ffin.kz

Отбасы құндылығына көлеңке түсіру – күнә

Отбасы құндылығына көлеңке түсіру – күнә Almaty-akshamy.kz

Отбасын құру деген бүгінде жастардың басым көпшілігі үшін маңызды мақсат болудан қалды. Деректер соңғы жылдары елімізде заңды түрде тіркелген неке саны айтарлықтай азайғанын көрсетеді. Тіпті отау құрғандардың өзі некесін ресми түрде рәсімдеуден көбіне бас тартатын көрінеді.

Ғаламторға, әлеуметтік желілерге қарасаң – жарнамаланбайтын нәрсе жоқ: өз-өзіңді қалай дамыту мен қалай баюдан бастап, қайда қыдыру, қалай көңіл көтеру, не ішіп-жеу керектігіне дейін жілікше шағып, құлағыңа құйып береді. Насихатталмайтын нәрсе кемде-кем. Есесіне, жастарды уақытымен үйленуге, тұрмыс құруға үндеп, жалпы, отбасы құндылығын дәріптейтін жарнама жоқтың қасы.

Керісінше, отбасы, ерлі-зайыптылық, әке мен бала, ене мен келін, олардың қарым-қатынасы, тұрмыс-тіршілігі кейбір бейпілауыз сықақшылардың сахнадағы жөнсіз әжуасына, сайқымазағына айналды. Осыдан келіп отбасы – бергі жағын айтқанда, адам өміріндегі бағалы құндылық, ал түптеп келгенде, ұлттың, мемлекеттің негізгі тірегі деген түсініктің өзіне көлеңке түсіп жатқанын аңғармауға айналдық.            

Бас құрауға жастар не себепті құлықсыз екенін саралап көруге тырысқандардың айтуынша, мәселенің мәнісі көп жағдайда жауапкершіліктен қашқақтаудан, екі адамның өзара тәуелді, бағынышты болғысы келмеуінен туындайтын болса керек. Бостандыққа бойы әбден үйренгендер: «әлі оқуым керек, үйленуді ойлауға мұрша жоқ», «жұмыс көп, қайдағы отбасы!», «мен әлі жаспын, әлі де өзім үшін өмір сүруім керек», «отбасын құрған соң бала-шаға болады, оларды асырау керек, оның бәрі аяққа оралғы», «не үй, не күй жоқ, жағдайың болмаса үйленіп не керек» деген сыңайлас сылтаумен салт басты, сабау қамшылы жүрісін ақтауға тырысады. Отбасы – ең алдымен, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің және өздері өмірге әкелген перзенттерінің алдындағы жауапкершілік десек, жастардың дені сол жауапкершілікті мойнына алудан жүрексінеді.

Енді біреулер ата-анасының немесе жақындарының жанұялық өміріндегі ажырасу, ұрыс-керіс, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз жайттарды алға тартып, «отбасын құрғанда не тапты, шекелері қызды ма?!», «өйтіп ит-ырғылжың тірлік кешкенше, құлағым тыныш, жалғыз жүргенім жақсы» деп азар да безер болады.   

Сайып келгенде, отбасы – мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер ететін, сенім мен татулыққа, адалдық пен махаббатқа негізделген маңызды әлеуметтік институт. Жас ұрпаққа өмірлік, адами құндылықтарды сіңіруде оның маңызы зор. Сол себепті, мемлекеттің отбасына қатысты саясатында жанұяны нығайту мен қорғау, оның жан-жақты дамуына қолайлы жағдай туғызу шараларына басымдық беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінің бірінде отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі екенін баса айтып, сондықтан отбасы институтына мемлекеттік тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өткен болатын. 

Ұл-қыздарының аяқтанатын жасқа әлдеқашан жеткеніне қарамастан теңін таппауы – ата-ана үшін, әрине, уайым. Соған қарамастан жастардың отбасылық өмірге қатысты өз ұстанымы, өз таңдауы бар. Бұрын қашан ақ босаға аттағанша болашақ серігімен жақын қарым-қатынасқа бармайтын қаракөздердің де бірқатары сүйгенін алдын ала жақын танып-білу, мінезі, таным-талғамы үйлесетін-үйлеспейтінін аңдау мақсатында бүгінде азаматтық неке үрдісімен бірге жүріп-тұруды оғаш санамайды. Бұл түсінік, мұндай қарым-қатынас «қызға – қырық үйден, қала берді қара күңнен – тыйым», «кіммен қарайсаң – сонымен ағар» қағидасымен тәрбиеленген аға буын өкілдері үшін мүлде жат.

Күні кешеге дейін тіні үзілмеген үрдіске бақсақ, қаншама қазақ әйелі «көргенді, тәрбиелі қыз», «инабатты, ибалы келіншек» бейнесінде көріну үшін де өзінің еркіндігімен, еркелігімен ғана емес, алдына қойған үлкен мақсаттарымен, өзіндік «менімен» қоштасты! Сол тұста жігіттердің де талайы «қамқор әке», «шаруақор күйеу» атану, қоғамдық пікірге сай болу  жолында қаншама арманынан қол үзді!.. Қазіргі жағдай басқа. Бүгінде қыздар да, жігіттер де әң әуелі өз-өзін көрсеткісі, аяғынан нық тұрып алғысы келеді, ой-өресі, таным-талғамы өздеріне сай, өздерімен деңгейлес, пікірлес жұп іздейді. Көзқарасы үйлеспесе, сөзі жараспаса, ортақ қызығушылығы болмаса өздері керітартпа, аяққа оралғы санайтын ондай қарым-қатынастан, жұптан қашуға тырысады. Мұндай жағдайда қайдағы отбасы, қайдағы бала-шаға?!

Жалпы, адам факторы – мемлекет дамуының негізгі шартының бірі. Елде қалыпты өсім болуы үшін әр отбасында кем дегенде 4 бала туылуға тиіс. Кезінде Мақаш Тәтімов айтып кеткендей, екі бала ата-анасының орнын басады, үшінші бала елдегі кем-кетік, мүгедек жандардың орнын толтырады, яғни тек төртінші бала ғана ұлт өсіміне себепкер бола алады.

Демографиялық ахуал тығырыққа тірелмес үшін мамандар елдегі отбасы институтын нығайтуға күш салу қажеттігін ескертеді. Ал бұл орайда мейлі мәдениет, мейлі оқу-ағарту ісі арқылы болса да, ең біріншіден, отбасын құру, некелесу құндылығын насихаттау, дәріптеу өте қажет. Жас ұрпаққа ата-ана ролі мен отбасы маңызын түсіндіретін, олардың бойына жауапкершілік, парыз сезімін ерте бастан сіңіретін арнайы бағдарламалар жасау, жарасымды, берік жанұя үлгісін дәріптеу маңызды. Есесіне отбасы мүшелерінің тұрмыс-тіршілігін, қарым-қатынасын келемеждеп, күлкіге айналдыратын, қоғамның осы бір қасиетті құтханасын мазақ етіп, теріс пікір қалыптастыратын жыртақайларды жөнге салу керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32