Нұрсұлу ӘУБӘКІРОВА: Көзімнің тірісінде 10 томдығын шығарып кетсем деймін...

Нұрсұлу ӘУБӘКІРОВА:  Көзімнің тірісінде 10 томдығын шығарып кетсем деймін... Оспанхан Әубәкіровтің отбасылық архиві

Қазақ сатирасын шырқау биікке көтерген екі адам болса, соның бірі де, бірегейі де – Оспанхан Әубәкіров екені даусыз. Оған өзін шәкірт санаған белгілі сықақшы Сейіт Кенжеахметов: «Оспанханның күлкісі халық күлкісі. Бір адам жазушы болса Оспанхандай-ақ болсын. Бір адам азамат болса Оспанхандай-ақ болсын!» деп жазғаны бар. Сол сияқты, көрнекті сатирик Көпен Әмірбек те қаламынан туған дүниенің барлығы ел-жұрттың көңілінен шыққан ағасын ұстаз тұтып, оны ащы шындықты ашып айтып, жұртты жылатам, мұңайтам деп отырып, қалай күлкіге қарық қылғанын өзі де байқамай қалатын хас шеберге балағаны белгілі.

Оспанхан аға ата-анасы, бауырларымен

Өкінішке қарай, көрнекті сатирик нағыз ердің жасында өмірден өтті. Бірақ артында халықтың рухани қазынасына айналған мол мұра қалды. Өмірлік жары Нұрсұлу апай содан бері қарайғы 40 жыл бойы шаңырағының отын маздатып, әулет ұйытқысы болумен қатар, Оспанхан ағаның шығармашылығына да үлкен жанашырлық танытып келеді. Қолы тиген дүниелерін, кітаптарын көзінің қарашығындай сақтай отырып, жазған-сызған, әлі жарық көрмеген дүниелерін де тірнектеп жинау үстінде. Бүгінде жасы 88-ге таяған ардақты апамызбен әңгіме барысында біз оның Оспанхан ағамен бірге өткізген ғибратты ғұмырына аз-кем ой жүгіртуге тырыстық.      

Оспанхан Әубәкіровтің соңғы суреті

Нұрсұлу апай, әңгімені өзіңізден бастайық. Қай өңірде туып-өстіңіз? Балалық шағыңыз қалай өтті?

Мен Солтүстік Қазақстаннанмын. Біздің ауылымыз Қостанайға жақын. Қазір тура жол салынды. Мен Алматыға алғаш келген жылдары пойыздар Новосибирск, Троицк арқылы бірнеше күн жүріп келетін. Ата-анамнан ерте айырылдым. Әкем соғыс уақытында Орал жақта, Золотоуск қаласында оқ-дәрі шығаратын әскери зауытта жұмыс істеді. Баракта жатады, тамақ тапшы, жұмыс ауыр. Содан 39 жасында өкпе ауруынан кетті. Үйде екі бауырым және мен, үш бала едік. Жағдай қиын болды. Тамақ жоқ. Жейтініміз картоп пен асқабақ. Шешем картоп егетін. Түнделетіп барып оны жинайтынбыз. Күзде күн тез суып кететін. Әкемнен кейін көп ұзамай шешем де қайтыс болды. Небәрі 38 жаста еді. Ауылда анамның сіңлісі тұратын. Ол тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы. Жуындырып, денесін орайтын мата да табылмай, әйтеуір көптеп, көлемдеп, қойды. Менің 8-9 жастағы кезім. Бірақ бәрін білемін, бәрі көз алдымда...

Алматыға қашан, қалай келдіңіз?  

