Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Қоғамдық даму орталығы бүгінде мегаполисіміздегі студенттер мен елге танымал білікті мамандар арасында білім мен тәжірибе алмасуына жағдай жасап, болашақ мамандарға қолдау көрсетіп, шабыт беру үшін бірегей алаң құрып үлгерген.
Нақтырақ айтсақ, мәселен, 2023-2024 оқу жылында Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжі мен отандық танымал «Aida KaumeNOVA» бренді арасында меморандумға қол қойылып, нәтижесінде аталған сән үйінде 3-бағам «Киім дизайнері» 21-6 тобының студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп, екі түлек – Тоғжан Сейітхан мен Айша Бадақ сонда тұрақты жұмысқа қабылданған болатын. Ал қазіргі кезде 2-бағам «Киім конструкторы» 23-3 тобының төрт студенті – Айзара Уәлиханова, Алтын Майтыбай, Самал Асланбек және Жасмин Түлкібай осы сән үйінде өндірістік практикадан өтіп жүр. Жақсы қырымен көзге түскен жағдайда, колледжді бітіре салысымен олар да жұмысқа алынады.
Иә, мемлекеттің «Жастар тәжірибесі» жобасы – жастарды қолдаудың негізгі бағдарламаларының бірі. Бұл жоба оқып жүрген қыз-жігіттерге ертең бітіре салып қайда барамын деп тығырыққа тіреліп қалмауы үшін олардың еңбек нарығындағы орнын айқындап беруге, қажетті еңбек дағдыларына баулуға және бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған.
Қоғамдық даму орталығының басшылығы кеше тағы бір меморандумның ресми қабылдануына мұрындық болды. Бұл жолы «Aida Kaumenova Fashion» сән үйі мен Алматы технологиялық-экономикалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл колледж студенттері де танымал дизайнер Аида Кауменованың дәрісін тыңдап, тәжірибесінен білім түйіп, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеру мүмкіндігіне ие болды. Яғни, шығармашыл жастар дуальды жүйе бойынша теорияны практикамен ұштастырып, екі жақты да қатар алып жүрмек.
Ресми рәсімнен кейін Алматы технологиялық-экономикалық колледжі студенттері өздерінің балаң шығармаларын, яғни қолынан, инеден енді шыққан киімдерін таныстырды. Ине-жіпке жақын жастар тіккен топтамаларда ұлттық нақыштардың басым екенін байқадық. Олар қазақтың тарихы мен дәстүрін бүгінгі заманауи сәнмен ұштастыра білген. Әрбір жарқын киімнен студенттердің ізденісі мен жаңашылдығын көрдік. Әлемді әдемі киіндіруге талпынған жастарға сәттілік тіледік.
– Міне, бүгін тағы бір меморандумға қол қойылды. Бұл серіктестік отандық шығармашылық индустрияны дамыту мен болашақ мамандарды қолдау барысындағы маңызды қадам деп санаймыз. Оқу – бөлек, ал сол оқығаныңызды тәжірибемен ұштастыру – екінші әлем. Сондықтан біз студенттер мен кәсіпорындар арасына алтын көпір орнатып, екі жақты жақындастырып, жастардың жұмысқа орналасып кетуіне жағдай жасауды мақсат еттік. Енді бұл колледж студенттері де Аида Кауменованың танымал сән үйінде эскиз жасаудан бастап, дайын киім тігіп шығарғанға дейінгі процесті үйренуіне мүмкіндігі бар. Осы арқылы сән әлеміне жаңа тыныс беріп, шығармашыл талантты жастарға даңғыл жол көрсетіп беретін боламыз, – дейді Қоғамдық даму орталығының ғылыми және білім беру саласымен өзара әрекеттесу бөлімі басшысы Бақытгүл Қасыметова.