Қазақстанда ғылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау соңғы жылдары айтарлықтай күшейді. Бұл туралы «AI ғылым» хабарының кезекті шығарылымында кеңінен талқыланды.
Бағдарламаға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылыми орталығының директоры, PhD, профессор Қуантар Алиханов пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Экономика институтының зерттеу зертханасының меңгерушісі, PhD Айсұлу Молдабекова қатысып, саладағы өзекті түйткілдерге тоқталды.
Ғылым қолданбалы бағытқа бет бұрды
Қуантар Алихановтың сөзінше, соңғы жылдары Қазақстанда ғылымды қолдау айтарлықтай күшейген. Қаржыландыру көлемі артып, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуға, шетелде жүрген дарынды отандас ғалымдарды елге тартуға және халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған ірі жобалар іске қосылды.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстары жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар ғылымға бет бұрған жастар үшін «Жас ғалым» атты арнайы жоба іске қосылған.
«Болашақ» бағдарламасы аясында 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтіп жатыр. Ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін берілетін қосымша төлемдер ұлғайды. Әлеуметтік қолдау да күшейді.
«Отбасы банкпен бірлесіп, жас ғалымдарға төмен пайызбен тұрғын үй беріліп жатыр. Қазіргі таңда 500-ге жуық жас ғалым баспаналы болса, 90-ға жуық жас ғалым Президенттің тікелей тапсырмасымен қайтарымсыз пәтер алды», – дейді Қуантар Алиханов.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 24 мыңнан астам ғылыми қызметкер бар. Соның 46 пайызы – 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Яғни ғылыми кадрлардың шамамен жартысы жастардан тұрады.
Айсұлу Молдабекованың айтуынша, бұрын ғылым тек университет пен ғылыми институттардың аясында ғана қарастырылатын. Ал қазір ғылым қолданбалы сипатқа ие бола бастады.
«Президент ғылым туралы жиі айтып жүр. Ғылым саяси деңгейде айтылған сайын, қоғамдағы қызығушылық та артып келеді. Ендігі басты мақсат – ғылым мен бизнесті ұштастыру. Осы екеуінің арасында мықты көпір орнатылса, қоғамға нақты пайда әкелетін нәтижелерге қол жеткіземіз», – дейді ол.
Қазақстан ғылымы бірқатар бағыттар бойынша артта қалып қойды
Ал Қуантар Алиханов Қазақстан ғылымы бірқатар бағыттар бойынша артта қалып қойғанын жасырмады. Оның айтуынша, ғылым мен бизнес, мемлекеттік басқару органдары және ғылым мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланыс әлсіреп кеткен.
Бұл мәселеге өңірлік ғылымның дамымауы тікелей әсер етіп отыр. Қазақстан аумағы кең болғандықтан, өңірлердегі ғылымның дамуы төмендеп кеткен. Бұл жағдайды статистикалық деректер де растайды.
Ғалымның айтуынша, өңірлерде ғылымды қолдауға небәрі 0,16 пайыз ғана қаржы бөлінеді. Оның үстіне, жергілікті атқарушы органдарда ғылымды қаржыландыратын арнайы тетіктер жоқ. Ғылым тек республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
«Кез келген әкімдікке барып, ғылым туралы сұрасаңыз, нақты жауап беретін жауапты тұлғаны таба алмайсыз. Білім, бизнес салалары бойынша жауапты бөлімдер бар, ал ғылым бойынша жоқ», – дейді ол.
Осы олқылықты жою үшін үшінші Ұлттық құрылтайда Ұлттық ғылым академиясы «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын ұсынды. Президент бұл ұсынысты қолдап, 2024 жылы барлық әкімдіктердің жанынан ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестер құрылды.
Биылдан бастап әр әкімдікте кәсіпкерлік басқармалары ғылым бағытына жауапты болып бекітілді.
Қуантар Алихановтың сөзінше, ғылымды дамытуда форсайттық зерттеулердің маңызы зор. Яғни Қазақстанның алдағы 5, 10, 20 жылда қай бағытта дамитынын алдын ала болжау қажет.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бес негізгі бағыт бойынша дамуына нақты тапсырма берді. Олардың қатарында жасанды интеллект, аграрлық сектор, табиғи ресурстар, адами капитал, энергетика және жер ресурстарын тиімді пайдалану бар.