Мен өте ерте келдім. Сол кезде Алматыдан барған мамандар бүкіл Қазақстан бойынша талантты балаларды музыка мектебіне жинап жүрді. Менің музыкаға қабілетім жақсы еді, өңім де жаман болған жоқ. Скрипкамен үйренген өлеңдерім бар еді, соны тартып бердім. Негізі, ол қиын. Скрипка мен қобызда дыбыстарды бөліп қоятын белгілер жоқ. Онда нотаны тек тыңдап отырып қана табасың. Орындағаным ұнаса керек, басқа балалармен бірге мені де өздерімен алып кетті. Өзім «шіркін, оқысам, үлкен қалаға барсам» деп сондай армандайтынмын. Алматыға келгеніме қатты қуандым. Сөйтіп, 5 сыныпты Алматы қаласындағы №12 мектептен оқи бастадым. П. Чайковский атындағы музыка мектебінде жатып, соның сабақтарын, ал №12 мектепте жалпы білім беретін пәндерді оқыдым.

Интернатта тәртіп күшті болды, сабақты жақсы оқуың керек. Кім нашар оқыса, кәсіби жағынан жарамсыз болса, ештеңеге қарамай, шығарып жіберетін. Екі жақтан да үлгеру керек. Шығарып жіберсе қайда барып жатасың, қалай күн көресің?! Содан бар күшімізді салып оқыдық. Интернат қыста қыстық киім, жазға қарата жаздық киім беріп тұрды.

Нұрсұлу  апайдың студент кезі

Сол кездегі Алматы қандай еді?

Алматы ол кезде керемет болатын. Қазіргідей қаптаған көлік жоқ, бірен-саран ғана машина, онда да үлкен басшылар ғана мінеді. Сәнді, әдемі қала. Көшеде алма ағаштары гүлдеп, алманың исі бұрқырап тұратын. Тауда алманың түр-түрі өсетін. Бізді жылда алма теруге апаратын. Барған сайын сөмкелерімізді толтырып, алма алып қайтатынбыз. Болашақ мәдениет қызметкерлері деп, бізді көрнекті жерлерге, тарихи орындарға қыдыртатын.

Музыка мектебін скрипка бойынша бітіріп, консерваторияға вокал бөліміне түстім. Ағаңмен сонда таныстым. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үшбұлақ ауылында туған. Қарақастектен онжылдықты бітіріп, театр институтына түскен. Оны бітіріп, ара қарай өзін түгелдей сатираға арнады ғой. Ол кезде консерваторияда Мәскеуден, Ленинградтан келген музыканттар өте көп еді. Менің педагогім Воробьев деген орыс болды.

Ауылдан орысша оқып келіп пе едіңіз?

Иә, орысша оқып келгем. №12 мектепте қазақша оқуыма тура келді. Бастапқыда өте қиын болды. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, мәжбүрлік бәріне үйретеді екен. Ақыл айтатындай, жаны ашитындай, Алматыда бір туысқаным, бір танысым болған жоқ. Өзіңе өзің жауап бересің, өзің тырысасың. Сөйтіп жүріп хор капелласына жұмысқа тұрдым. Өйткені стипендия тамаққа да, киімге де жетпейді, өте аз болды. Хор капеласының жетекшісі Галина Евгеньевна Виноградова Мәскеуде ГИТИС-те сабақ берген, өте тамаша адам еді. Мені тыңдаған соң: «Сіздің даусыңыз –лирико-драмалық сопрано, бұл өте сирек кездесетін дауыс» деп, 60 сом айлықпен жұмысқа қабылдады. Қуанып кеттім. Бір жағынан, аз-маз стипендиям бар. Сөйтіп, Воробьевтан оқып жүрдім. Ол маған тапсырма береді, үйретеді, тексереді. Сабақ өтіп жатқан сондай сәттердің бірінде Оспанхан дәлізде бізді тыңдап тұрыпты.

Оспанхан Әубәкіров пен Мұқағали Мақатаев

Аға екеуіңіз ең алғаш солай кездестіңіздер ме?

