Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы болып Сәкен Аралбаев тағайындалды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласының білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымға бұған дейін мекеме басшысының орынбасары қызметін атқарған Сәкен Аралбаев келді.
Сәкен Аралбаевтың мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 15 жылдан асады. Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Шығыстану» және «Тарих» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2008 жылы Алматы қалалық ақпараттық-талдау орталығының сарапшысы болып бастаған. 2010 жылдан бастап Алматы қаласы әкімдігі мен аудандық әкімдіктерінде қызмет атқарып, жұмыспен қамту, әлеуметтік сала, сондай-ақ мәдениет пен тілдерді дамыту бағыттарында еңбек етті.
2024 жылы Сәкен Аралбаев Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ал 2025 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың мамыры аралығында Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарды.