Қазақтың ән өнерінде жеке әншілік мектеп қалыптастырған дүлдүл әнші Дәнеш Рақышевтің ұлт руханиятына қосқан үлесі ұланғайыр. Ел аузында жүрген, інжу-маржандай халық әндерді қайта жаңғыртқаны өз алдына, Әсеттей өнер саңлағының өміршең мұрасын жиып-теріп, халқымен қайта қауыштырудағы Дәнеш ағаның еңбегі ерен. Одан бөлек, ол – өзі де жүзден астам ән шығарған дара дарын.
Дәнеш Рақышевтен сабақ алып, тәлім-тәрбиесін көрген талантты шәкірті, бүгінде өзі де бірегей әнші Нұржан Жанпейісов жақында ұстазының елге белгілісі де, әлі белгісізі де бар, әндерін нотасымен топтастырып, кітап шығарды. «Ән салайын...» деген атпен жарық көрген бұл жинақ – Дәнештің ән мектебі үшін таптырмас оқу-әдістемелік құрал әрі сол мектептің өміршең мұрасын топтастырған сүбелі еңбек екендігімен құнды.
Осыған орай, біз Нұржаннан аталған жинақ туралы кеңірек әңгімелеп беруін және ұстазы жөніндегі естелігімен бөлісуін сұрадық.
– Нұржан, өнерсүйер қауым өзіңді Дәнеш ағаның ең танымал, төл шәкірті ретінде біледі. Ұстазыңның мәнері бөлек, иірімі мол әндерін асқан сезімталдықпен, шеберлікпен орындаумен қатар, өзің де шәкірт тәрбиелеп, дәстүр сабақтастығын дәріптеп жүрсің. Аталған жинақты құрастырып, шығаруға да үлкен ізденіспен, дайындықпен келгенің белгілі. Енді осы жұмыстың жай-жапсары туралы айтып өтсең?..
– Мен 1990 жылдың күзінен бастап, екі жылға жетер-жетпес уақыт көлемінде Дәнеш ағаның алдында болып, әндер үйрендім. 1992 жылы шілде айында ол кісі қайтыс болды. Содан кейін Дәкеңді іздейтін, сағынған ел көбейді. Сөйтіп, бізді әр жерге шақырады, ән салдыртады, «Дәкеңнің ана әнін айтшы», «мына әнін айтшы» деп сұрайтын болды. Мен ағаның жанында болған азғантай уақытта барынша өндіртіп үйреніп қалғаныммен, барлық әндерін қамтып үлгере алмадым. Сондықтан «Дәнеш ағаның бүкіл әндерін жинастыру керек және мүмкіндігінше бәрін айтуым керек» деп ойладым. Өйткені ол кісіні көрген, тыңдаған, сағынған жұрт әнін сұраса, «білмеймін» деп тосылып қалуға болмайды ғой. Сөйтіп ақырындап, тірнектеп жинай бердім. Ол кезде қазіргідей интернеттен іздеп, таба салатын мүмкіндік жоқ. Содан радиодан берілген әндерінің записьтерін жинадық. Құдай оңлағанда, мен аға қайтыс болғаннан кейін 3 жыл сол кісінің үйінде тұрдым. Дәнеш ағаның жары Рахилям тәте: «Жатақханада саған тыныштық болмайтын шығар, үйге келіп тұр, ағаңның қағаздарын қара» деді. Сол кезде тәтем ағаның жазған қағаздарын, кассеталарды, бірлі-жарым нотаға түскен әндерін беріп отырды. Мен соның бәрін жинастырып жүрдім.
2000 жылы мен Алматыға ауысып келгеннен кейін сондай бір мүмкіндік туды: «Дәкеңнің ноталы жинағын шығару керек» дегеннен кейін, Мұрат Әбуғазы бастап, нотаға түсіре бастадық.
– Негізі, Дәнеш ағаның әндері оған дейін де жинақ болып шыққан ғой?..
– Иә, оған дейін нотаға түспеді деп айтпаймын, ең бірінші рет, 1984 жылы Дәкеңнің «Мақтанышым – елім» деген жинағы шыққан. Оған өзінің 22 әні топтастырылған. Кітаптың алғысөзін Сәуірбек Бақбергенов жазған. Одан кейін ешқандай жинағы шықпаған. Содан 2010 жылы менің орындауыммен, Мұрат Әбуғазы Дәнеш ағаның 60 әнін нотаға түсірді. 2017 жылы оны «Саясында алманың» деген атпен жинақ қып шығардық. Менің одан кейінгі жоспарым бойынша, енді Дәкеңнің өз әндерінен бөлек, ол кісі жеткізген, орындаған әндерді, оның ішінде халық әндері, халық композиторларының әндері де бар, солай жинақтап шығару керек болды. Бұл ретте біз Мемлекеттік архивтің музыка қорына кіріп, Дәнеш ағаның 4,5 сағаттық аудиожазбасын, 1,5 сағаттық бейнетаспасын таптық. Сол жазбалардағы әндердің бәрін нотаға түсірдік. Дәнеш аға 1960 жылдардан бастап, осы Алматыға студияға келіп, «Алтын қорға» әндер жаздырып отырған екен.
– Оның өзі ағаның еңбекқорлығы мен қазақ өнеріне деген үлкен жанашырлығы, жауапкершілігі ғой...
– Өзіңіз білесіз, Дәнеш аға 1972 жылға дейін Жаркент өңірінде, Үшаралда еңбек етті, халық театрын құрды. Сол ауылда жатып-ақ, ара-тұра келіп жүріп, керемет дүниелер жаздырғаны таң қалдырады. Дәкеңнен басқа, сол тұстас кісілерден мұншама дүние жазылып алынғанын өз басым кездестірмедім. Дәкеңде өте көп дүние жазылған. Сол әндердің барлығы дерлік – халық әндері мен халық композиторларының әндері. Оның ішінде Әсет әндері толық жинақталды десек болады, әсіресе Дәкеңнің орындауында. Жалпы, Әсет әндері бізге осы Дәнеш аға арқылы жетті. Қыл аяғы, сол Дәкеңнің орындаған нұсқасы Әсет әнінің түпнұсқасы ретінде қарастырылады. Дәкеңнің орындауында Әсеттің «Қысметі» мен «Інжу-маржаны», «Ақырғы сөзі» түр-түрімен жеткен. Одан кейін Әсет пен Ырысжанның айтысындағы «Әсет әуені» деген әуен де Дәкең арқылы жетіп отыр. Содан кейін бұл жақта айтылмаған, Естайдың екі әнінің басқа нұсқасы Дәкеңмен бірге жеткен. Мысалы, Дәкеңнің орындауында «Қорлан» әнінің 3-нші түрі, «Жайқоңырдың» 2-нші түрі жетіп отыр. Солардың барлығын нотаға түсіріп, кітапқа енгіздік.
– Сондай-ақ, Дәнеш аға жеткізген халық әндері бұл жақта бұрын-соңды орындалмаған, ел естімеген әндер ғой...
– Иә, оларды Дәкеңнің алдын көрген шәкірттері орындамаса, мысалы, «Аяулым», «Жанерке», «Баянауыл» сияқты әндерді басқалар көп орындай бермейді. Дәкең Арқа өңіріндегі сал-серілердің, мысалы, Ақан серінің, Естайдың да әндерін орындаған. Ол әндерді мен бұл жинаққа кіргізген жоқпын. Өйткені олар кезінде зерттеушілердің назарына ілініп, нотаға түсіп, бұдан да басқа жинақтарға енген. Ал жинақта Дәкеңнің орындауында бұл жақта айтылмаған әндерді топтастырдым.
Мемлекеттік архивтің музыка қорынан алынған әндердің барлығы YouTube каналға жүктеліп, QR-кодпен жинаққа кіргізіліп отыр. Яғни «Аңшының әні» десек, мұнда нотасы, өлеңнің толық мәтіні тұр, QR-кодпен ашса, Дәкеңнің өз орындауында тыңдауға болады. Қазір шәкірт тәрбиелеп, сабақ беріп жатырмыз. Бұл – соған таптырмас құрал. Балалардың алдына қоямыз, тапсырмасын береміз. Мысалы, Дәнеш Рақышевтің орындауында, Әсеттің «Қоңыр қазын» үйреніп кел» десек, бұл жерде нотасы, мәтіні, үнтаспадағы даусы, бәрі тұр. YouTube каналға QR-код арқылы кіреді де, тыңдап, құлағына сіңіріп, өлеңін жаттап, дайындап алып келеді. Сондықтан бұл жинақ өнерге талпынып, әншілікке ден қойған өнерпаздар мен кәсіби білім алып жүрген шәкірттерге таптырмас оқу құралы болары анық.
