Алматыда көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойына арналған тағылымды әдеби кеш өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Рухани басқосуда ақынның шығармашылық мұрасы, азаматтық келбеті, әлем әдебиетіндегі орны мен уақыт өткен сайын биіктей түсетін тұлғалық болмысы кеңінен сөз болды.
Мерейтойға орайластырылған кешке зиялы қауым өкілдері, әдебиет пен ғылым саласының мамандары, оқырман қауым және ақын шығармашылығына құрметпен қарайтын қонақтар жиналды. Қонақтар қатарында философия ғылымдарының докторы, профессор, фарабитанушы Жақыпбек Алтаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин, журналистика теоретигі, белгілі зерттеуші Сағымбай Қозыбаев, Болат Өтемұратов қоры Бас директорының орынбасары Гүлмира Мурзалинова, сондай-ақ ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген болды.
Жиында сөз алғандар Олжас Сүлейменов шығармашылығының бірнеше буынның дүниетанымына ықпал еткенін ерекше атап өтті. Ақын поэзиясындағы терең ой, биік парасат, адамзаттық құндылықтар мен қоғам алдындағы жауапкершілік оның қаламгерлік қуатын ғана емес, азаматтық болмысын да айқындай түсетіні айтылды.
Кеш барысында журналистика теоретигі, белгілі зерттеуші Сағымбай Қозыбаев та баяндама жасап, Олжас Сүлейменовтің ұлт бірлігіне айрықша мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, ақын қашанда елдің ынтымағы нығайып, қазақтың бақ-берекесі арта түсуін тіледі. Сондай-ақ ғалым қаламгер туындыларындағы ұлттық мінез бен халықтық реңкке арнайы тоқталды.
Мерейтой аясында «Поэмалар кітабының» тұсаукесері өтті. Бұл басылымға Олжас Сүлейменовтің классикалық поэмаларымен қатар, бұрын-соңды жарияланбаған туындылары да енген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жинаққа ақынның әр жылдары жазған барлық шығармалары түгел топтастырылмаған. Оның орнына көркемдік қуаты мен ой салмағы терең, уақыт тезінен өткен таңдаулы поэмалары іріктеліп берілген.
Кітап «Адамға табын, Жер енді!» поэмасымен ашылады. Одан кейінгі шығармалар адам болмысы, сана, рух, уақыт пен тіршілік мәні секілді мәңгілік тақырыптарды арқау етіп, оқырманды терең ойға жетелейді. Поэмалар бірінен бірі табиғи өріліп, ақынның көркемдік әлемін, ой кеңістігін, шығармашылық ізденісін айқын танытады.
Жаңа басылымның басты ерекшелігінің бірі – бұрын жарық көрмеген «Сиыр белгісінің тарихы» поэмасының алғаш рет жариялануы. Бұл туындыны әдеби сыншылар осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ «болашақтан келген қонақ» деп бағалаған.
Жалпы, бұл жинақтағы әр поэма – ұлттық мәдениетіміздің шежіресіне айналған қымбат мұра. Сондықтан жаңа басылым ақынның әдеби әлемін бүгінгі оқырманға жақындата түсетін маңызды еңбек ретінде бағаланды. Кеш барысында ақын мұрасын ұлықтау мақсатында арнайы кітап табыстау рәсімі өтті. Арнайы кітапты Кенесары ханның ұрпағы Мұрат Натайұлы Кенесары, меценат Санат Цукубаева және ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Қайрат Мұқанов табыс етті.
Жиналған қауым жаңа жинақ Олжас Сүлейменов мұрасын жаңа қырынан танытып, ақын шығармашылығына қызығатын оқырман үшін құнды рухани олжа болатынын айтты. Кеш соңында көрермен назарына «Қазақфильм» киностудиясы мен IG company ұсынған «Адамдарды алдаған емеспін» атты деректі фильм ұсынылды. Туындыда белгілі қаламгер, ақын, аудармашы әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің шығармашылық және азаматтық болмысы кеңінен көрініс тапқан.
Осылайша, Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған рухани кеш ақын мұрасын ардақтап қана қоймай, оның шығармашылық әлемін жаңа буынға жақындата түскен маңызды мәдени оқиғаға айналды.