Бұл бағыттар бойынша ғалымдар, кәсіпкерлер, салалық министрліктер мен жергілікті басқару органдары бірлесіп, мемлекетке қажет стратегиялық ғылыми тапсырмаларды әзірлеуі тиіс.
Қуантар Алихановтың айтуынша, бұған дейін ғалымдар өз мүмкіндігіне қарай тақырып таңдап, гранттық өтінімдер жазып келген. Енді бұл тәсілден бас тарту қажет.
«Мемлекет нақты міндет қойып, сол бағытта конкурс жариялауы керек. Дамыған елдерде дәл осылай жұмыс істейді», – дейді ол.
Қуантар Алиханов гранттық қаржыландырудың үш жылдық мерзімін тиімсіз деп санайды. Себебі көптеген ғылыми зерттеулерден үш жыл ішінде нақты өнім шығару мүмкін емес.

Сондықтан қаржыландыру мерзімін кемінде бес жылға, ал кейбір жобаларды жеті–он жылға дейін ұзарту қажет. Сонда ғана ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізіп, коммерцияландыруға жол ашылады.
Айсұлу Молдабекова бизнестің ұзақ күтпейтінін айтты. Сондықтан кезең-кезеңімен жүргізілетін зерттеулер қажет.
«Бізде фундаменталды зерттеу жасалып, кітап болып шығады да, ары қарай өндіріске енгізілмей қалады. Ал бизнеске нақты дайын өнім керек. Сол үшін циклді зерттеулер қажет», – дейді ол.
Ғылымның басты нәтижесі – қоғамға, өндіріс пен экономикаға нақты пайда әкелу. Сондықтан тақырыптар тым ауқымды емес, нақты мәселені шешуге бағытталуы тиіс.
Ғалымдарды елде ұстап қалу үшін жақсы жалақы жеткіліксіз
Бағдарламада ғылымды қаржыландыру мәселесі де кеңінен қозғалды. Қуантар Алихановтың айтуынша, дамыған елдерде ғылымға ішкі жалпы өнімнің кемінде 1 пайызы, ал кейбір елдерде 3–5 пайызы бөлінеді.
Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 0,16 пайыз ғана.
Ол ғалымдарды елде ұстап қалу үшін тек жалақы жеткіліксіз екенін айтты. Инфрақұрылым қажет. Заманауи зертханалар, қымбат қондырғылар, суперкомпьютерлерсіз әлемдік деңгейдегі нәтиже алу мүмкін емес.
Қазіргі таңда шетелде жұмыс істеп жүрген 298 қазақстандық ғалымның тек 45-і ғана елге оралған. Олардың басым бөлігі Назарбаев университетіне шоғырланған. Бұл жалақымен қатар инфрақұрылымның да шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.
«Мысалы, ДОС САРБАЗОВ өкпе обырына қатысты препарат дайындап, Назарбаев университетіндегі ірі зертхананы басқарып отыр. Ғалымдарға жағдай жасаған соң, олар өз командасымен келіп, әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізіп, Қазақстан ғылымын дамытып жатыр. Сондықтан инфрақұрылымға көңіл бөліп, уақытылы қаржыландыру жасап, ғалымдарды елде ұстап қалу қажет. Гарвардта тағылымдамадан өтіп жатқан қаншама жастарымыз бар, олар сол жақта жұмыс істеп жүр. Ертең сол жас ғалымдар шетелде қалып қоюы мүмкін», – деді Қуантар Алиханов.
Ғылымға қаржы салмай, кадрды ұстап қалу мүмкін емес
Айсұлу Молдабекованың айтуынша, ғылымда нақты нәтижеге жетіп, ғалым ретінде қалыптасу үшін кемінде он жыл қажет. Ал осы кезеңнен өткен мамандардың шетелге кетіп қалуы – ең үлкен мәселе. Оларды елде ұстап қалу үшін ұзақ мерзімді, ауқымды жобалар керек.