– Жазушы ағамыз Бексұлтан Нұржекеұлы: «Нұржан – Дәнеш әншінің кенже қозысы. Дәнеш әнінің бүкіл қайырымын, иірімін Нұржаннан табуға болады» деген екен. Дәнеш ағаның кез келген өнерпаз игеріп, бойына сіңіріп кете алмайтын ерекше мәнерін, мақамын меңгеру саған қиынға соққан жоқ па? Жалпы, Дәнеш аға адам ретінде, ұстаз ретінде қандай адам еді?
– Мен өзім, негізі, ауылдан шықпаған баламын ғой. Мектепті бітіре салып, жол түсіп, бағыма қарай, Талдықорғанда Дәнеш ағаға жолықтым. Қалаға барғаннан кейін ауылға, ел-жұртқа, үйге, ата-анаға деген сағыныш бұлқынды. Сол кезде Дәкең әкем сияқты басымнан сипап, арқамнан қағып, бетімнен сүйіп, бар жылы сөзін аямай, күлімсірей қарағанда барлық сағынышым басылғандай болды. Сөйтіп, адами мейірімділік, қамқорлық танытқаннан кейін Дәнеш ағаны қатты жақсы көрдім. Ал «айналайын» деп, бойындағы барын үйреткеннен кейін тіпті құрмет тұттым.
Дәкеңнің алдында жалғыз мен болған жоқпын. «Дәкеңе шәкірт боламыз, әнін айтамыз» деп, сол уақытта 10-15 бала бір-ақ жазылдық. Сөйтіп, бәріміз топырлап айналасында отырамыз. Сол кезде Дәкең әрқайсымызға көңіл бөліп, жүрегімізге жол табатын. Қабілет-қарымымызға, мінезімізге, жағдайымызға болсын, бәріне қарайтын. Әр балаға жеке үйрететін, бөліп-жармайтын. Алдымен тыңдайды, деңгейімізді біледі. Сөйтеді де: «Қандай ән үйретейін?» деп сұрайды. Өзі айтып береді. «Ұнады ма?» дейді. «Ұнады» десең сол әнді үйретеді. «Ұнады ма?» дегенде аспанға, жан-жағымызға қарап күмілжісек, «Онда мынаны тыңдап көр» деп, басқа әндерін тыңдатады. Қашан көңілімізге ұнағаны кездескенше бірнеше ән айтып береді. Сөйтіп, қалаған әнімізді үйретеді. Онда да егжей-тегжейін толық қамтып, ішіндегі түсінбеген сөздерімізді де түсіндіреді.
– Бірақ сол 10-15 баланың бәрі бірдей Дәнеш ағаның дәстүрін жалғастырып кеткен жоқ шығар...
– Әрине, барлығы бірдей айтып кете алмады. Неге? Мысалы, мен төл өнерімізді, әнімізді, күйімізді кішкентай кезімнен әкемнен тыңдап өстім. Дәкеңнің алдына келіп, сол сарынды, сол әуенді үйренген кезде маған қиындық туған жоқ. Оның үстіне қызығушылығым болды да, бірден қағып алдым. Тіпті әуелі әнді үсті-үстіне үйренетін болдым. Дәкең: «Неге асығасың, асықпа» дейтін. Ал кейбір балалар қиналды. Өйткені құлағына сіңбеген, ондай әндерді көп тыңдамаған, иірімге бай, диапазоны кең әндерге келген кезде қиналды. Үйренгендей болады, есіктен шыға бере ұмытып қалады, қайтадан барып сұрауға ұялады. Содан «қой, мен айта алмайды екем, маған қиын екен» деп сырт айналғандар болды. Сол үшін: «көбірек тыңдау керек» деп, балаларға бірінші сондай тапсырма береміз.
Бұл біздің классикалық ән, дәстүрлі әніміз дейміз, бұл – сонау ғасырлардан жеткен әндер, онда үлкен қасиет жатыр. Соны кішкентайынан құлағына сіңіріп, біліп өспесе, алайтынан, жолдан қосылу деген болмайды.
