды. Күлгін түсті тақиясы - оның айрықша белгісі. Таңертең сағат 10 мен 12 аралығында ол компьютерін қосып, екі сағаттай "атысып" алады. Бұл уақытта ол тікелей эфирге шыады. Ал бар-жоғы алты айдың ішінде оның TikTok-тағы жазылушылары 17 мыңнан асып кеткен.

Саду атаның айтуынша, ойын - жай ермек емес, Паркинсонмен күрестегі терапияның бір түрі. Компьютерлік ойын оның ой-қимылын сергітіп, саусақ моторикасын жаттықтырады. 

Атаның бөлмесі - геймерлердің арманы. "Жұмыс орны" толық жабдықталған: мұнда қуатты процессор, екі монитор (оның бірі стримге арналған), сапалы веб-камера, қолға ыңғайлы пернетақта мен тінтуір, сондай-ақ кәсіби құлаққабы бар.

Оның айтуынша, бұл жабдықты ортаншы ұлы Ердос әперген.  2022 жылы дәрігерлер Саду атаға Паркинсон диагнозын қойған. Қарияның айтуынша, ауру таңға таман қозады.

"Мына ойынның арқасында кейде Паркинсон барын ұмытып кетемін. Негізі таңға жақын бастайды, сосын жүргенде сол қолым дірілдеп кетеді. Мұндай кезде бір қолымды екіншісінің үстіне қойып, мойын тұсыма немесе ішіме қойсам бәсеңдейді. Жалпы адам бәріне бейімделеді, шешу жолын іздейді екен", - дейді ол.

Бір қызығы, Саду атаның ұлы Ердоc Counter-Strike ойынын онша меңгермеген. Бірақ ол әкесінің геймерге айналуына себеп болған. Ердоc интернеттен Паркинсон диагнозы бар адамдарға компьютерлік ойындар моторика мен ми белсенділігін жақсартуға көмектеседі деген зерттеуді оқып, бұл тәсілді әкесіне ұсынған. Ал ойын жабдығын жинауға 350 мың теңгедей жұмсалғанын айтты. 

"Толық үйрендім дей алмаймын, кейде "перезаряд" жасауды ұмытып кетем, бірақ күн өте жақсарып келемін. TikTok-тағы комменттерді оқып отырсаң, еріксіз күлкің келеді. Ойын аты ойын ғой, бала болсын, ата болсын, жеңсең - қуанасың. Бірақ мен үшін бұл тек көңіл көтеру емес, үлкен тәжірибе. Көп нәрсе үйрендім, дағдым қалыптасты. Алғашында қиын еді, кейде қате батырманы басып қоятынмын. Өйткені мұнда ми, көз, қол - бәрі бір уақытта жұмыс істеуі керек. Сол арқылы өзімді жаттықтырамын", - дейді ол.

Саду ата тіпті өзіне таныс қарсыластарды да атап өтті. 

"Баба Оля деген ойыншы бар. Ол менен он жас кіші, қателеспесем, Ресейде тұрады. Онымен әлі ойнап көрмедім", - деп жымиып ол.

TikTok-тағы "Саду ата" феномені

Саду атаның TikTok-та 18 мыңға жуық оқырманы бар. Ол күнде тікелей эфирге шығып, ойын сәттерін бөліседі. Эфирге бірден 150-ден аса адам қосылады. Бірі атаның ойынына қызығып жатса, енді бірі оны мотивация дейді. 

 Саду атаның қызыққа толы өмірі

Саду Садықұлы Сапарғалиев 1939 жылы 24 наурызда дүниеге келді. Қария өмірін "екі кезеңге" бөледі.

"2018 жылы жүрегіме ота жасалып, шунт қойылды. Сол күн - менің екінші туған күнім. Жасанды жүрекпен жүргеніме жеті жыл болды. Дәрігерлерге мың алғыс!" - дейді ол.

Өмірінің 52 жылын еңбекке арнаған қарияның кәсібі - энергетика. 1957 жылы мектеп бітіре салысымен жұмысқа кіріскен ол, 1969 жылы Павлодар индустриялды институтын тәмамдап, инженер-электрик болып Талдықорғанда қызмет еткен.

"40 жылдан аса уақыт Энергетика министрлігінде еңбек еттім, 13 жыл басшылықта болдым. Марапатсыз да емес - "Ерен еңбегі үшін", "Ерен еңбегі үшін", "ТМД ардагері" сынды медалдарын алдым", - дейді ата.

Саду Садықұлы кезінде Ресейде тағылымдамадан өтіп, Теміртаудағы домна цехінде де жұмыс істеген.

"Сол кезде Назарбаев пен Сүлейменов те сонда еді. Энергетика - мен үшін тылсым дүние. 18 жастан энергетик болуды армандадым", - деп еске алады ол.

Сұхбат барысында Саду ата бізге көне суреттерін көрсетті. Олардың арасында Домна цехі ашылған сәтте өзі түсірген фотолар да бар екен. 

"Өмірімнің ең ауыр сәті - жұбайымды жоғалту"

Саду ата 1968 жылы үйленген. Үш ұлы бар. Қазір ортаншы ұлы Ердостың қолында тұрады.

"Өмірімнің ең ауыр кезеңі - 2012 жыл. Сол жылы жұбайымнан айырылдым. 40 жыл Талдықорғанда тұрдық, кейін Бірлік ауылына көштік. Тағдыр солай болды", - дейді қария.

 "Бос отырмаймын - жүзім өсіремін, шахмат ойнаймын"

Ойыннан тыс уақытта зейнеткер бау-бақшасын күтеді. Жүзім өсіреді, шахмат ойнайды, кітап оқиды. 

"Көрші баламен шахмат ойнаймыз. Далада ағаш жарамын, пеш жағамын. Отыруға болмайды. Адам бәріне бейімделеді, тек тырысу керек", - дейді ол байыппен.

"Энергияны қайдан аласыз?" деген сұраққа Саду ата күліп:

"Түсте жақсылап демаламын, кешке ерте жатамын. Міне, менің құпиям осы!"- деп жауап берді.

 "Өмірде жеңілмеу керек"

Расымен, Саду - шынайы жеңімпаз. Тіпті тағдырдың ең күрделі сынағының өзін жеңіл әрі құштарлықпен қабылдай біледі. Қария жастарға бата ретінде өмірлік кеңесін де айтты. 

"Өмір сүру оңай емес. Ең бастысы - өзіңе мақсат қойып, соған ұмтылу. Алға қойған мақсаттарыма жеттім деп айта алам. Қазақта "ағаш отырғызу керек, бала өсіру керек, үй салу керек" дейді ғой, соның бәрін орындадым. Адам өміріңнің аяғында "уақытты қалай өткіздім?" деген ой туады. Сол кезде жүрегің тыныш, көңілің риза болуға тиіс", - деп түйіндеді Саду ата.

Айта кетейік, шетелдік дәрігерлер Паркинсон ауруының даму қарқынын баяулататын компьютерлік ойындарды сынақтан өткізген еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:40

14:38

14:30

14:15

14:05

12:45

12:33

12:22

12:00

11:47

11:38

11:24

11:09

10:47

10:37

10:27

10:13

09:57

09:44

09:41

09:29

09:15

09:02

21:57

20:30