ffin.kz

Париж-2024: Олимпиада басталды

Париж-2024: Олимпиада басталды интернет

Жазғы олимпиада тарихындағы биылғы додаға еліміздің атынан 80 спортшы қатысады.

Олимпиаданың ашылу салтанатында  Қазақстанның Туын алып шығу құрметі боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға берілген.

26 шілде мен 11 тамыз аралығында барлық спорт түрінен жарыстарды еліміздің Qazaqstan, Qazsport, "Хабар", "Ел арна", Jibek Joly телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Қазақстан атынан биылғы Олимпиада ойындарына барған 80 спортшының 54-і бірінші рет қатысады.

«Бәйге берем жығылған палуанға да...»

ҚР мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, спортшының алған жүлдесіне байланысты сыйақы сомасы 3 мыңнан 250 мың долларға дейін болады. Төлемдер тек медаль иелеріне ғана емес, төртінші, бесінші немесе алтыншы орындарды иеленгендерге де беріледі. Дегенмен, бұл жағдайда сыйақы айтарлықтай аз болады. Сондай-ақ төлемдердің мөлшері Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының спортшылары үшін бірдей болмақ.

Бірінші, екінші және үшінші орындарға ие болған спортшыларға сәйкесінше 250 мың, 150 мың және 75 мың АҚШ доллары төленеді.

Ал медаль берілмейтін төртінші, бесінші және алтыншы орындар үшін мемлекеттен сәйкесінше 30 мың, 10 мың және 5 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған.

Олимпиада жайлы деректер

Жазғы олимпиада бұған дейін 32  рет өткен.

Париж бұған дейін 1900 және 1924 жылдары жазғы Олимпиада ойындарын қабылдаған болатын және 2024 жылғы ойындар аяқталғаннан кейін Лондоннан кейін үш рет жазғы Олимпиада ойындарын қабылдаған екінші қалаға айналады.

Қазіргі ойындарға іріктеу турнирлері шілде айының басына дейін өтті, ал қазақстандық спортшылар іріктеу кезеңін 25 спорт түрі бойынша 80 лицензиямен аяқтады. Бұл ойындар Қазақстан үшін тәуелсіздік алғаннан бері сегізінші Олимпиада болады.

Үкілеген үміттер

Халықаралық Олимпиада комитеті Париждегі Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық танымал спортшылардың тізімін жариялады. Бұл тізімге барлығы 12 спортшы енген. Бірақ теннисші Елена Рыбакинаның денсаулығына байланысты қатыспайтыны кеше мәлім болды.

Тізімге енгендер еліміз жүлдеден үмітті санап отырған спортшылар. Олардың қатарында боксшы, дюдошы, спорттық гимнастика, теннис, жеңіл атлетика, семсерлесу және күрес түрлерінің өкілдері бар.

Назым Қызайбай – бокс, 50 кило

48 килоға дейінгі салмақта 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанған отандасымыз алғаш рет Олимпиада ойындарында бақ сынайды. Бұған дейін бірде бір рет жолы түспеген еді.

Валентина Хальзова – бокс, 75 кило

69 килоға дейінгі салмақта 2016 жылы әлем чемпионы болған Валентина да алғашқы Олимпиадасына қатысады.

Сәкен Бибосынов – бокс, 51 кило

Мырзағали Айтжанов шәкірті екінші Олимпиадасына аттанды. 2021 жылы Токиода қола жүлдегер атанған. Бұл жолы алтын алуды басты мақсат тұтады.

Әбиба Әбужақынова – дзюдо, 48 кило

Дзюдо рейтингінде үшінші тұрған Әбиба да алғашқы Олимпиадасында бақ сынайды. Ол кейінгі екі бірдей әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған еді.

Елдос Сметов – дзюдо, 60 кило

Ұлттық құрамадағы ең тәжірибелі дзюдошы осыған дейін екі Олимпиада ойындарында қоржынымызға жүлде салған. 2016 жылы Риода күміс алса, 2021 жылы Токиода қола медальды қанағат тұтты. Елдос үшін Париж Олимпиадасына бару оңай болған жоқ. Рейтингілік жарыстардан бөлек, өзара өткен ішкі белдесулер арқылы да мықтыны анықтады.

Милад Карими – спорттық гимнастика, көпсайыс

2023 жылғы әлем чемпионатында Милад Қазақстан құрамасына тарихи жүлде сыйлады. Ол еркін жаттығуда қола жүлдегер атанды. 26 жастағы спортшы екінші Олимпиадасында бақ сынайды.

Нора Джеруто – жеңіл атлетика, 3000 метрге кедергілермен жүгіру

Кениялық желаяқ 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан атынан жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Сол жылы әлем чемпионатында тарихи алтын жүлдеге қол жеткізді, рекорд жаңартты. Кейіннен допинг дауына ілігіп, жарыстардан уақытша шеттетілді.

2024 жылғы 25 маусымда халықаралық арбитраждық сот шешім шығарды. Олардың шешімі бойынша World Athletics-тың 2023 жылғы 24 қарашада допинг қолдануы жайлы берген апелляциясын қабылдамады. Осылайша ұлттық құрама спортшысы күдіктен толығымен ақталды.

Руслан Құрбанов – семсерлесу, шпага

2023 жылы әлем чемпионатында жүлде алған спортшы Қазақстан құрамасына тарихи жетістік сыйлады. Ол екінші Олимпиадасында бақ сынайды.

Айдос Сұлтанғали – грек-рим күресі, 60 кило

Балуан екі рет әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Алайда алғаш рет Олимпиада ойындарында бақ сынайды. Төртжылдықтың басты додасына қатысуды 15 жасынан бастап армандаған.

Демеу Жадыраев – грек-рим күресі, 77 кило

Қазақ балуаны 2017 жылы әлем чемпионатында 71 килоға дейінгі салмақта күміс алды. Токиода 77 килоға дейінгі салмақта белдесіп, жүлдеге ілікпеді. Парижде де осы салмақта боз кілемге шығады.

Азамат Дәулетбеков – еркін күрес, 86 кило

2022 және 2023 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген Азамат өз салмағында фавориттер қатарында. Алғашқы Олимпиадасында жүлде үшін күреседі.

Олимпиаданың бюджеті қанша?

Париж-2024 олимпиадасының бастапқы бюджеті, яғни тапсырыс берген кездегі жалпы құны 6,2 миллиард евро деп бағаланған. IFRAP тәуелсіз сараптама орталығының мәліметі бойынша қазір бұл сома 2 еселенген. Қазір 2024 жылғы олимпиада ойындарының бюджеті 11 млрд евро екені белгілі болды. Париж олимпиадасының ашылу салтанатының құны 122 миллион евро.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55