Қазір Өнер академиясында және колледжде Дәкеңнің класы бар, алдыма келген шәкірттердің барлығына Дәкең орындаған әндерді аға өзіме қалай үйретті, тура солай үйретемін. Өйткені «дәстүр сабақтастығы» деген бар және дәстүрлі әндерді үйреткенде нотаға байланып қалуға болмайды. Мүмкіндігінше слухпен, ауызба-ауыз үйретеміз. Сонда әннің ішкі иірімдерінің барлығы беріледі. Ондай нәрселер нотаға толық түспейді. Оның үстіне, Дәкең орындаған әндер – иірімі өте бай әндер. Сондықтан оларды көбіне ауызба-ауыз үйретеміз. Әрине, аудиожазбалар, ноталар баланың дайындығына жақсы көмектеседі, бірақ ауызба-ауыз үйреткенде ол одан әрі толығады.
– Бүгінде ел ішінде «Сағынсаң егер Дәнешті, Нұржаннан барып ән есті» деп айтылады екен. Ұстазыңның өзіндей, көзіндей болып қалғаныңа, бәлкім, үш жыл үйінде тұрып, сол әулеттің өз баласындай болып кеткенің де әсер еткен болар...
– Мұның бәрі – қазақтың маңдайына біткен күміс көмей, дүлдүл әнші Дәнеш ағамыздың шарапаты деп білемін. «Іздегенге – сұраған» деген ғой. Өзінен сабақ алып жүрген кезде Дәнеш ағаны жұмыстан кейін үйіне дейін шығарып салатынмын. «Үйге жүр, жатақханада кім саған тамақ дайындап отыр, тәтеңнің тамағын, шайын ішіп бар» дейді. Алғашында ұялып, әр нәрсені сылтауратып, кірмей жүрдім. Сосын бірде: «жүр, кір» деп ұрысты. Сөйтіп үйіне кіріп, тәтемнің лагманын жеп, шайын іштім. Содан бірде аға: «Үйге келші, қонақтар келетін еді» деп шақырды. Сөйтсем Алматыдан, жан-жақтан кісілер келген екен. Ішінде Құрманбай Толыбаев аға бар. Маған солардың алдында ән салдыртты. Сөйтіп, үйіне қонақ келсе, шақырып, ән айтқызатын болды. Содан бір күні мен жазғы каникулға кетіп бара жатқанымды айтып: «Сізге жолыға кетейін, мүмкін болса, тағы біраз ән үйренейін, тапсырма алып кетейін» деп едім, «келе ғой» деді. Үйіне барып едім, ән үйретті. Залда отырмын. Ол кісі: «Сен әніңді айта бер, мен қазір келемін» деп шығып кетті. Сөйтсем, айналып барып, ас үйдегі Рахилям тәтеме: «тыңдашы ана баланы. Мен осы баладан үлкен үміт күтемін, негіз бар» депті. Оны маған тәтем өзі айтты. Дәнеш ағаның сол сөзі де маған үлкен жауапкершілікті сезіндірді.
– Қазір ойлап қарасақ, Рахилям тәтенің сені үйінде тұрғызып, ағаның қолжазбаларын, қағаздарын сеніп тапсырғаны саған қамқорлық қана емес, Дәнеш ағаның мұрасына деген үлкен жанашырлығы екен ғой...
– Рахилям тәте ұлты ұйғыр болғанымен, қазаққа бергісіз, керемет адам еді.
Бір қызығы, баяғыда консерваторияда Дәкеңнің 75 жылдығына орай бір шара өтетін болды. Мен Талдықорғаннан тәтемді алғыздым. Шәкірті Абылайхан Қармысов, Жақсылық Мырқаев ағалар келді. Бекболат Тілеуханов бізге консерваторияда сабақ беретін. Кешті сол кісі жүргізетін болды. Рахилям тәтенің келетінін естігенде: «Ол кісі қазақша сөйлей ала ма?» деп онша сеніңкіремеген. Ал Рахилям тәте сахнаға шығып, Дәкең туралы естелік айтқан кезде, естелік айтып қана қоймай, Нұрғиса Тілендиев, Жәнібек Кәрменовтермен байланыстырып, ол кісілердің шығармашылық қарым-қатынастарын, өмірдегі сыйластықтарын шағып тұрып сөз еткенде Бекболат Тілеуханов: «Мына кісі қазақтан артық қой» деп таң қалғаны бар. Рахилям тәте әңгіменің майын тамызып айтатын, өлеңдетіп сөйлетін. Өте зерек кісі еді. Дәкеңмен 30 жыл бірге өмір сүрді. Расымен де, Дәкеңнің бүкіл мұрасын тиянақтап, жинақтап жүріпті. Тәтем маған үлкен қамқорлық көрсетті, өзімнің ата-анамнан кем болған жоқ. Үйленген кезде келіншегімді әуелі сол үйге түсіріп, тәтемнің батасын алып, ауылға сосын апардым. Өзімнің ата-анамның да қалауы солай болды.