«Он–он бес жылын ғылымға арнаған адам кейін айына үш жүз мың теңгеге жұмыс істеуге мәжбүр. Ал шетелде дәл сондай маманға бір жарым-екі миллион теңге көлемінде жалақы ұсынады. Сондықтан шақырту түскен күні-ақ ғалымдар шетелге кетіп қалады», – дейді ол.
Оның айтуынша, ғылымға бөлінетін қаржыны үнемдеуге болмайды. Қаржы артса, жастар да шетелге кетпейді. Қазір мектеп бітірген жастардың көбі IT, банк саласын таңдайды. Себебі ол жерде жалақы жоғары. Ғылымға барғысы келетіндер аз.
«Олимпиада жеңімпазы, бірнеше тіл білетін, шетелде оқыған жас ғалым 500 мың теңге алса, банк немесе IT саласында жүрген қатарласы 1,5 миллион теңге жалақы алады. Мұндай жағдайда жастар ғылымда қалмайды», – дейді Айсұлу Молдабекова.
Ол «Болашақ» бағдарламасын да қайта қарау қажет екенін айтты. Кей елдерде стипендия тек оқуға емес, отбасына, тұратын жеріне, өмір сүруге толық жетеді. Ал бізде бір адамның өзіне әрең жетеді. Бір жобамен ғана күн көру мүмкін емес, кемінде үш-төрт жобада қатар жұмыс істеуге тура келеді.
Қуантар Алихановтың сөзінше, соңғы жылдары кадр даярлау жүйесінің сапасы біршама жақсарған. Бірақ нарыққа бейім, бәсекеге қабілетті ғалымдар әлі де аз. Жұмысқа орналасу көрсеткіші соны дәлелдейді. Ұлттық ғылым академиясында да көптеген бос орын бар, бірақ лайықты маман табу қиын. Өңірлік университеттер де дәл осы мәселені айтып отыр.
«Ғылыми институттар, жоғары оқу орындары және өндіріс арасындағы байланыс күшеюі керек. Кей жағдайда өндірістің тәжірибелі мамандарын дәріс оқуға тарту қажет», – деді ол.
Докторантура мен грант жүйесін қайта қарау қажет
Академия жанындағы аналитикалық орталық білім беру жүйесіндегі бірқатар мәселелерді зерттеп, Үкіметке нақты ұсыныстар жолдаған.
Бірінші мәселе – магистратура мен докторантураға бөлінетін қаржының төмендігі. Қаржы аз болғандықтан, университеттерге магистр мен докторант дайындау тиімсіз болып отыр.
«Екіншіден, докторантураға қабылдау жүйесін қайта қарау керек. Өйткені докторантураға түсу үшін IELTS сертификатын сұрайды. Ағылшын тілін білу қаншалықты қажет? Қазір жасанды интеллект дамыған. ChatGPT, Gemini, Google Translate-тің өзі мәтінді сапалы аударады», – деді ол.
Ғалымдар үш жылда сапалы ғылыми зерттеу жасап үлгермейді, сондықтан қорғау мерзімін де ұзарту қажет. Стипендияны арттырып, төрт жыл бойы төлеу керек. Сонымен қатар ғылыми жоба жетекшілеріне көбірек еркіндік беру қажет.
«Қазір оларға ешқандай қолдау жоқ. Тіпті алатын жалақысына шектеу қойылған. Осындай бюрократиялық шешімдер талантты ғалымдардың шетелге кетуіне және ғылымда бәсекеге қабілетті кадр даярлауға кедергі келтіріп отыр», – деді Қуантар Алиханов
Инфрақұрылымсыз мықты ғылым болмайды
Ол докторанттар беделді журналдарға мақала шығара алмай отырғанын алға тартты. Себебі ғылыми нәтижелер әлсіз. Ал нәтиже алу үшін қымбат, заманауи қондырғылар қажет.
Қазіргі гранттардың 60-70 пайызы жалақыға, тағы бір бөлігі іс-сапарға кетеді. Қондырғыларға небәрі 10-15 пайыз ғана қалады.
«Сондықтан қондырғыларға арналған инфрақұрылымды бөлек қаржыландыру қажет. Сол кезде материалдық-техникалық база күшейіп, мықты ғылыми кадрларды даярлауға мүмкіндік туады», – деді маман.
