Қазақстанда 1 наурыз – Азаматтық қорғаныс күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн еліміздегі төтенше жағдайлар қызметінің маңыздылығын насихаттауға, қауіптердің алдын алу және олардың салдарын жоюдағы рөлін көрсетуге арналған. Биылғы мереке Жұмысшылар жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда біз азаматтардың қауіпсіздігі үшін күнделікті өз өмірін қатерге тігетін жанқияр жандардың еңбектеріне тоқталып, оларды құрметтеп, алғыс білдіріп, жұмыстарының маңыздылығын тағы бір мәрте атап өткенді жөн санадық.
Азамат сын сағатта сыналады
Қала көшелерінде дабылын қосып, жүйткіп бара жатқан үлкен қызыл түсті өрт сөндіру көлігін талай мәрте көрген боларсыз. Ал оның ішінде өрт сөндірушілер ғана емес, ауыр техниканың тізгінін ұстаған жүргізуші де өзінің қауіпті міндетіне аттанып бара жатады. Солардың бірі – Алматыдағы Төтенше жағдайлар департаментінің Бостандық ауданы бойынша №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автокөлігін жүргізу бойынша аға нұсқаушысы Қанат САЙДАХМЕТОВ. Өрт сөндіру қызметінде 16 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан азамат қазіргі таңда автобаспалдағы бар арнайы көлікті басқарады.
Бұл алып көлік – кез келген төтенше жағдай орнына бірінші болып жететін құтқарушы топтың қолғанаты. Бірақ оны жүргізудің үлкен жауапкершілік пен шеберлікті талап ететінін біреу білсе, біреу біле бермейді.
Біздің кейіпкеріміз осы жауапкершілікті арқалап, 10 жылдан бері өрт сөндіру көлігін жүргізіп келе жатқан тәжірибелі маман. Оның жұмысы сырт көзге жай ғана көлік жүргізу болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, адам тағдыры дәл осы көлік жүргізушілерінің кәсіби шеберлігіне де тікелей байланысты.
Қанат Сайдахметов – Алматыдағы Төтенше жағдайлар департаментінің Бостандық ауданы бойынша №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автокөлігін жүргізу бойынша аға нұсқаушы болып еңбек етеді.
Қанаттың қызметі – тек өрт орнына жылдам жетумен шектелмейді. Ол көлік пен техниканың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, бригада мүшелеріне барынша қолайлы жағдай жасауға, қажетті құралдардың толық болуын қадағалауға және өрт сөндірушілерді үздіксіз сумен қамтамасыз етуге жауапты.
– Біздің міндет – хабар түскен соң жеке құрамды жол ережелерін сақтай отырып, аман-есен жеткізу. Өрт орнына жеткен соң, көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылап отырамыз. Су, жанармай, көбік қоспасы таусылмауы керек. Егер қандай да бір ақау болса, оны дереу бөлімше командиріне хабарлаймыз, – дейді ол.
Қанат 2009 жылы Алматы қаласындағы №1 өрт сөндіру бөліміне құтқарушы болып жұмысқа орналасады. Қызмет барысында өзін жауапкершілігі мол, ұқыпты маман ретінде көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыса жүріп, 2014 жылы өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі қызметіне ауысқан. Өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын оның тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2022 жылы аға жүргізуші-нұсқаушы лауазымына көтеріліп, сол уақыттан бері осы қызметте қалтқысыз еңбек етіп келеді.
– Мен бұл мамандықты жаныммен жақсы көремін. Өзімнің ұлымды да осы салаға шақырған едім, бірақ ол полиция болуды таңдады. Ал жұбайым Сәбилер үйінде еңбек етеді. Әрқайсымыз өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқарып келеміз, – дейді Қанат.
Әр шақырту – үлкен жауапкершілік
Қанаттың айтуынша, өрт сөндіру қарауылы кезекшілігінде көлік жүргізуші ең басты мамандардың бірі. Егер көлік жүрмесе, апат орнына жетуің екіталай. Жолда кездесетін қиындықтарға қарамастан, бар күшін салып, өз міндетін абыроймен атқару – оның басты міндеті.