Кейде ағаның ортасы, сол кісіні білетін адамдар: «Дәкеңнің баласы ғой» деп жатады, оған іштей қуанып қаламын. Артында қалған ән мұрасының барлығы менің санамда бір аманат ретінде тұрады.
– Аманат демекші, Дәнеш аға өзіңе: «Сен менің әндерімді бұрыс айтқан әншілерді дұрыстауға хақың бар. Сен арнайы ашылған кластан дәріс алдың. Біршама шәкірттерім бар, бірақ олар өз бетімен немесе сапарларда жүріп үйренгендер» деп арнайы табыстаған екен ғой...
– Иә, мен туралы облыстық телеарнадан «Аманат арқалаған азамат» деген хабар да берілген. Оның бәрі түсінген адамға аз жүк, аз жауапкершілік емес. Дәкең қайтыс болғаннан кейін де ол кісіні іздеген ел шаңырағына келіп кететін. Сол кезде тәтем ол кісінің орнына, маған ән салдыртатын. Анда-санда: «Ағаңның домбырасын ұстайсың ба?» деп, домбырасын қолыма беретін. Ал басқа кезде ақ матаға орап, түпкі бөлменің төріне қойып қоятын. Өзі – өте дәу домбыра. Соны ұстап тартып, ән айтып, сағынышымызды басатын едік.
– Ықылас атындағы ұлт аспаптар мұражайында тұрған Дәнеш ағаның сол домбырасы ма?
– Иә. Рахилям тәте қайтыс болғаннан кейін, қызы Гүлнардың рұқсатымен сол домбыраны музейге тапсырдық. «Өнердің негізін қалаған, туын желбіреткен небір тұлғалардың, небір өнерпаздардың домбыралары, музыкалық аспаптары Ықылас атындағы ұлт аспаптары музейінде тұр. Оның ішінде, мысалы, Біржан сал, Ақан сері, Дина апа, Жүсекең, Нұрғиса Тілендиев, Жәнібек Кәрменовтердің домбырасы да бар. Сол сияқты, Дәкеңнің де домбырасы сол жерде тұруы керек қой» деп түсіндіріп едім, Гүлнар да оны дұрыс деп тапты. Бір жағынан, ол жерде тұрған домбыра жай тұрмайды. Жылына бір рет болса да келген қонақтарға, тыңдармандарға дауысын естіртіп тұрады оның. Жалпы, жоспарлы түрде, мысалы, Дәкеңнің туған күніне қарсы бір іс-шара өткізсек, домбыраны сөйлетуге мүмкіндік бар. Сөйтіп, Дәкеңнің 90 жылдығы қарсаңында домбырасын алып келіп, музейге қойдық.
– Жинаққа әндерден бөлек, шағын естеліктер, мақалалар да енген екен...
– Иә, мен жинаққа Дәкеңнің өмір тарихы, шығармашылығы туралы өз қолымен жазған естелігін енгіздім. Онда өзінің де, әндерінің де баяны бар, ұстаздары, сол кезде жүрген ортасы, балалық, жастық шақтағы тарихы, бәрі жазылған.
Дәкең – Әсет әндерінің мұрагері, бірден-бір жеткізушісі ғой. Әсет әндерін іздеген адам қалайда Дәкеңе соғады. Дәнеш аға кезінде облыстық «Жерұйық» газетіне Әсет әндері туралы мақала берген екен, сол мақаласын да кіргіздім. Өйткені бұл жерде Әсет әндері де бар. Ал Әсет әндері туралы Дәкең не айтқаны бізге қашанда маңызды.
Бексұлтан аға: «Дәнеш Әсеттің бір әнін жеткізсе де бұл жақтағы ел риза болатын еді» дейді. Бірақ бір әнін емес, бүкіл әнін жеткізіп отыр ғой. Сондай-ақ, Әсет әндерінен бөлек, бұл жақта айтылмаған халық әндерін жеткізді. Оның сыртында, ешкімге ұқсамайтын өзінің әндерін шығарды.