Иә. Аудиториядан шыққан кезімде «Жаңағы ән айтқан кім?» деп сұрады. «Мен» дедім. «Даусыңыз жақсы екен» деді. «Құдайдың бергені ғой» дедім. Сөйтіп жай ғана сөйлестік те кетіп қалдық. Ол да Сибирьская 35-те, жатақханада тұрады екен. Анна Егоровна деген комендантымыз болды. Жатақханамыз «Қазақстан» кинотеатрына жақын, кәдімгі жер үй болатын. Бөлекөлек бөлмелер. Кішкентай пешіміз бар. Отынымызды, көмірімізді береді, өзіміз жағамыз. А.Әшімов, С.Оразбаев, Р.Әуезбаева, барлығы сонда тұрды. Абай даңғылының бойындағы жатақхана кейін салынды. Сонымен, не керек, бір күні Оспанхан біздің бөлменің есігін қақты.  Қасымдағы пианист қыз шығып: «Кім керек?» десе: «Ана қыз керек» деп мені нұсқапты. Сонда атымды да білмейді. Оның алдында Қалдаяқовтан: «Мына бір қыз кім, білесің бе?» деп сұрапты. Шәмші біздің студенттердің ішіндегі ең жасы үлкені болатын. «Білмеймін, қазақша сұрасаң орысша жауап береді, өзі бір қызық қыз, орыс шатыс қой деймін» депті Шәмші. «Түрі қазақ қой» депті Оспанхан. Сонда: «Бұған үйленсең саған аудармашы қажет болмайды» депті Шәмші. Сөйтіп танысып, араласып кеттік.

Студент кезден қандай оқиғалар есіңізде қалды?

М.Горький атындағы саябақта «Родина» деген кинотеатр бар болды. Сенбі, жексенбі күндері ылғи үнді киноларын көрсететін. Алдындағы алаңда дискотека болады. Үнемі сонда баратынбыз. Жылдам билейтін фоксрот деген би болды. Екеуміз де биді жақсы көретінбіз.

Консерваторияда «Актер» деген қабырға газеті шығатын. Бәріміз таласа-тармаса оқитынбыз. Оспанхан әркімге арнап әзіл, пародия, эпиграммалар жазатын. Ұмытпасам, Асанәлі сол газеттің редакторы болды ғой деймін. Кейіннен: «Оспанханға «өйтіп жаз», «бүйтіп жаз» деп ақыл айтушы едім. Ол быдықтың классик болатынын қайдан білейін!» деп күліп жүретін.  


Ұлы Мұхтармен

«Быдық» демекші, өзі бір сұхбатында «Кино және драма актері» деген табақтай дипломым бар, бірақ әртіс бола алмадым. Әртіске керегі бой екен, бойым болды. Ой екен, ойым болды. Ажар, көрік, шырай екен, онысы да болды. Сөйлеген сөз мірдің оғындай болуы керек екен... Мұғалімдерім де байқамапты, өзім де байқамаппын, бұл не болды деп қарасақ, мен сөзімді адам түсінбейтін быдық екенмін. Төрт жыл оқыған оқу зая кетті де, мен сол быдық күйімше қалып қойдым» дегені бар екен...

Бірақ ән салғанда быдықтығы білінбейтін де. Жамал Омарованың концертін көп жүргізді. Жамал апай: «Оспанның быдықтығы сатирасына сай қосылып, тіпті әдейі солай айтқандай көрініп, жарасып тұрады» деп қолпаштап қоятын.

Шынымен де, Оспанхан аға жас кезінде әнді жақсы айтқан деседі...

Иә. Ол ән айтқанда микрофонды қажет етпейтін де. Әнді даусымен емес, жанымен жаңғыртып айтатын. Әсіресе халық әні «Гауһартасты» нақышына келтіре орындайтын. «Ажарың ашық екен атқан таңдай» деп ән салғанда тура ғашық адамның образына кіріп кететін. «Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң» дегенде езуіне күлкі үйірілетін. «Ырғаң-ырғаң! Неткен образ!..» деп сүйсінетін. Соның әсері ме, кейін өзінің сатирасында «апай-топай, шақыр-шұқыр, даңғыр-дұңғыр, көди-сөди, бықи-тықи» деген сөздер пайда болды.

