Оқушының күн тәртібін қалай дұрыс құруға болады?

Оқушының күн тәртібін қалай дұрыс құруға болады? С.Құсайынов
Дұрыс жоспарланған күн тәртібі оқушының сабақ үлгерімін арттырып қана қоймай, ата-ананың да жүйкесін аман сақтайды. Сабақ пен демалыстың үйлесіммен кезектесуі баланың шаршамауына, уақытын тиімді пайдалануына және көңіл күйінің жақсаруына көмектеседі. Оқу жеңіл әрі қызықты өтуі үшін әрбір оқушыға нақты режим қажет. Оқушының күн тәртібін құрастыру кезінде ұйқы нормасын, тамақтану режимін, сондай-ақ демалыс пен спортқа деген қажеттілікті ескеру өте маңызды. 
 
Ұйқы режимі
 
Ұйқының ұзақтығы мен сапасы баланың денсаулығы мен еңбек қабілетіне тікелей әсер етеді. Егер баланың ұйқысы шала болса,  есте сақтау қабілеті төмендеп, көңіл күйі бұзылады, зейіні шашырайды, жоспарлау дағдылары әлсірейді. Ал жасөспірім кезеңде ұйқының қанбауы артық салмақтың пайда болуына да әкелуі мүмкін.
 
Оқушы қанша уақыт ұйықтауы қажет?
 
 
Мектеп оқушыларына мамандар мынадай ұйқы нормасын ұсынады:
1–4 сынып оқушыларына 10–10,5 сағат
5–7 сынып оқушыларына 10,5 сағат
6–9 сынып оқушыларына 9–9,5 сағат
10–11 сынып оқушыларына 8–9 сағат
 
Ал бірінші сынып оқушылары күш жинап алу үшін күніне  2 сағат күндіз ұйықтап алғаны жөн.
 
Ұйқы режимін қалай ұйымдастыру керек?
 
Мұндағы ережелер қарапайым, бірақ маңызды:
Бала әрдайым бір уақытта ұйықтауы керек. Шамамен кешкі 21:00–22:00 аралығында ұйқыға жатқан оқушы бұл тәртіпті демалыс күндері де сақтағаны жөн.
Ұйқыға дейінгі 2 сағат ішінде шулы ойындар, мессенджерді белсенді қолдану, YouTube қарау сияқты эмоционалдық жүктемені азайту қажет, мұның бәрі ұйқының сапалы болуына кедергі.
Жылы суға жуыну, дастарқан үстіндегі әсерлі әңгіме, жаяу серуен, кітап оқу тәрізді ұйқы алдындағы ритуалдар да пайдалы.
Жатар алдында бөлмені міндетті түрде желдетіп алу қажет.
 
Тамақтану режимі
 
 
Адамның болашақтағы денсаулығына әсер ететін тамақтану әдеттері мектеп жасында қалыптасады. Дұрыс тамақтанбаған баланың сабақ оқуға энергиясы жетпейді, тез шаршайды, ашуланшақ әрі зейінсіз болады.
 
Оқушы күніне неше рет тамақтану керек?
 
Күшті қалпына келтіру үшін оқушыға күніне 4–5 рет, әр 3,5–4 сағат сайын тамақтану қажет. Дұрыс тамақтану саласы мамандарының дерегінше, 7–11 жастағы балаларға 2350 ккал, 11 жастан асқандарға  2713 ккал тәуліктік энергия қажет.
 
Рациондағы ақуыз, май мен көмірсудың оңтайлы арақатынасы 1 : 1 : 4 көлемінде болғаны дұрыс.
 
Тамақтану режимін қалай дұрыс құру керек?
Тамақты да үнемі бір уақытта, асықпай, тыныш отырып ішу керек.
Ащы, қуырылған тағамдардан, фастфуд пен газдалған сусындардан барынша бас тартқан жөн.
Бала ата-ананың үлгісімен өседі, егер үйде ересектер дұрыс тамақтанбаса, баланы да пайдалы асқа үйрету қиын.
 
Бес уақыт тамақтануға арналған ұсыныстар:
 
Таңғы ас  міндетті. Оқушы таңертең тәуліктік рационның шамамен 25%-ын жеуі керек, яғни бір бутерброд жеткіліксіз, ботқа, омлет, құймақ, етті ас сияқты ыстық пайдалы тағамдар тұтынған дұрыс.
 
Екінші таңғы ас (мектептегі тіскебасар)  ірімшік қосылған бутерброд, жаңғақ, жеміс, йогурт.
 
