Автомобиль жолдарының сапасын арттыруға және саланы реформалауға да ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда Президенттің халыққа Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес ірі көлік дәліздерінің құрылысы жалғасуда. 2026 жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Арал – Каспий магистралінің құрылысына ресми түрде бастау берді. Ол жүктерді жеткізу мерзімін үш күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Үкіметте экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Бұдан бөлек, жүк ағынының ұлғаюын ескере отырып, «Көкшетау – Петропавл» учаскесін кеңейтуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында бастау жоспарланған.
Автомобиль жолдарының сапасын арттыруға және саланы реформалауға да ерекше назар аударылуда.
«Мемлекет басшысы жолдардың сапасын бірнеше рет орынды сынға алды. Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық автомобиль жолдарына жауапты орган ретінде Көлік министрлігі айқындалды. Жол құрылысының стандарттарын арттыру және осы саладағы барлық қатысушылардың жолдың сапасымен байланысты жауапкершілігін күшейту мақсатында менің төрағалығыммен автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Осы саладағы озық халықаралық тәжірибені зерделеп, жолдардың сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер әзірлеп, кемшіліктерді жоюға бағытталған барлық қажетті, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын тиісті іс-қимыл жоспарын ұсынамыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.