Мұхтар Әуезов Дәкеңді алғаш тыңдағанда: «Дәнеш, сенімен бірге бұл жаққа иен байлық жетіпті ғой» депті. Өкінішке қарай, сол кездегі идеологияның әсері ме, арғы беттен келгендігін желеу ғып, Дәкеңді орталыққа жолатпаған ғой. Бірақ Дәнеш аға өзінің естелігінде айтады, Мұқаң Мәскеуге кетерінің алдында: «Дәнеш, сенің орның – Алматы. Сен Алматыда болуың керек. Мен сені Алматыға алдыртамын» деген екен. Бірақ ол кісі сол кеткеннен Мәскеуде қайтыс болады. Дәкең «еңбек жолымды осында жалғастырайыншы» деп өзі сұранып, бірнеше рет Алматыға келген. Бірақ «Жоқ, сіз Талдықорғанға барыңыз, ол жақта қазақ тобы жоқ, соны ұйымдастырыңыз, сіз халық театрын құрғансыз, сізде үлкен тәжірибе бар» деп сылтауратып, Алматыға жолатпаған. Кім біледі, егер Дәкең Алматыда болып, Ғарекең, Жүсекең сияқты өзінің мектебін ашып, ертерек шәкірт тәрбиелегенде жеткізген мұрасының насихаты да басқаша болар ма еді!..
– Дәнеш ағаның ән шығарған сәтіне куә болған кезің бар ма? Аға әнді қай кезде, қалай шығарушы еді?
– Мен Дәкеңнің ән шығарып отырған сәтін көрген жоқпын. Бірақ 90 жылдардың аяғында облыс әкімі бастаған арнайы делегация Құлжа, Үрімші өңіріне барып қайтты, өнерпаздар концерт берді. Дәкең бірге барған. Мен ол кезде 1-курста оқитынмын. Сол сапардан келе салды да: «Балам, жаңа ән туды. Сен соны үйреніп ал» деді. Сөйтсем, ол Оразақын Асқардың өлеңіне жазылған «Жан-жақтағы бауырлар» деген ән екен. Соны ең бірінші маған үйретті, алғаш орындаған да мен болдым.
Сол тұста және жер-жерде Наурыз мерекесін тойлау үрдісі кеңінен таралып жатты ғой. Сонда Дәкең «Наурыз тойы» деген ән жазды. Сол ең соңғы шығарған әні деп ойлаймын. Оның алдында 1991 жылы, күзде ме екен, ол кісі Моңғолия жеріне барып, Баян Өлгейдегі қандастарды аралап қайтты. Сол сапардан келген соң «Аяулым менің, арайлым» деген ән шығарды. Ол әні ең алғаш сол жақта орындалыпты. Ол ән туралы «Жерұйық» газетінің сол кездегі бас редакторы Тұрсын Әбдуәлиев ағамыз жазды. Айтуынша, Дәкең сол сапар барысында бір әуенді үнемі ыңылдап айта берген көрінеді. «Арасында үзілісте көшеге шығып, бір зергерлік дүкенге кірдік» дейді. Сатушы келіншек Дәнеш ағамызды таныпты. Амандасып: «Аға, сізді білеміз ғой, өнеріңізге қанықпыз» деп, біраз шүйіркелесіп әңгімелескеннен кейін, күміс сақинаның біреуін алып: «Осы жақтағы ел-жұрттан, әндеріңізді сүйіп тыңдайтын бауырларыңыздан бір естелік болсын» деп, Дәнеш ағаның қолына салды» дейді. Дәнеш аға рақметін айтып, кешке болатын концертке шақырыпты. Сосын сыртқа шыққаннан кейін: «Бұл жаққа менен де бір естелік қалсын, ыңылдап жүрген бір әнім бар еді, өзі уақыты жетті, соны орындап берейін» деп, сөзін де өзі жазып, осы «Аяулым менің, арайлым» деген әнді ең алғаш сонда орындапты.
Дәнеш аға кез келген өлеңге ән жаза бермеген. Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова сияқты үлкен ақындармен қатар, өзінің ең жақын, былайша айтқанда, үзеңгілес достары Құрманбай Толыбаев, Әбен Дәуренбеков, Тоқбай Исабеков, Нұрғали Омарқұловтың өлеңдеріне ән жазды.
– Бұл ол кісінің өзімен сыйлас, қимас достарына деген құрметі де ғой. Мысалы, Дәнеш ағаның әндері шырқалған кезде ол кісілердің де аты жаңғырып жатады.
– Мысалы, Дәкең өзінің жақын досы, ақын Тоқбай Исабековтің «Жетісу», «Баянауыл – бал әнім», «Балжан-ай», «Сауықшыл елім тамаша», «Келіндеріме» деген сияқты басқа да бірнеше өлеңіне ән жазды.