Ғылым мен өндірісті қалай жақындатамыз?
Айсұлу Молдабекованың айтуынша, ең алдымен өндірістің нақты қажеттілігін білу керек. Ғалымдар кабинетте отырып емес, өңірлерге барып, зауыттар мен кәсіпорындардың мәселесін көзбен көруі тиіс.
«Қазір біз зерттеуді жасап алып, кейін өндіріске ұсынамыз. Ал өндіріс оны қажет емес дейді. Сондықтан алдымен қажеттілікті анықтап, содан кейін ғана зерттеу жасау керек», – дейді ол.
Ал Қуантар Алиханов шетелде ғылым индустриядан озық жүретінін айтты. Ал біздің елде, керісінше, индустрия алда.
Мысалы, ірі компаниялар ғылымды басып озып кеткен. Олар ғылымға тәуелді емес. Жеке ғылыми зерттеулер жүргізіп, мықты мамандар арқылы өз алдына индустрия ретінде дамып отыр.
«Олай болмауы керек. Ғылым алда жүруі тиіс. Біз бизнеске қажет дүниені ғалымдардың алдына қойып, бірге сол бағытта жұмыс жасасақ, бұл өз жемісін береді. Себебі қазір бюджет кодексіне өзгерістер енгізіліп, әкімдіктер өңірлік ғылымды дамытуға қаржы бөле бастады», – деді ол.
Ғылым – нағыз шығармашылық орта
Айсұлу Молдабекова жастарды ғылыммен айналысуға шақырды. Оның айтуынша, ғылым – нағыз шығармашылық орта. Ғылымда бір елмен немесе бір мекемемен шектелмейсің, коллаборация кеңейеді.
«Көпшілік ғылымға барсам, кедей болам деп ойлайды. Бірақ қазір ғылымда да қаржы бар, мүмкіндік те бар. Егер нақты бизнеске қажет зерттеу жасасаң, табысқа да жетуге болады», – дейді Айсұлу Молдабекова.
«Ғалым болғысы келетін жастар алдымен өзіне қызық саланы табуы керек. Сол саладағы мәселені зерттеп, ақпарат жинағаны жөн. Кейін докторантураға түссе, бүкіл жол сол жерде жүйеленеді» – деп кеңес берді ол.
Ғылымды жоғары деңгейде дәріптеу қажет
Қуантар Алиханов бар ғылыми әлеуетті жоғалтып алмау керек екенін алға тартты. Әлемдік трендтерге сай нақты бағыттар бойынша конкурс жариялап, ғалымдарға нақты тапсырма қою қажет. Ғылыми жетістікке жеткендерді қолдау қажет.
Ғылымды қоғамға кеңінен насихаттау да маңызды. БАҚ өкілдері ғалымдарды тек мереке күндері ғана емес, ірі жобалар мен подкасттарға да жиі шақыруы керек.
«Қазақстанда жүрек трансплантациясына арналған құрылғылар, аллергияға қарсы нановакциналар жасалып жатыр. Бірақ мұны көпшілік біле бермейді. Сондықтан ғылымды ең алдымен дәріптеу қажет», – деді ол.
Биыл Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас зерттеушілер академиясы құрылды. Онда 5–11-сынып оқушыларына ғылым насихатталып, менторлық қолдау көрсетіледі.
«Еліміздің кез келген өңіріндегі ғылымға қызыққан жасқа көмектесуге дайынбыз», – дейді Қуантар Алиханов.
Ал Айсұлу Молдабекова жасанды интеллект дамыған заманда жастар ғылымда үлкен серпіліс жасай алатынына сенімді екенін айтты.
«Ғылымның нәтижесін қоғам, билік және бизнес күтіп отырса, ғылым саласы жастар талпынатын салаға айналады. Жасанды интеллект дамыған заманда кез келген жас алдыңғы қатарлы ғылымның нәтижесін көрсете алады. Себебі жасанды интеллектіні жастар аға буынға қарағанда тез меңгереді. Сондықтан мен жастарды ғылымда серпінді жобалар жасауға шақырамын», – деді ол.