ОРТА ШЫҒЫСТЫ ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС КҮТІП ТҰР

ОРТА ШЫҒЫСТЫ ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС КҮТІП ТҰР Коллаж: Нұрбосын Өрісұлы

Сирияда Башар Асад режимі құлатылған тұста аймақта үлкен ойындар жаңа сценарийде өрбіп жатқаны түсінікті болды. Бір қарасақ, аймақтағы жағдайдың сұлбасы күңгірттеніп, енді не болады деген сұрақ тұрды. Осыған байланысты әл-Фараби университеті Шығыстану факультетінің аға оқытушысы, шығыстанушы маман Нұрат Ілияспен тақырыпты талқылаған едік. Осы әңгіме болған уақытта Мюньхен конференциясы өтпеген, АҚШ пен Еуропа арасының ажырағаны әлі беймәлім шақ-тұғын. Әрі АҚШ–Ресей арасында келіссөздің де жылты көрінбеген кез. Аймақтағы және әлемдегі болуы мүмкін ықтимал өзгерістерді оқырманға құлаққағыс ету мақсатында осы сұхбатты ұсынғалы отырмыз. 

 Тапсырыс берушілер – Еуропа мен АҚШ

   Әуелгі әңгімемізді Сириядағы өзгерістен бастасақ, Хаят-Тахири әс-Шам (ХТШ)  билікке қалай келіп қалды?

    Бұл өзі бұрынғы ИГИЛ-ден трансформацияланған күштер десек болады. ИГИЛ болса 2003 жылы қирап  қалған Ирак әскерінен құралды. Жалақысыз қалған әскер  кімге болса да жалдануға дайын тұр еді. Олардың Сирияда билікке келуінде Батыс технологтарының да, Түркияның да өз рөлі бар. Былайша ХТШ орындаушы болса, ал Түркия қолдаушысы дегендей. Тапсырыс беруші Еуропа мен АҚШ болды, АҚШ сол кездері мүмкіндік болса бұл күшті, яғни ИГИЛ-ді Кавказға қарай жіберуді көздеп еді, мұны сезген Ресей Асадпен келісіп,  ИГИЛ-ді  әуеден бомбалап тастады. АҚШ бір жағынан Кавказды жандырса, екінші жағынан Сириядан өзіне тиімсіз газ құбырын өткенін қаламады. Еуропа мен АҚШ көзқарастары осы жерде айрылды.  От бәрібір тұтанды, бірақ ошағы Украинада болды. Өзі де арандатуға дайын тұрған еді. Ал Сирияның бүлінуіне  барлық факторлар қолданылды, соның ішінде діни фактор негіз болды. Жанжал  әуелде қалай басталды дегенде Сирия Республикасындағы суниттік көпшілік топты азшылық алавилер басқарып отыр деген «фитнадан» өрбітті. Нәтижесінде, 14 жылға созылған конфликт Башар Асадты кетірумен тынды.

   Батыс пен Түркияға бұл не үшін керек болды? Сол кездегі жанжалға Иран мен Ресей не үшін араласты?

   Түркияға да, Батысқа да Сириядан өтетін энергетика дәлізі керек. Яғни Таяу-Шығыстың газ құбыры Сирия арқылы Еуропаға дейін өтуі тиіс еді. Еуропаға тікелей тартылатын газ құбырының өтуіне Иран мен Ресей қарсы болды. Сол үшін кезінде Сирияны ұстап тұруға күш салды. Білесіздер, 2015 жылы Башар Асад елдің әуе кеңістігін қорғауға Ресейді шақырды, ал құрлықта Иран жүрді дегендей. Күні кешеге дейін сол елдің әуе кеңістігін Ресей жауып тұрды, ондағы күштерін алып кеткеннен кейін мүмкіндігі әлсіреді, соңында тастап шықты. 

   Расымен де, бұл Ресей мен Иранның әлсіреуінен кейінгі нәтиже ме?