– Әрқайсысының шығу тарихы да бөлек әңгіме десеңші...
– Әрине. Мысалы, «Келіндеріме» деген әнге тоқтала кетейін. Тоқбай аға Тұрпан ауылында халықпен кездесіп, кеш өткізеді. Туған елге, жерге, досқа, анаған, мынаған арнаған өлеңдерін арындатып оқып жатса керек. Сонда ауылдың бір келіні тұрып: «Аға, бәріне өлең арнапсыз. Ал келіндерге арнаған өлеңіңіз бар ма? Соны оқыңызшы» депті. Ағамыздың ондай өлеңі жоқ екен. Ыңғайсызданып қалыпты да: «Айналайын, мен осыдан кейін келіндерге арнап өлең жазамын. Жазып қана қоймай, оны Дәкеңе апарып, ән шығартам» деп көптің алдында уәде беріпті. Айтса-айтқандай, өлең жазып, оны Дәнеш ағаға апарып: «Дәке, осындай-осындай жағдай болды, мына өлеңге ән жазбасаң болмайды» депті. Содан Дәнеш аға оған ән жазады да, оны ана кісіге айтады. Бірақ Тоқбай аға ол әнді Дәкеңнің орындауында естімейді. «Тыңдаймын ғой» деп жүргенде Дәнеш аға қайтыс болып кетеді. Содан бірде «Ауылдан ағайындар келіп жатыр, үйге келе ғойшы» деп тәтем шақырды. Тоқбай аға төрде отыр екен. Дәкеңді еске алып, жылап отыр. «Дәкеңнің ішінде бір ән кетті, бір ән өлді» дейді. «Қандай ән?» десем, «осындай-осындай» деп жаңағы жағдайды айтты. «Маған хабарласып, «ән шықты» деп айтқан, мен ол кезде келе алмадым, ести алмадым, міне, енді қарашы» деп өкініп отыр. «Аға, мен ол әнді білемін» дедім. «Қойшы!» дейді. «Иә, үйреніп қалғам» деймін. «Ойбай-ай, айналайын-ай!..» деп тағы ағыл-тегіл жылады. «Қане, айтшы» дейді. Айтып бердім. Қатты қуанды ол кісі. Сондай әндер көп.
Тоқбай Исабековтің өлеңіне жазылған «Жетісу» деген ән – Дәнеш ағаның арғы беттен келгенде шығарған алғашқы әндерінің бірі. Тоқбай аға өзінің естелігінде бұл әнді Рақымжан Қошқарбаевпен байланыстырады. Айтуынша, Рақымжан ағамыз Жаркентте арғы беттен өткізу пунктінде қызмет істеген екен. Дәкең Жаркентте тұрады ол кезде. Ана кісі жұмыстан кейін шақырып алып, ән айтқызып, тыңдайтын көрінеді. Сонда Дәнеш ағаның алғашқы тыңдаушыларының бірі – Рақымжан ағамыз болыпты. «Жетісуды» тыңдаған кезінде «Мына әннің ішіне махаббат деген сөзді қосу керек сияқты» депті. Сол ұсыныс бойынша Тоқбай аға «Жер сұлуы Жетісу» деген тағы бір өлең жазып, Дәнеш аға оған да ән шығарыпты. Бірақ бұл жинақта әндердің тарихына тоқталған жоқпын.
– Алдағы уақытта сондай бір жинақ шығаруға да болады екен. Ол да өте керек нәрсе ғой.
– Сосын Дәкеңнің әндерінің арасында нотаға түскен, бірақ өзі де, басқалар да орындамаған әндер кездесті. Сол әндерді өзім орындап, шәкірттеріме үйретіп, жарыққа шығарсам деймін.
– Дәнеш аға күй де шығарған екен ғой...
