Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер ақпарат алмасудың негізгі құралына айналды. Алайда интернет кеңістігінде жалған ақпаратпен қатар, адамдарды радикалды идеологияға тартуға бағытталған материалдар да кездеседі. Әсіресе жабық чаттар мен белгісіз аккаунттар арқылы таралатын үндеулерге мұқият болған жөн, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Радикалды топтар адамның сеніміне кіру үшін түрлі тәсілді қолдануы мүмкін. Мәселен, қоғамдағы мәселелерді біржақты түсіндіріп, басқа пікірдегі адамдарға өшпенділік қалыптастыруға немесе белгілі бір топтың ықпалына түсуге итермелеуі ықтимал.
Қауіпті ақпаратты қалай ажыратуға болады?
Мамандар мынадай белгілерге назар аударуға кеңес береді:
Өшпенділікке шақыру. Белгілі бір ұлтқа, дінге немесе әлеуметтік топқа қарсы агрессия мен зорлық-зомбылықты ақтайтын жазбалар.
Жалған ақпарат тарату. Қоғамда үрей туғызу үшін тексерілмеген мәліметтер мен арандатушы бейнематериалдарды тарату.
Жабық топтарға тарту. Белгісіз адамдардың жеке хат жазып, арнайы чаттарға қосылуды немесе құпия ақпарат алмасуды ұсынуы.
Сыни ойлауды шектеу. Басқа ақпарат көздеріне сенбеуге, тек бір топтың айтқанын дұрыс деп қабылдауға үгіттеу.
Заңсыз әрекетке итермелеу. Қоғамдық тәртіпті бұзуға, зорлық-зомбылыққа немесе терроризмді қолдауға шақыру.
Осындай ақпаратқа тап болсаңыз, не істеу керек?
Ең алдымен, күмәнді материалды тексермей әрі қарай таратпаңыз. Ақпараттың қайдан шыққанын анықтап, ресми дереккөздермен салыстырыңыз.
Егер жазбада зорлық-зомбылыққа немесе терроризмге шақыру белгілері болса, оның сілтемесі мен басқа да қолда бар мәліметтерін сақтап, әлеуметтік желінің әкімшілігіне шағымдануға және құқық қорғау органдарына хабарлауға болады.
Ата-аналарға да балалардың интернеттегі белсенділігіне назар аудару ұсынылады. Жасөспірімнің қандай ақпарат оқитынын, кімдермен байланысатынын білген маңызды. Алайда күдік тудыратын жағдайды бірден айыптауға емес, баламен ашық сөйлесіп, оның ақпаратты сыни бағалауына көмектесуге басымдық берген жөн.
Заңда не айтылған?
Қазақстанның «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңында терроризм профилактикасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі міндеттерінің бірі ретінде көрсетілген. Ал терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру заңмен тыйым салынған әрекеттер қатарына жатады.
Сондықтан интернеттегі ақпаратқа бейжай қарамай, күмәнді үндеулерді таратпау және дер кезінде тиісті органдарға хабарлау — әр азаматтың қауіпсіздікке қосқан үлесі.