   Иә, осыны талдап көрейікші. 2023 жылдың 7 қазанында басталған жағдайды білесіздер. Израиль «ХАМАС пен Хезболла маған шабуыл жасап жатыр» деп, екеуіне қарсы күйрете соққы берді. Бұл жойқын соққылар болды, израильдік F-35 ұшақтарына ешкімнің шамасы келмей қалды. Осы кезде «ХАМАС» пен «Хезболланың» қолдаушысы болған Ираннан еш көмек болған жоқ. Осы жағдайдан кейін Иран жерде әлсіреді, Ресей әуеде әлсіреді. Мәселе, Мәскеу Сирияны тастап кетсе де, қазіргі жағдайда да әр тараптың мүддесі бар. Ресей үшін Латакия аймағында өздерінің әскери порттарының тұруы керек, ол әлі де тұр. Желтоқсанның 5-6-сында Дохада келісті, ресейлік база қазірше сақталып тұратын болды. Оның алда не болатыны белгісіз.

 Әр тараптың өз көздегені бар

   Осы жайға кеңірек тоқталсаңыз, Сирияда мүдделі тараптар нақты нені көздейді?

   Бұл арада, расында, әр тараптың өз көздегені бар. Ашығын айтсақ, Израиль қазірдің өзінде Голан жоталарын алды, оның көздегені – болашақта тіпті  Сирияны мемлекет ретінде жойып жіберу. Ондай мақсат қайдан шықты десеңіз, өздерінің қасиетті кітаптарында «Уәде етілген жер» деген сенімдері бар. Яғни Эфрат пен Тигр өзендерінің арасындағы қазіргі Сирия жерін өздерінің байырғы атамекені санайды. Енді былай қарасақ, ол аумақта еврейлердің 3 мың жыл тұрғаны рас.  Ол енді басқа әңгіме, қысқаша айтқанда, Израильдің көздегені осы.

Түркия мүддесіне келсек, өткенде Ердоған айтты ғой, «Сирияның біртұтастығын қалаймын» деп. Ондағысы, ХТШ басқаруында Сирия біртұтас болып тұрсын, ондағы күрдтер автономия болмасын, Орта-Шығыс газы Сирия арқылы өтсін дегені. Аймақта Түркия үшін ең бірінші қауіп – күрдтер. Ирактың солтүстігінде, Сирияның шығысында, Иранның солтүстік-батысындағы күрдтерді қосқанда 25 миллиондай болса, бір ғана Түркияның оңтүстік-шығысында 25 миллиондай күрдтер бар. Жалпы, аймақта 55 миллиондай. Осы күрдтердің ПКК секілді күштерімен Түркия 1984 жылдан бері күресіп келеді. Естеріңізде болса, 2017 жылы 25 қыркүйекте Ирактағы Күрд автономиясы референдум өткізіп, басым көп дауыс тәуелсіздікті жақтады. Бірақ белгілі себептермен тәуелсіздігін жарияламай тоқтап тұр, уақытын күтіп отыр деуге болады. Осымен бірге Сириядағы күрдтер де өз аумағын өзі бақылап келеді. Енді кеп жатқан билікке федерация жасап, күрд аумағын бөлек автономия етейік, басқалай ешқандай күшке бағынбаймыз деген талабын қойып отыр.  Ал Түркия өз ықпалындағы ХТШ-мен Сириядағы күрдтерге соққы беруге ниетті, алайда оған АҚШ жол бермей отырған сыңайлы.  Өйткен себебі, Орта-Шығыстың газ құбыры Еуропаға қарай өтуін АҚШ та қаламайды. Арзан газ тікелей жетсе, бұл ЕО сынды үлкен нарықты жоғалтумен бірдей. АҚШ тек қана бір жағдайда ғана сол жерден газ құбыры өткенін қалайды. Ол да газ бағасын өзі реттеп, АҚШ фирмалары өндіріп, бақылауды солар ұстаса ғана. Сонда Еуропаны, энергетика қауіпсіздігін қолында ұстап қала береді. Сол үшін аймақта күрд және басқа мәселелермен тұрақсыздық жалғасып тұрғанына белгілі деңгейде мүдделі деуге келеді.