Түскі ас негізгі ас, күндік рационның 40%-ын құрайтын салат, бірінші тағам, ет немесе балық, десерт.
Түстен кейінгі ас кезінде жеміс-жидектер, сондай-ақ айран, йогурт, сүзбе сияқты қышқыл сүт өнімдерін тұтыну қолайлы.
 
Кешкі аста оқушы таңғы асқа жеген тағам мөлшеріне жуық көлемде тамақтануы керек. Алайда бұл уақытта ет пен балықты алып тастаған жөн, себебі ақуыздар жүйке жүйесін қоздырады және ұзақ қорытылады.
 
Оқу және демалыс режимі
 
Белсенді әрі қамқор ата-аналардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі баланың күн тәртібін шамадан тыс тығыз етіп құру. Әрине, бәрі баласының табысты, скрипкада ойнайтын, жүзетін, сурет салатын, үш тіл білетін және робототехниканы меңгерген жан-жақты тұлға болғанын қалайды. Алайда оқушыға  артық міндет жүктеу кері нәтиже беруі мүмкін, шектен тыс жауапкершілік арқалаған кезде  потенциалы зор баланың өзі кез келген іске қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан оқу мен демалысты дұрыс кезектестіріп, баланың жеткілікті қимыл-қозғалыста болуын қадағалау өте маңызды.
 
 
Оқу мен демалуға қанша уақыт жұмсау керек?
 
Үй тапсырмаларын орындау үшін:
• 2–3 сыныптарда 1,5 сағат;
• 4–5 сыныптарда 2 сағат;
• 6–8 сыныптарда 2,5 сағат;
• 9–11 сыныптарда 3,5 сағат.
 
Серуендеу мен белсенді ойындарға бастауыш сынып жасындағылар  3–3,5 сағат, жоғары сыныптар 2,5 сағат уақыт арнағаны жөн.
 
Бұрын мамандар оқушылардың компьютер немесе планшет экраны алдында өткізетін уақытын шектеуді ұсынған. Алайда смартфондардың кең таралуы мен онлайн оқудың дамуына байланысты баланы экраннан алыстату өте қиын. Сондықтан қазіргі ата-аналар тек ойындар, мессенджерлер мен оқуға қатысы жоқ ресурстарға шектеу қоюмен шектеледі.
 
Оқу мен демалыс режимін қалай ұйымдастыру керек?
 
Бұл көбіне баланың қызығушылығына, мектептен тыс үйірмелеріне және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Дегенмен, барлық балаға ортақ ұсынылатын бірнеше кеңес бар:
Мектептен келген соң және түскі астан кейін бала сабаққа отырмас бұрын 1–1,5 сағат демалуы керек. Бастауыш сынып оқушылары бұл уақытта ұйықтағаны дұрыс.
Үй тапсырмасын орындауды түстен кейінгі сағат 4-тен бастаған жөн, өйткені дәл осы кезде ми жаңа ақпаратты жақсы қабылдайды.
Күн тәртібі қаншалықты тығыз болса да, балада өз қалауымен өткізетін кемінде 1–2 сағат бос уақыт болуы қажет, мысалы, кейде ештеңе істемей демалу да маңызды.
 
Оқушының күн тәртібі
 
Төменде бастауыш сынып оқушысына арналған күн тәртібі берілген. Орта және жоғары сыныптарда оқу уақыты көбейіп, ұйқы мен демалысқа бөлінетін уақыт азаяды.
• 07:00 ояну, таңғы жаттығу, жуыну, төсек жинау
• 07:15–07:30 таңғы ас
• 07:40–08:10 мектепке жол немесе таңғы серуен
• 08:30–13:05 мектептегі сабақтар
• 13:30–14:00 мектептен қайту немесе серуен
• 14:00–14:30 түскі ас
• 14:30–15:30 түстен кейінгі демалыс немесе ұйқы
• 15:30–16:00 серуен, ойындар немесе спорт
• 16:00–16:15 түстен кейінгі ас (полдник)
• 16:15–17:30 үй тапсырмаларын орындау
• 17:30–19:00 таза ауада серуен
• 19:00–20:00 кешкі ас және бос уақыт
• 20:30 ұйқыға дайындық
• 21:00 ұйқы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:10

12:00

11:55

11:49

11:25

11:10

11:00

10:55

10:41

10:23

10:10

09:48

09:21

09:10

09:05

08:53

08:33

18:01

17:55

17:37

17:28

17:21

17:18

17:08

16:59