– Иә. Аталған жинақтағы үлкен олжаның бірі де сол болып отыр. Дәнеш ағаның естелігінде ол күй «Салкүрең» деп айтылады. Бірақ кейіннен «Үшарал» деп өзгертілген сияқты. Мен де «Дәнештің «Үшарал» деген күйі болған» деп ел ішінен еститін едім. Бірақ таба алмай, сұрастырып жүрдім. Консерваторияда сабақ беретін Әсет Жұмабаев деген інім бірде өзінің фейзбук парақшасына: «Мен Дәкеңнің «Үшарал» деген күйін тартып, Чайковский колледжіне оқуға түстім» деп жазыпты. Бірден соған хабарласып, «Сен ол күйді білесің бе?» деп сұрасам, «Қазір ұмытып қалдым» дейді. «Оны қайдан үйрендің, кім үйретіп еді?» деймін ғой. Сөйтсем, «Ауылда осындай-осындай кісі бар, содан үйрендім» дейді. Анықтасақ, ол – Жаркенттің ар жағындағы Қырыққұдық ауылында тұратын Несіпбеков Жаңабай Күнболатұлы деген кісі екен. Хабарласып едік: «Мен ол күйді цифрлық нотаға түсіріп қойғанмын» деп, соны жіберді. Содан Мұрат Әбуғазы бас-аяғын жинақтап, өңдеп, қазіргі нотаға аударып, жинаққа енгіздік. Нағыз оркестрге сұранып тұрған өте әдемі және көне сарындар басым күй екен. Қазір ол жетігенде орындалып жүр, шертерде ойнауға да дайындық жасалып жатыр.
– Дәнеш ағаның басқа күйі болған-болмағаны белгісіз бе?
– Белгісіз. Бірақ болмаған сияқты. Өйткені ондай заңдылық бар. Мысалы, Әсетте бір-ақ күй бар, ән шақыру деген сияқты. Кенен атамызда да «Құлақ күй» деген бір күй бар. Әуен табу, домбыраның құлақ күйін келтіру, тыңдаушыны дайындау үшін тартылатын болуы керек деп ойлаймын.
– Өзің күй тартасың ба?
– Кәдімгі күйшілердей болмағанымен, өзімше тартатыным бар. Дәнеш аға да: «Күйді көбірек тартыңдар. Сонда домбырада қолдарың жақсы жүреді, еркін жүреді» деп айтатын.
Жалпы, Дәнеш аға сан түрлі өнер иесі еді. Асқақ әнші, әуезді әндер шығарған композитор, кей әннің сөзін жазған ақындығы да әжептәуір. Кезінде өзі құрған халық театрының режиссері де, актері де болып өнер көрсеткен. Теңдессіз дауыс иесі болумен болумен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті де мықты еді. Арғы бетте жүргенде Құлжа қаласында алғаш құрылған қазақ-ұйғыр театрын басқарса, атамекенге табан тіреген соң «Үшарал» халық театрының негізін қалады. Талдықорғанға ауысқаннан кейін облыстық филармонияда «Шұғыла», «Арай» ансамбльдерін құрып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет етті.
Негізі, Дәнеш ағаның шәкірттері жоқ емес, бар. Бірақ Дәкеңнің мәнерімен, өзінің орындаушылық ерекшелігін сақтап айтатындар саусақпен санарлық қана, 4-ақ шәкірті бар. Оның екеуі – Зарықбек Рақыжанов, Жақсылық Мырқаев деген ағаларымыз бақилық болып кетті. Қазіргі көзі тірісі – Талдықорғандағы филармонияның белді әншісі Абылайхан Қармысов. Ол кісі колледжден Дәнеш мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Дәкеңнің өзі қамқорлық танытып, әндерін үйреткен шәкірттерінің бірі Серікбол Шыныбаев – қазір Жетісу университетінде ұстаз, қосымша, докторантурада оқып, диссертация қорғап жатыр. Ол – Дәкеңнің сонау ауылда оқып жүрген жерінен қолынан жетелеп әкеліп оқытып, тәрбиелеген шәкірті. Дәкеңнің шығармашылығын насихаттауда ол кісі де үлкен еңбек етіп жүр. Содан кейін мені айтады, «кенже шәкірті» деп.
Бір байқағаным, қай жерге барсам да, Дәкеңнің аты аталса болды, елдің барлығы сондай бір сағынышпен, үлкен құрметпен еске алып, жылы лебіздерін, рахметін айтады. Құдайға шүкір, осы Дәнеш ағаның арқасында көп елдің алғысын алып жүрмін. Дәкеңе шәкірт болып, алдын көргеніме, әндерін үйреніп қалғаныма өзімді бақытты сезінемін.
– Өнеріңді өрістетіп, мерейіңді өсіріп жүрген де – сол Дәнеш ағаңның бата, тілегі, одан кейін – көпшіліктің шынайы ықыласы мен құрметі шығар. Еңбегің жанып, әнің әуелеп, әрдайым биіктерден көріне беруіңе тілектеспіз. Әңгімеңе көп рахмет!