АҚШ пен Еуропаның мүддесі осы жерден де анық көрінеді. ХТШ билікке келе салысымен ЕО елдерінің сыртқы істер министрлерінің жетіп баруы олардың Сириядағы тұрақтылыққа мүдделілігін көрсетеді. Тұрақтылық болса болды, олардың кім екеніне де, ондағы адам құқығына, тағы басқа құндылықтарға да көз жұма салады. Егер Сириядан тұрақтылыққа ие болса ЕО тарабы газ құбырын 6 ай немесе 1 жылда оп-оңай-ақ салып шыға алар еді. Қазір Еуропа бүкіл энергия көздерін Америкадан алып келіп отыр, яғни Газпромның 600 миллиард еуроға алып отырған газын, ана жақтан 1 трлн шамадағы құнға алып отыр.

 Әлемдегі ең негізгі күш орталықтары

   Демек, аймақта баянды тыныштық орнай қоюы қиын дейсіз бе?

   Әуелі мынадан бастайық, әлемде 4 негізгі күш орталығы бар. Біріншісі – Вашингтон мен Лондон, яғни англосакстық күш орталығы. Ал екіншісі – өзінің экономикасы, интеллектуалды потенциалы да жоғары Еуроодақ. Бұл алдыңғысымен одақтас болғанымен, үлкен конфронтацияда тұр. Оны  Еуроодақ дегенімізбен, негізінде IV рейх – яғни «Неміс империясы» десек болады. Себебі, «орталық ми» Берлинде, Франция шығып сөйлейді, сыртқы істер министрлік рөлін атқарады, бірақ Германия істейді дегендей.  Қалай десеңіз, Франция Қауіпсіздік кеңеске мүше және ядролық держава. Германияда бұл жағында Екінші дүниежүзілік соғыста енгізіп тастаған шектеулері бар.

Соңғы үрдіске қарасаңыз, Берлин мен Мәскеу бір-бірін жақсы түсінген және бір-бірімен жақындасып келе жатқан. Тарихи-мәдени жақындығы да терең еді, білесіздер. Романовтар әулетіне дейін бәрі немістер болды дегендей. Бұл жағынан да, мүдде тұрғысынан да бір-біріне жақындады. Еуроодаққа энергетика, өзге де шикізат керек, бұны Ресей арқылы толықтап отырғысы келді. Ал Ресей өзіне керек технологияны, мәдени-гуманитарлық алмасуды Еуропадан, Германиядан қабылдап отырғысы келді. Германияның Ресейге жақындауына ЕО ішінде Польшадан басқа  ешкім қарсы емес. Польшаның жағдайы түсінікті, патшалық Ресей ыдырағанда  Финляндия екеуі шығып кеткен, тәуелділікті қайта қаламайды. Енді осы арада объективті қарастырсақ, бұл жақындасуды болдырмай тастаған Америка, ешкімге қажет болмай бара жатқан НАТО-ны қайта күшейтіп, Ресейді құбыжық көрсете отырып, Еуропаны өзіне қарай тартып алды. Бір кездері, естеріңізде болса, Еуропаның өз әскері болады деген сөздер болған, қазір соның бәрі тынды. 

Міне қарасаңыз, бірінші күш орталық – англосакс, Вашингтон мен Лондон, екіншісі – Берлин дедік. Ал үшіншісі – әлсіреп, күні батып бара жатқан Мәскеу. Соның өзінде Еуразияық экономикалық одақ деп бізді өзіне қарай тартып отыр. Төртіншісі болса – жаңадан көтеріліп келе жатқан, экономикасы мықты, бірақ әлемдік ықпал етуде тәжірибесі аз Бейжің. Дәл осы төрт негізгі күш орталығы әлемдегі үрдіске ықпал етіп отыр. Кез келген ірі өзгерістер олардың мақұлдауынсыз жүзеге асып жатқан жоқ. «Тұран одағы» деген мәселе де соның ішінде. Тіпті, осындай ауқымды үрдістердің артында да солардың бірі тұруы мүмкін. АҚШ пен Түркия Таяу-Шығыстағы кейбір мәселеде бір-бірімен келіспесе де, «Тұран» идеясы арқылы Түркияның Орталық Азияға жақындауына келгенде қарсы емес. 