Екеуміз бір жылдай жүріп, үйлендік. Оспанхан пәтер жалдап, үй ішіне айтып, бәрін келістіріп қойыпты. Әке-шешесі, бауырлары, бәрі келді. Екеуміздің де жора-жолдастарымызды шақырып, аулаға шағын дастархан жасадық. Өзім жұмыс істейтін хор капелласының бір топ әншілері, сондай-ақ Райымбек Сейтметов, Асанәлі Әшімов, Раушан Әуезбаева, Мәриям Жақсымбетовалар ақ тілек айтты. Сөйтіп, біз 1957 жылы 12 қыркүйекте отау құрдық. Ол кезде Оспанхан 23-те, мен 20-да болдым. Мені сыртымнан көрген енем: «Кіп-кішкентай ғой. Өзі үйленуге  болатын жаста ма екен?» деп таң қалыпты. Ол кісі сөзге шешен, талай айтыстарға қатысып, жеңген екен. Соған қарап өзім: «Өнер оған анасы жағынан келген екен ғой» деп ойладым.

Аға екеуіңіздің қандай ұқсастықтарыңыз болды?

Екеуміздің туған күніміз қатар: Оспанхан 4 мамыр туса, мен 5 мамырда туыппын. Екеуміз де бозқарағанды жақсы көретінбіз. Менен гөрі, Оспанханның жасаған тағамы дәмдірек болатын. Мейірімділігі сондай, ол маған үй шаруасына да көмектесе беретін. Біз екі баламен 6 жыл пәтерде жүрдік. Содан кейін барып қана кезекке тұрып үй алдық. Кенже баламды 11 жылдан кейін көтердім. Ағаң өте кішіпейіл, ақжарқын адам еді. Балаларды қатты жақсы көрді. Қайда барса да бәріне әдейілеп сыйлық алып келетін, бәрін қуантқысы келіп тұратын. «Берсең балаға бер. Ол ешуақытта ұмытпайды» деп айтатын.

Адамгершілігі мол болатын. Өзі менен 3-ақ жас үлкен болса да барынша қамқорлық көрсетіп, сондай бір жанашырлықпен, аяушылықпен қарады. Маған көп өлең арнады. Ата-енеге қалай қарау керек, елмен қалай сыйласу керек, бәрін айтып, үйретіп отыратын. «Келген қонақты сыйла, дастарханға барыңды қой. Қабағыңды түйме. Барымен базар боламыз. Дайындығың болмаса оны келген адам да түсінеді» дейтін. Қай жағынан болса да, Осекеңнің тәрбиесін көп көрдім. Ұрсып та айтпайтын. Жайлап қана түсіндіретін. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын іштей қатты ұстанатын. Дастархандағы нан қоқымын тастатпайтын. «Бай боласың» деп балаларға жегізіп отыратын.

Қадыр Мырза-Әлі бір естелігінде Оспанхан аға туралы: «Ол тек үстел басында отырып қана жазбайтын. Үнемі жазу үстінде болатын. Ылғи бір нәрсені ойлап, өзінен өзі күліп бара жататын. ...Көп жағдайда есі дұрыс адамға ұқсамайтын» деген екен...  

Үнемі ой үстінде, ізденісте жүргені рас. Өзі үйде бәрі тып-тыныш болғанда ғана жазуға отыратын. Үстелдің үстін түгел жинатып тастайтын. Мен оған айран қосып, қаймақ қосып, тарыдан көже пісіріп қоятынмын. Жазу жазғанда тек қана көже ішетін. Бірдеңе жазып отырып, қай уақыт екеніне қарамастан өзі қарқылдап күлетін. Сосын ішіне сыймай кетеді де, мені оятады, ол түн ортасы ма, таң атып келе жатыр ма, ештеңеге қарамайды. Мен ренжимін, өйткені шаршаймын ғой, бір жағы жұмыс, бір жағы – балалар бар. Сонда да қоймайды: «Мен қызық бірдеңе жаздым, сен жай ғана тыңдашы», дейді. Сөйтіп оқып береді, ақырында екеуміз қосыла күлеміз. Ертеңіне қазақ көршілеріміз: «Түнде қатты күлдіңіздер ғой, аға тағы да бірдеңе жазды ма?.. Әңгімелеріңізді көбейтіп, бізге де беріп тұрсаңызшы, оқиық» дейтін. Сондай жағдайлар көп болатын.

Біздің үйдің есігі үнемі ашық тұратын. Өте көпшіл еді. Тіпті іссапардан келе жатып та пойызда танысқан, купеде бірге болған адамдарды ертіп келетін.   

Оспанхан Әубәкіров Шона Смаханұлымен

Әдетте «күлкі өмірді ұзартады», «көңілді жүрген адам көп жасайды» деуші еді. Оспанхан ағаның небәрі 52 жасында дүние салғаны қандай өкінішті...  

Өзіміз де содан үлкен өкініште қалдық. «Ара» журналында қызмет істеп жүрген кезінде іссапарға жиі шығатын. Кезекті бір сапарында Маңғыстауға кеткен. Тура сол кезде өңірде безгек ауруы шығыпты да, барғандардың бәрін шығармай, карантинге жауып тастапты. Сонда бір ай жатып қалды. Көп адам қайтыс болыпты. Содан келгеннен кейін өзі жүдей бастады. «Тамағы дұрыс болмай, содан жүдеген шығар» деп мән бермедік. Сөйтсек, Мәскеуден барған білгіштер ауру жұқпасын деп сонда болғандарға ұдайы спирт бергізеді екен. Оспанханға ауру жұқпаған. Бірақ спирт бауырын ірітіп жіберіпті. Өте кеш білдік. Көп ауырған да жоқ. 1986 жылы 14 сәуірде қайтыс болды.

Сол тұста мен қатты қиналдым. Қайта құру басталып, бәрі ию-қию болып жатқан кез еді. Әйтеуір жұмысым бар. Консерваторияда вокалдан 30 жыл сабақ беріп, сол жерден зейнеттік демалысқа шықтым. Одан кейін де 22 жыл «Мектеп» баспасында корректор болдым, 75-ке келгенше жұмыс істедім. Балаларға көмектесейін деп, өзімді аяған жоқпын, шынымды айтсам... Содан қазір кішкене ауырыңқырап жүрмін. 

Оспанхан Әубәкіровтің 70 жылдығына орай өткен кеш

Ағаның қолжазбаларын қаттап, реттеп, жинастырып қойыпсыз. Баспаға дайындап жатқан сияқтысыз... 

Ағаңның бұрын жарық көрген 20 шақты кітабы бар. Оспанхан поэзия, проза, драматургия, фантастика сияқты көптеген жанрда жазды ғой. Жасаған аудармалары қаншама! Қыз бен жігіт айтыстары, көп дүниелері әлі шықпай жатыр. Ендігі арманым да, тілегім де сол кітаптарға қосылмаған, баспа жүзін көрмеген шығармаларын жинақтап, көзімнің тірісінде 10 томдығын шығарып кетсем деймін. «Үкімет тарапынан қолдау көрсетілсе» деп, А.Балаеваға бір емес, екі рет өтініш жазғам. Жауабын күтіп отырмын. Бүгін бар адам ертең жоқ, енді қанша жүрерімді бір Құдай біледі. Мен болмасам, бұл шаруа балалардың қолынан келмейді...

Нұрсұлу апай, Алла сізге ұзақ ғұмыр берсін! Ой-арманыңыз орындалсын, мақсатыңызға жетіңіз! Әңгімеңізге көп рахмет!..

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:48

18:46

17:47

17:35

17:14

17:05

16:40

16:35

16:22

16:18

15:53

15:37

15:17

14:56

14:52

14:44

14:28

14:14

13:44

13:38

13:36

13:34

13:33

13:31

13:03