– Өрт сөндіру жасағында жүргізушінің рөлі ерекше. Қарауыл құрамында бір жетекші, 2-3 бөлімше командирі және 6–10 өрт сөндіруші болса да, жүргізуші болмаса, олардың жұмысы тоқтап қалады. Мәселен, өрт сөндірушілердің бірі жарақат алса немесе ауырып қалса, жасақтың жалпы дайындығына әсер етпеуі мүмкін. Бірақ жүргізуші өрт сөндіру көлігін дұрыс басқармаса, оны оқиға орнына уақытылы жеткізбесе немесе сумен қамтамасыз ете алмаса, бүкіл команда әрекет ете алмай қалады. Біз көліктің техникалық жарамдылығын қадағалап, өрт сорғысын іске қосып, қажет болған жағдайда гидрантқа қосу сияқты маңызды міндеттерді орындаймыз. Сондықтан біздің жауапкершілігіміз өте жоғары. Әрине, жұмыс болған соң қиындықтар болады. Жол кептелісі, кедергілер, қауіпті жағдайлар – бәріне үйрендік. Бірақ біздің басты міндетіміз – оқиға орнына уақытылы жету, дұрыс шешім қабылдау және адамдарды құтқару. Себебі, уақыт – адам өмірімен өлшенеді. Кәсібімнің маңыздылығын терең сезінемін және әр шақырту – үлкен жауапкершілік екенін ешқашан ұмытпаймын, – дейді ол.
Қанат бұрын автоцистерна жүргізген, қазір автолестницасы бар арнайы көлікті басқарады.
«Қазіргі міндетім – автобаспалдақты дұрыс қою. Менің басты мақсатым – жоғарғы қабаттардан секірмекші болған адамдарды құтқару және биіктен су беру. Кейбір жерлерде баспалдақты қою қиын. Мысалы, ағаштар, электр сымдары кедергі келтіреді. Осындай жағдайларда ыңғайына қарап, дұрыс орналастыруым керек», – дейді кейіпкер.
Көлік тізгіндеген жігіттің айтуынша, автобаспалдақ жүргізушілері тек өрт сөндірумен ғана айналыспайды. Олар кейде адам өмірін сақтап қалуда соңғы үміт болуы мүмкін.
«Кейде биік ғимараттардың төбесіне шығып, секірмекші болған адамдарға көмектесуге барамыз. Бірде 9-қабаттан секірмекші болған адамды құтқаруға шыққанымыз есімде. Мұндай сәттерде әр минут маңызды. Баспалдақты тез әрі дәл қою керек, әйтпесе кеш болуы мүмкін. Өйткені, бір секунд – бір тағдыр» – дейді ол.
Нағыз шебер қандай құрметке де лайық
Қанат өзі куә болған алапат өрттердің бірнешеуін есіне алды. 2022 жылы тауда үш қабатты үй жанып, суды Алма-Арасаннан жіберіпті. Сусыз ауданда өрт шыққанда, өзеннен де су тасып жұмыс істеген екен. Қаланың үлкен базарларында болған өрттерге талай рет барған. Кешегі Әуезов ауданындағы қоймадағы өртте шатырдан су беру үшін автобаспалдақ көмегімен жұмыс істепті.
Рас, бұл мамандықта әр шақырту – сынақ. Өртке қарсы күресте тек күш пен жылдамдық қана емес, біліктілік пен тәжірибе де маңызды. Көлік тізгіндеген азамат өз ісінің нағыз шебері ретінде бірнеше мәрте марапатқа ие болған.
– Еңбегімді бағалаған басшылық үнемі мерейімізді көтеріп, марапаттарға ұсынып жатады. Мәселен, бірнеше жыл бұрын ҚР Төтенше жағдайлар министрінің қолынан марапатқа ие болдым. Кейін Медеуде болған орман өртіндегі белсенділігім үшін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алғыс хатпен марапаттады, – дейді Қанат.