   Мұндай болғанда Иран жағдайы қалай болуы мүмкін?

  Израиль өз үйінің жанында Иранның ықпалындағы күш болуын қаламайды. Осыған дейінгі бір сұхбатымызда Иран мен Израиль бетпе-бет соғысуы екіталай деген көзқарас айтып едім. Соңғы үрдістен қарағанда Иранға бағытталған ауқымды соққының болуы мүмкін деуге болады. Яғни, АҚШ Израиль арқылы Иранды тікелей соғуы мүмкін. Иранның бұған қарсы шамасы жоқ, санкциядан әбден титықтаған. Егер қазіргі билігі құласа, Иран үшке бөлшектеніп кетуі ғажап емес. Мұндағы мақсат – аймақтағы үлкен кедергіні алып тастау және Ресейдің тағы бір жолын жабу. Білесіздер, Иран мен Ресей ортасында «Оңтүстік-Солтүстік экономикалық дәлізі» деген жобалар айтылып келеді.  Иран бүлінсе, тиісінше экономикалық дәліз де іске аспайды. Бұл Ресейдің Парсы шығанағына шығатын жолы жабылды және оқшауланып қалды деген сөз. Одан кейінгі бағыты Қытай болмақ.

 Әлем үлкен хаустың ішіне кіріп барады

   Қытай да көтеріліп келе жатқан күш орталығы дедіңіз, бұл жағдайға қарсы не істеп жатыр?

    Қытай қазірше өнімді ештеңе істей алып отырған жоқ. Саудасының 70 пайызы Малакка бұғазы арқылы өтіп, Суэц каналына барады. Оңтүстік Қытай теңізі немесе Малакка бұғазына баратын теңізден АҚШ-тың бір-екі авианоцесі шықса ол да жабылады дегендей. Бұл бағыттардан сауда жолы жабылатын болса, 6 айда-ақ Қытайдың жағдайы қиын болады. Сондықтан Қытайдың бір ғана үміті – Орталық Азия мен Ресей секілді НАТО әскері жоқ аумақта экономикалық дәліздерді дамыту. Кейін теңіз жолдары жабылған жағдайда бірдеңе сатпаған күнде де осы бағыт арқылы мұнай тасуға жол қалдырып отыр. Себебі, өз ішіндегі энергетика қоры жетпейді. 

    Енді өз тұрғымыздан қарастырып көрсек, осы ауқымды өзгерістердің біздің ел мен аймаққа ықпалы қандай болмақ?

   Шынтуайтында, әлем үлкен хаустың ішіне кіріп бара жатыр. Трамп билікке келе салып, Греландияны, Канаданы, Панама каналдарын алам деген сөздерді бекер айтып отырған жоқ. Бұл тұрғыдан қарағанда, үлкен күш орталықтары әлемді қайта бөліске салғысы келетіндей көрініс береді. АҚШ-тың бұл ұстанымына қарсы өзге күш орталықтары да өз ықпалындағы аумақтарға сұғын қадауы мүмкін ғой, сен алғанда біз неге алмаймыз дегендей. Бірақ бұның екінші жағы да болуы мүмкін. Яғни Трамп осы мәлімдемелері арқылы басқа күш орталықтарының шама-шарқын сынап отыруы да ғажап емес. Былайша айтқанда, Греландиядан да, Панама каналынан да соңында бас тартып, өзге күш орталықтарын да сондай жасауға итермелегісі келеді. Бұл енді менің үмітім десе де болады,  болуы да мүмкін.  Біз жеке тұрғыдан бұл үлкен күш ораталықтарымен бетпе-бет келе алмаймыз, осы қалпымызды сақтауға тырысамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
2
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:35

14:18

14:11

13:36

12:57

12:33

12:13

11:35

11:03

10:24

09:35

08:47

21:32

21:23

21:19

21:10

20:59

20:55

20:47

17:45

16:57

16:45

15:22

15:15

14:49