Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өңірлердің 2026–2027 жылдардағы қыс мезгіліне дайындығы және 2027 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктерінің өкілдері жол, энергетика және құтқару қызметтерінің қысқы кезеңге дайындығы, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысы туралы баяндады.
Қазгидромет болжамына сәйкес, алдағы қыс салыстырмалы түрде жылы болады деп күтілуде. Дегенмен еліміздің батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл жолдарды қар басу және көктайғақ қаупін арттырады. Төтенше жағдайларға ден қою үшін 40 мыңнан астам адам мен 15 мыңнан астам техника дайындалды. Өңірлерде жалпы сыйымдылығы 144 мыңнан асатын адамға арналған 1 729 жылыту пункті әзірленді.
Автомобиль жолдарындағы жұмыстарға 1 987 қар тазалайтын техника дайындалып, 409 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал қоры жасақталды.
«Жыл сайын қыс мезгілінде өзекті мәселелердің бірі – автомобиль жолдарын қардан уақтылы тазаламау. Қар қалың жауып, боран соққан кезде бұл көлік кептелісіне және жолдарда автокөліктердің көптеп жиналып қалуына әкеледі», — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Қанат Бозымбаев Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жолдарды уақтылы қардан тазартуды, қар тоқтататын қалқандарды орнатуды және техниканы қар басу қаупі жоғары учаскелерге алдын ала орналастыруды тапсырды. Энергетика министрлігіне халықты электр және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, ал Төтенше жағдайлар министрлігіне құтқару бөлімшелерінің дайындығын күшейтіп, алдын алу жұмыстарын жүргізу міндеті жүктелді.
Кеңесте 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі де қаралды. Елімізде су басу қаупі бар 1 242 елді мекен анықталған. Өңірлік инженерлік жұмыстар жоспарында 424 іс-шара көзделген. Оның 280-і немесе 66%-ы орындалды. Биыл 119,4 шақырым қорғаныс бөгеттері мен үйінділері салынып, жөнделіп және нығайтылды. Сондай-ақ 156 шақырым дренаж жүйесі салынып, қалпына келтірілді, автомобиль және теміржолдардың астындағы 299 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы жағдайға ерекше назар аударылды. Аталған өңірлерде бірқатар елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр және жоспарланған инженерлік жұмыстарды аяқтау қажет.
«Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Алайда барлық дайындық жұмыстарын қыс басталғанға дейін аяқтау қажет», — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Қанат Бозымбаев әкімдіктерге су тасқынына қарсы кезек күттірмейтін жұмыстарды аяқтауды, қорғаныс құрылыстарын нығайтуды, су бұру арналары мен жол инфрақұрылымын дайындауды тапсырды. Су ресурстары және ирригация министрлігіне су қоймаларының жай-күйін бақылауды күшейту, ал Қазгидрометке 2027 жылғы ақпанға дейін өңірлер бойынша су тасқыны қаупін бағалайтын егжей-тегжейлі гидрологиялық болжам әзірлеу тапсырылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне су тасқынын болжау дәлдігін арттыру мақсатында «Тасқын» ақпараттық жүйесін жаңғыртуды аяқтау міндеті қойылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Төтенше жағдайлар министрлігіне құтқару қызметтерінің, материалдық резервтер мен эвакуациялық пункттердің дайындығын іс жүзінде тексеру үшін республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар ұйымдастыруды тапсырды. Өңір әкімдеріне су тасқынына қарсы іс-шаралардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.