Музей аутизмі бар балаларға қолдау көрсететін Булат Өтемұратов қорымен арнайы меморандумға қол қойған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
ҚР Орталық мемлекеттік музейі 2027 жылдан бастап аутизмі бар балаларды музейге тарту мақсатында іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Музейдің директоры Сержан Саров Президент жолдауы аясында инклюзивті ортаны дамыту бағытында қола алынған осы жұмыстың аяқ алысы туралы айтты.
Спикер Мемлекет басшысы белгілеген міндет мәдениет мекемелерінің қызметінде де көрініс тауып отырғанын жеткізді.
«Президент өз жолдауында елімізде жасанды интеллектіні қолдауға, білім мен ғылымды одан әрі дамытуға, сондай-ақ инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше назар аударуға шақырды. Бұл бағытта музей де біраз жұмысты қолға алды. Біздің музей жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар беретін, мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мәдениет мекемесінің бірі», – деп толықтырды сөзін Сержан Саров.
Аталған жұмыстың негізгі бағытының бірі – аутизмі бар балаларға қолдау көрсететін Булат Өтемұратов қорымен ынтымақтастық орнату. Директордың айтуынша, музей қормен арнайы меморандумға қол қойған. Енді келер жолдан бастап бірлескен іс-шаралар өткізуді ойластырып отыр.
Сонымен қатар келушілердің әртүрлі санаты үшін музейдің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысқа қазірдің өзінде кірісіп кеткен.
«Соңғы уақытта музей мүмкіндігі шектеулі жандар мен келушілердің түрлі санатына арналған әртүрлі іс-шара ұйымдастырып келеді. Олардың қатарында тақырыптық көрмелер, арнаулы шеберлік сабақтары мен басқа да іс-шаралар бар», – деп қортындылады музей директоры Сержан Саров.